Кипр миллиардерінің әлегі: Павлодар облысында бүтін бір ауыл шахтаға құлап кетуі мүмкін
Майқайың кен орнынан шетелдік бизнесмен 80 тонна алтын алған
«Майқайың Алтын» шахтасының 100 пайыз акциясы кипрлік миллиардерге тиесілі. Кен орнына иелік етіп отырған «Rence Enterprises LTD» компаниясы осы уақытқа дейін 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш өндіріп, аса мол табысқа кенелген. Бірақ, есепсіз байлыққа кенелген шетелдік қожайын жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Кипр Республикасына тиесілі компанияның қожайыны шатхата жұмыс істейтін адамдарға да, сол маңдағы ауылға да ешқандай жағдай жасамаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Жуырда төрт адам отырған автобус кенеттен опырылған жер астына құлады. Екі адам мерт болса, қалған екі азаматтың тағдыры әлі беймәлім. Іздеу-құтқару жұмыстарының жүріп жатқанына он күннен асқанмен, автобуста, қалған екі азаматымыз да табылмады.
Бұл апатты оқиға талай мәселенің басын ашып кетті. Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы бұдан да көп адамның өміріне қауіп төніп тұрғанын айтты.
«Жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайың Алтын» акционерлік қоғамы аумағында орын алған апат қабырғамызды қайыстырды. Ең өкініштісі, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті, үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана. Келесі мәселе - кентте тұратын «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары алаңдап отыр. Оған себеп, шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан», - деген депутат өзгеде өзекті мәселені көтерді.
Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Алтын» кенішінде мыңнан астам жергілікті тұрғын еңбек етеді. Деректерге сенсек, «Майқайың Алтын» кенінде кәсіпорын құрылған уақыттан бері 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген.
«Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Енді осы Акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан «Rence Enterprises LTD» компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадалауға алады?», - деп сауал тастады Жарқынбек Амантайұлы.
Осы мәселеге байланысты комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру, аталмыш аймақтағы барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтау, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау ұсынылды. Шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру қажет деп санайды депутат.
«Еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға Заң жүзінде қатаң шаралар қолданылып ескерту жасалуы қажет. Орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға прокуратура әділетті бағасын беруі қажет», - деді депутат.
Айта кетейік, «Майқайың Алтын» кен орнының аумағында опырылған жерден адамдардың жұмыс құжаттары мен автобустың шанақ бөлшегі табылды. Павлодар облысырың әкімі Асайын Байхановтың хабарлауынша, автобустың болжамды орналасқан жеріне арнайы техниканың кіруі үшін өткелді тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін барлығы 200 мың тоннадан астам топырақ пен тау жыныстары шығарылған.
«16 қаңтарда сағат 14.45-те «Майқайың Алтын» АҚ аумағындағы опырылған шұңқырдың түбіне шағын көлемді экскаватор түсірілді. Жұмыстар асқан сақтықпен және шұңқырдың бүйір қабырғаларының құлау қаупінің сақталуына байланысты барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізілуде. Жұмыстарды жүргізу кезінде жұмыс құжаттары және жол-сапар журналы бар құтқарушылардың сөмкесі, сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлшегі табылды. Іздестіру жалғасуда. Автобустың болжамды орналасқан жеріне дейінгі топырақты қазып алу міндеті қойылған шағын экскаватордың жұмысы аяқталғаннан кейін мамандар оны жоғары көтеру жұмыстарын бастайды. Біз бұл жұмыстарды бүгін және ертең аяқтаймыз деп үміттенеміз», - деп жазды өңір басшысы желідегі парақшасында.
Іздестіру жұмыстарына барлығы 141 адам, 50 бірлік техника, 1 кинологиялық есеп және 2 бірлік дрон жұмылдырылған.
Алдын ала болжам бойынша опырылған жердің ұзындығы 150-200 метр, ені 500 метр, тереңдігі 150 метр. Автобуста төрт адам болған, олардың екеуі 4 қаңтарда түстен кейін табылды. Іздеу жұмыстарына 134 адам, 37 машина, үш кинологиялық есеп және екі дрон жұмылдырылды.