$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.10.2019, 17:12
Қоғам

Алматыда 3 млн теңгеге пәтер жалдайтын байлар азайған

Дегенмен, ірі қалаларда пәтерлерін қымбат бағаға жалға беретіндер жеткілікті

Алматыда 3 млн теңгеге пәтер жалдайтын байлар азайған
Фото: ашық дереккөзден

Жылжымайтын мүлік нарығында еңбек етіп жүрген делдалдар ай сайын құны 1-3 млн теңге аралығындағы баспаналарды жалға беруге сұраныстың бұрынғыдай жоғары емес екенін айтады. Ал «Krisha.kz» басылымындағы қымбат баға белгілеп, жалға берілетін пәтерлер мен жеке үйлер туралы хабарландырулардан көз сүрінеді.

2,5 млн-ға жалға берілетін үйлердің ерекшелігі

Бағасы аспандап тұрған сәнді апартаменттер Алматыдағы Медеу және Бостандық аудандарында орналасқан. «Krisha.kz» басылымындағы «жалдау» бөліміне кіріп, бір айлық жалға алу құны 1-3 млн теңге аралығындағы жарнамаларға көз жүгіртіп, іздеу бойынша 122 пәтерді шығарып берді. Олардың көлемі 4-7 бөлме аралығында, ал аумағы 100-ден басталып 500 шаршы метрге дейін жетеді.

Мәселен, жоғарыдағы фотода көрсетілген Алматыдағы 7 бөлмелі пәтердің ай сайынғы төлемі 2,5 млн тг. Медеу ауданы «Әлем» тұрғын үй кешеніндегі пәтер 2010 жылы пайдалануға берілген. Монолиттен салынған үй Іле Алатауы етегіндегі «Медеу», «Шымбұлақ» демалыс аймағына баратын жолдың бойында, «Люксор» фитнес кешенінің маңында орналасқан. Жеті бөлмелі, бірнеше жуынатын бөлмесі бар пәтерді бір айға жалдаған адам табиғаты тамылжыған, ағашы мол экологиялық таза ауданда, дәулеттілер тұратын елді мекенде өмір сүреді.

Ал аумағы 230 м² пентхауста тұру айына 2,3 млн тг, 7 қабатта орналасқан. Паркет, мәрмәр тас, италиялық технологиямен жасалған құрама жиһаз, терезеге нано торшалар қойылған, пәтердің іші толықтай бейнебақылаумен қамтылған. Терезеден таудың әдемі көрінісі анық көрінеді деп жазылған.

Tau-House тұрғын үй кешенінде орналасқан 5 бөлмелі пәтерді бір айға жалға алу құны 2,2 млн теңге. Құрылысы 2017 жылы біткен монолит үйдің соңғы қабатында орналасқан пентхаустың ас бөлмесі студия, авторлық дизайнмен жасалған, мрамормен көмкерілген, жиһаздар Италиядан алдырылған. Сантехникасы Villeroy & Boch, Hansgrohe. Бұл пәтерді иесі лайықты тұтынушы кездессе, ұзақ уақытқа жалға береді.

Миллиондарға пәтер жалдайтын кімдер?

«Krisha.kz» жылжымайтын мүлік порталында Олжас Еспаев деген атпен хабарландыру жариялайтын азамат элиталық пәтерлерге сұраныстың қашан да жоғары болатынын айтады. Оның қызметіне қазақстандық азаматтардан бөлек шетелдіктер де жүгінетін көрінеді.

«Әрине өтеді. Сұрап, хабарласатындар арасында шетелдіктер де, қазақстандықтар да баршылық. Негізінен ішкі интерьері, жөндеу жұмыстарына байланысты баға белгіленеді. Қызметім үшін қанша табыс, оның құнының қанша пайызын алатынымды айта алмаймын. Бай адамдар болған, қазір де байлар бар, ешқайда кетпейді олар. Алматыда Медеу мен Бостандық ауданында, осы  екі ауданда жалға беру құны жоғары»,- дейді риэлторлық кеңсе қызметкері

Элиталық пәтерлерді жалға берумен айналысатын мекеменің тағы бір өкілі Баян Жан төменгі бағадағы жылжымайтын мүліктерді саудалаудан бөлек, қымбат баспаналарға клиенттер тауып берумен айналысады екен. Алматыда жалға беру құны ай сайын 3 млн. теңге болатын пәтерлер де кездескен. Ол қазір элиталық үйлерде уақытша тұруға деген сұраныс кемігенін айтады. Элиталық үйлерді жалға беру риэлторлар үшін де тиімді, олар қызметі үшін бір айлық жалға беру құнының шамамен 30-50 пайызын алдын ала алып қалатынын айтады.   

«Өтсе өтті, өтпесе тұрады. Бұл спецификалық нұсқалар. Нарықта мұндай пәтерлерді бұрын жылына 2,3 рет өткізетінбіз. Қазір ондай көп емес. Мен қазір 2 миллиондық бір пәтерді қойып қойдым. Бірақ хабарласып жатқан ешкім жоқ. Мұндай пәтерлерді негізінен шетелдіктер, үйлерін сатып жіберіп, уақытша тұратын кейбір байлар, екі-үш жылға келісім шартпен келгендерге компаниялар төлеп береді. Мысалы қалада 150 шаршы метрдің өзін 500-600 мың теңгеге бағалайды. Мен берген пәтер аумағы 500 шаршы метр. Оның жөндеуі, жиһазы өзіне сай. Сол үшін қымбатқа түседі»,- дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің иесі.

Алматыда пәтерді немесе жеке үйді жалға алу құнын «Krisha.kz» сайтындағы мәліметтерден түзіп шығуға болады.

Ал жоғарыда біз саралаған апартаменттер мен қымбат тұрғын үйлер кешеніндегі жалға берудің орташа құны  айына 1 млн теңге.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

 

Серіктес жаңалықтары