$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.03.2020, 01:07
Қоғам

Нұр-Сұлтанда көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылып жатыр

Атаулы көмек карантин біткенше жалғасады

Коронавирус пандемиясына байланысты карантинге жабылған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларына «Nur Otan» партиясы 19-шы наурыздан бастап тегін азық-түлік пен химиялық тауарлар, антисептик пен маскалар таратып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Біз қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы «Магнум» сауда желісіндегі қоймада тұрмыз. Қазір тізімде 1700 отбасы бар. Олардың ішінде көпбалалы әлжуаз отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, бір баласы бар толық емес, сондай-ақ, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Сонымен қатар жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер толықтай қамтылып жатыр. Жалпы, Нұр-Сұлтанда осындай көмекке мұқтаж 5 мыңнан астам отбасы бар»,- деді «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев.

Азық-түлік қорабында күріш, макарон, сұйық май, қарақұмық, тұз, қант, печенье бар. Ал химиялық тауарларда сабын, антисептикалық құралдар мен бірнеше рет пайдалануға болатын медициналық респираторлы маска, қағаз сүлгі, сулы майлық, қол жуатын сабынның оннан аса данасы жинақталған.

Азық-түліктер мен химиялық тауарларды еріктілер тобы өз көліктерімен тегін жеткізіп жатыр. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласы мешіттерінің қызметкерлері, сондай-ақ, «Jas Otan» жастар қанатының жастары бар. Аталған көмек карантин аяқталғанға дейін жалғасады.

Айта кететіні, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғыз басты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 млн теңге бағытталған болатын.

Серіктес жаңалықтары