Атбасардағы сотталушыны ұрып-соғу: ҚАЖК төрағасы түсініктеме берді
ҚАЖК өкілдерінің жазбаны мұқият қарап шыққаны және сотталған адамның белсенді қарсылық көрсетпегені айтылды
ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов 8 қыркүйекте өткен дөңгелек үстелде Ақмола облысы ҚАЖД басшылығы Атбасар колониясында жазасын өтеушіні ұрып-соғу оқиғасынан кейін жұмыстан шығарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Жанат Ешмағамбетов дөңгелек үстел отырысында бұл оқиғаны төтенше жағдай деп атап, түзеу мекемесінің қызметкерлері өкілеттіктерін асыра пайдаланғанын айтты.
«Біз бұл жазбаларды желіде көргенде, бірден іске араластық. Менің бірінші орынбасарым сол жерге кетті. Біз қызметтік тергеу жүргіздік, материалдарды жеке қауіпсіздік басқармасы арқылы прокурорға бердік. Қатысқандардың барлығы 11 адам, олардың тоғызы бірден жұмыстан шығарылады, екеуі ауруханада, бірақ ауруханадан шыққан кезде де жұмыстан шығарылады. Сондай-ақ, осы мекеменің бастығы мен бастығының орынбасары қызметтен босатылды. Облыстық ҚАЖД бастығы қызметінен босатылуға ұсынылды, бүгін оның орынбасары босатылды», - деді Жанат Ешмағамбетов.
Ол ҚАЖК өкілдері жазбаны мұқият қарап шыққанын және сотталған адам белсенді қарсылық көрсетпегенін, алайда колония қызметкерлері өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген қорытындыға келгенін атап өтті.
«Шағымдар болды, Заңды талаптардың орындалмауы болды. Мұндай жағдайларда арнайы құралдар қолданылмайды. Біздің ойымызша, сотталушының тәртіпке бағынбау әрекетін видеоға жазып, хаттама ресімдеу және тәртіптік изоляторға қамау туралы қаулы шығару қажет еді», - деп түсіндірді ҚАЖК басшысы.
Оның айтуынша, қылмыстық-атқару кодексінде «әрбір сотталған адам аптасына екі сағат колония аумағында абаттандыру жұмыстарын тегін орындауы, соның ішінде үй-жайларды бояумен және жөндеумен айналысуы тиіс» деген тармақ бар. Бұл жуыну жән дәретхана бөлмелеріне де қатысты. Жұмыстан бас тартқан жағдайда сотталушы тәртіпті қасақана бұзу бойынша изоляторға қамауға алынады. Жазасын өтеушілер нақты қандай жұмысты атқаратындарын таңдай алмайды.
Бұған дейін Ақмола облысында колониядағы сотталушыны азаптау дерегіне қатысты тергеу нәтижесінде 14 қызметкер қызметінен босатылған болатын.
Әлеуметтік желіде әскери киім киген жеті адамның түрмедегі сотталушыны дәретхана жуудан бас тартқаны үшін жабыла соққыға жығып, азаптау әдістерін қолданған видеосы тараған еді. Сондай-ақ Ақмола облысында сотталғандарға қатысты күш қолдану дерегі бойынша прокуратура сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын.