$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Музей аралатып, көк туды желбіретумен патриот қалыптаспайды»: депутат жастар тәрбиесі жайлы

Ол бұл салада Корея мен Жапония тәжірибесін қарастыруды ұсынды

«Музей аралатып, көк туды желбіретумен патриот қалыптаспайды»: депутат жастар тәрбиесі жайлы

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық жастарды қолдау кеңесінің отырысында жастардың бойында патриоттықты тәрбиелеуде қай елдің идеологиясынан үлгі алу жөн екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Біз балаларды тәрбиелеуге келгенде оның әлеуметтік жағдайына, бөлмесінің қанша шаршы метр болуына, ата-анасының дауыс көтеріп ұрыспауына қатты мән беріп кеттік. Бірақ ол қоғамдағы тәрбиеге, «толық адамды» қалыптастыруға әсер етпейтінін түсіну керек. Біздің қоғамда кімдер көбірек насихатталып жатыр деген дүние бар. Телеарналар мен интернет ресурстарында бүгінгі күннің батырлары, еңбек адамдары жұлдызға айналған кезде ғана патриоттықты қалыптастыратын мемлекетке айналамыз. Біз әлі күнге дейін шоу-бизнес жұлдыздарын насихаттап, рейтингтің соңына түсіп кеткенімізді көрсетеміз. Бұл жерде Мәдениет министрлігі тарапанынан жұмыс істеулі керек», - деді Жарқынбек Амантай.

Депутаттың айтуынша, елімізде әскери-патриоттық тәрбие де ақсап тұр.

«Бала құқығы деген ұғыммен әлемнің озық тәжірибелерін алдық деген оймен, тозық тәжірибесін алғанымызды оның нәтижесінен көруге болады. Соның нәтижесінде құлағына сырға таққан, саусағы сүйріктей отан қорғаушылардың пайда болғанынан көріп отырмыз. Біз патриоттық тәрбиені музей аралатудан, тарихты қайталап айтудан ғана іздейтін сияқтымыз. Бұл кезеңнен өтуіміз керек. 700 баланы музей аралаттық деген нәтиже емес. Ол жерде еркімен, еркісіз барып жатқанын да білмейміз», - деді ол.

Депутаттың пікірінше, Корея мен Жапония елдері идеологиялық тұрғыда жастарды тәрбиелеуде озық болып отыр.

«Біз көк Туды желбіретімен ғана идеологияны қалыптастырамыз деп ойлаймыз. Корея елінде мемлекет мүддесіне, мемлекет қоржынына түсетін бір тиынын ойлайтын жастарды қандай идеология арқылы тәрбиелеп отыр? Олардың тәжірибесін біздің Ақпарат министрлігі қарастырды ма? Кезінде Алаш зиялылары Жапонияны үлгі тұтамыз деген. Біз Еуропаның сырға таққандарына еліктейміз. Осы елдердің тәжірибесін қарау керек деп ойлаймын», - деді Жарқынбек Амантай.

Серіктес жаңалықтары