$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Майқайыңдағы апатқа кипрлік миллиардер жауап бере ме: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

«Майқайың Алтын» шахтасының 100 пайыз акциясының иесі – кипрлік миллиардер    

Майқайыңдағы апатқа кипрлік миллиардер жауап бере ме: Бас прокуратура мәлімдеме жасады
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Павлодар облысындағы «Майқайың Алтын» АҚ аумағында тау-кен жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша тергеу барысы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Майқайың Алтын» АҚ шахтасының 100 пайыз акциясы кипрлік миллиардерге тиесілі. Қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы мен оның салдарынан шыңырауға құлап кеткен 4 адамның тағдыры үшін миллиардер немесе шахта басшылығы жауап бере ме?

Бас прокуратура іс бойынша мынадай мәлімдеме жасады:

«Қылмыстық істі тергеу аясында кәсіпорынның 40-тан астам қызметкерінен, сондай-ақ ЖШС басшылығынан жауап алынды. Қажетті құжаттар, бейнебақылау камераларынан жазбалар есепке алынды. Іс бойынша жолдың қирауы себептерін анықтау үшін еліміздің әр түрлі өңірлерінен тау-кен-құрылыс жұмыстары саласындағы мамандарды тарта отырып, бірқатар сараптамалар тағайындалды».

Тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзуды тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды.

«Павлодар облысы Полиция департаменті тергеу басқармасы 2024 жылғы 04 қаңтарда Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі «Майқайың Алтын» АҚ аумағында болған оқиға фактісі бойынша Қылмыстық Кодексінің 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 147 адам, 45 бірлік техника, үш кинологиялық есеп және екі ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды» , - деп хабарлады Бас прокуратура.

Тергеу ісі Бас прокуратураның жіті бақылауында. «Майқайың Алтын» шахтасының 100 пайыз акциясы кипрлік миллиардерге тиесілі. Кен орнына иелік етіп отырған «Rence Enterprises LTD» компаниясы осы уақытқа дейін 80 тонна алтын, 1 240  тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш өндіріп, аса мол табысқа кенелген. Бірақ  есепсіз байлыққа кенелген шетелдік қожайын жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Кипр Республикасына тиесілі компанияның қожайыны шахтада жұмыс істейтін адамдарға да, сол маңдағы ауылға да ешқандай жағдай жасамаған. Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы айтты. Ең өкініштісі, аталмыш аймақта бұдан да көп адамның өміріне қауіп төніп тұрғаны мәлім болды.

«Ең өкініштісі, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті, үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана. Келесі мәселе – кентте тұратын «Шанхай» шағынауданының тұрғындары алаңдап отыр. Оған себеп, шағынауданның асты да шахтаға айналып кеткен. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан», - деді депутат.

«Аталмыш факті бойынша іс жүргізу прокурорлары тағайындалды. Қазба орнынан автобустың бірнеше фрагменті мен құтқарушылардың жеке жабдықтары анықталды. Қазіргі уақытта оқиға орнына жол салу үшін топырақты шығару, геосканерлеу жүргізілуде, шағын көлемді экскаваторлар түсірілді, екі құтқарушыны іздеу жалғастырылып жатыр. Тау жыныстарының тұрақсыздығы мен шұңқыр астындағы бос жерлерге байланысты топырақтың үнемі төгілуі салдарынан іздестіру жұмысы тұралап, алға баспай тұр», - дейді Бас прокуратура.

Еске салайық, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайың Алтын» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Апат кезінде автобуста төрт адам болған. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші екені белгілі болды. Дәл сол күні қаза тапқан екі адамның денесі анықталды. Алдын ала  болжам бойынша, құлаған аумақтың ұзындығы – 150-200 метр, ені – 500 метр, тереңдігі – 150 метр.

Тақырыпқа орай: Майқайың шұңқырына құлаған екі адам әлі табылған жоқ

Алайда жоғалған екі адам әлі табылған жоқ. Шыңыраудың табанындағы шағын экскаватордың жұмыс істеуіне жоғарыдан сусыған құм кедергі болып тұр. Оның үстіне, автобус жатқан жердің асты ойық деген болжам бар. 17 қаңтар күні топырақ астынан автобустың сынған бөлшектері, оттегі баллоны, тыныс алу аппараты мен қол сөмке, ал бүгін кеншінің бас киімі табылды. Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов іздестіру жалғасып жатқанын, бірақ жағдай күрделі әрі қауіпті екенін айтты.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Аталмыш мәселе Мәжіліс депутаттарының, БАҚ-тың назарында.

Серіктес жаңалықтары