$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ұрлық, алаяқтық, есірткі»: елімізде жастардың ауыр қылмыстарға баруы азаймай тұр

Прокурор жастар арасында ювеналды полиция беделінің жоқ екенін айтты 

«Ұрлық, алаяқтық, есірткі»: елімізде жастардың ауыр қылмыстарға баруы азаймай тұр
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметінен

Соңғы үш жылда кәмелеттік жасқа толмаған бес мыңға жуық бала ауыр қылмыстар жасаған. Жасөспірімдердің арасында тонау, қарақшылық шабуылдардан бөлек есірткі қылмысына баратындар да аз емес. Жазаға тартылған жастардың азаймай тұрғандығы «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің отырысында айтылды,  деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мамыр айынан бастап республикалық Жастарды қолдау кеңесінің 7 отырысы өткен.

«Кеңес отырыстарының қорытындысы бойынша Орталық мемлекеттік органдарға 133 ұсыным жолданды, қазіргі таңда оның 122 орындалып, 11 қаралып жатыр. Орындалған ұсынымдардың жауаптары чатқа жолданады. Сонымен қатар еліміздің 20 аймағында өңірлік Жастарды қолдау кеңестері қызмет атқарады. Кеңес құрамдары біліктілік талаптарына сай арнайы квота арқылы жасақталған болатын. Кестеден көріп отырғандарыңыздай, біз барлық саланы қамтуды тырыстық. Осы арқылы әр саланың проблемалары мен өзекті сұрақтарын ашық айтатын азаматтарды бір арнаға тоғыстырдық», - деді депутат.

Жыл бойы 79 аймақтық Кеңес отырысы ұйымдастырылды. Онда 195 сұрақ қарастырылып, жергілікті атқарушы органдарға 302 ұсыным берілді. Оның 166-сы іске асып, қалған 136-сы орындалып жатыр.

«Тағы да өткен жылғы Кеңес жұмысының бір қорытындысы және жеңісі деп айтсақ болады, ол-Қазақстанда вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салынуы. Кеше Парламент Мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, енді вейпті сатқаны үшін ең жоғары жаза - 50 тәулікке дейін қамауға алу; әкеліп, таратқаны үшін - 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн - 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, елімізде 300-ден астам заңсыз лото клубтың қызметі тоқтатылды. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жою операциясын өткізді. Нартай Сәрсенғалиев атағандай, адам бойындағы патриотизм оның іс-әрекетінен көрініс табады.

«Шағын Отанына» деген сүйіспеншіліктен бастау алатын патриоттық сезім кемелдену жолында сан түрлі кезеңдерден өтіп, жалпыхалықтық патриоттық санаға, еліне деген саналы сүйіспеншілікке көтеріледі. Ол – мемлекет діңгегі беріктігінің моральдық негізі және қоғам дамуының, сондай-ақ жеке тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымы мен Отанына аянбай қызмет етуге дайын болуының маңызды ресурсы. Әлеуметтік құбылыс ретінде кез келген ұлт пен мемлекеттіліктің дамуының нығайтқыш негізі. Елінің тұтастығы мен егемендігін, оның ұлттық қауіпсіздігін, тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жеке мүддесі мен ұмтылысынан әлеуметтік және мемлекеттік принциптерді жоғары қою, сондай-ақ жеке адам, қоғам өмірі мен қызметінің жоғары мәні ретінде бағаланады.  Патриотизмді қоғамдық сананың ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде жете бағаламау қоғам мен мемлекеттің әлсіреуіне әкеледі»,- деді ол.

Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова патриоттық сезімді қалыптастыру бойынша жасалған жұмыстарға тоқталды. Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тәрбие мазмұнына «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізді. Бағдарлама ұлттық, адами құндылықтарға негізделген.

«Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Баланың уақытын тиімді пайдалану, сабақтан тыс уақыттағы сыныптан тыс іс-шаралармен қамту маңызды.Қазіргі қазақстандық қоғам өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, атап айтқанда, өз бетінше шешім қабылдайтын, ынтымақтастық жасауға қабілетті, бастамашыл адамдарды тәрбиелеуге жаңа талаптар қояды. Мұндай қасиеттер балалар мен жасөспірімдерде адамгершілік мақсаттары бар қоғамдық қозғалыста қалыптасады», - деді Медетбекова.

Өз кезегінде Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан студент жастар арасындағы идеологиялық және тәрбие жұмысы, адал еңбек, отаншылдық, әлеуметтік жауапкершілік, патриотизмге бағытталған кешенді шараларды іске асырып жатқандарын айтады. Министрлік студент жастар арасында масылдықтың белең алуы, жеңіл ақша табу, банктерден несиелер алу, лудомания, қымбат заттарға орынсыз ақша жұмсау мен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік бағытында жұмыс жасап жатыр.

Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан Бас прокуратураның келтірген статистикасы жасөспірімдермен әлі де бірталай жұмыс істеу қажет екенін көрсетеді. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әлкенев соңғы 3 жылда жасөспірімдер қылмысы тұрақты өсу үрдісіне ие екенін айтты.

«3 жыл ішінде қылмыстық жауапкершілікке 4919 кәмелетке толмаған жасөспірім тартылған. Жасөспірімдер жасаған қылмыстардың негізгі түрлері-ұрлық, тонау, бұзақылық, алаяқтық, есірткі қылмысы және жыныстық қатынасқа қартысты қылмыстар. Алаяқтық пен есірткі қылмыстарын жасауда ұсталған жасөспірімдер санының айтарлықтай өсуі ерекше алаңдаушылық туғызады. Балалар қылмысының өсу себептерінің бірі «тәуекел тобындағы» кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуы және олардың сабақтан тыс уақытта бос уақытының болуы. Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың жалпы санының 48% немесе жартысы оқымағандар мен жұмыссыздарға тиесілі.Өткен жылғы талдау көрсеткендей, бұл негізінен 9-сыныптан кейін оқуын жалғастырмаған балалар.Нәтижесінде, тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандар орта мектепті бітіргеннен кейін әрі қарай немен айналысатындарын өздері таңдайды», – деді Әлкенев.

Ол атағандай, балалар қылмысының өсуіне білім беру ұйымдарының профилактикалық жұмысын дұрыс ұйымдастырмауы және ювеналды полиция ықпалының болмауы да себепкер. Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет деп санайды.

«Осыған байланысты, балалар мен жасөспірімдерді шынайы патриоттық сезімге тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру ғана емес, сыйластық, жарастық орнаған орта, кіші Отан. Отанды сүю отбасынан бастау алатындықтан, отбасынан бастап тәрбие беру,оның ішінде өзің тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, дегендей жұмыстардан бастау алатыны белгілі», - деді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» деген еді. Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес мүшелері осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыра бермек.

Серіктес жаңалықтары