«Қара көзілдірік тағып алған»: Астанада ер адам мектепте оқитын қыз баланы үйіне дейін аңдыған
Ол аулалардың бірінде жүрген тағы бір қыз баланы аңдыған
Астана қаласының тұрғыны мектепте оқитын қызын сабағынан шыққан соң үйіне дейін белгісіз ер адам аңдығанын айтып, желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін қызым мектептен шыққаннан кейін қара көзілдірік таққан ер адам соңынан аңдығанын айтты. Өзі мінген автобусқа артынан кірген. Бірге соңынан шыққан. Оны көрген қызым қаша жөнелген, ол ер адам соңынан қуған. Соңында үйдің кіреберісіне жүгіріп кіріп, есігін жауып үлгерген. Арада аздаған уақыт өткеннен кейін қызым ол ер адамды ауладан көріп қалыпты. Ол аулада ойнап жүрген басқа бір қыздың ізінен аңдыған көрінеді. Қызым қатты қорқып қалған, енді үйден шықпайды», – дейді желі қолданушысы.
Ол сөзін жалғай отырып, ата-аналарға балаларына бас-көз болу керектігін нықтап тұрып, жеткізді.
«Мынау сұмдық! Енді қызымды өзім ғана алып баратын боламын», – деп жазды Астана тұрғыны.
Бұл оқиға Астана қаласы Полиция департаментінің назарынан тыс қалған жоқ.
«Бұл оқиға бойынша ер адамды анықтауға бағытталған іс-шара жүріп жатыр. Оның кім екені анықталғаннан кейін заң бойынша тиісті шаралар қабылданады», – деп жазды Полиция департаменті.
Тәртіп сақшылары кез келген оқиға бойынша «102» нөміріне жедел хабарлау керектігін ескертті.