Ақтөбеде сәби күтіп жүрген 20 жастағы келіншек емханада мерт болды
Марқұмның жақындары дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды
Медициналық орталыққа өз аяғымен келген Гүлдана Нұрмағанбетованың екі сағаттан кейін денесі шығарылған. Марқұм «Әлия» әйелдер клиникасында сегіз айдан бері емделіп, сәби күтіп жүрген. Қайғылы оқиға кеше тіркелді. Марқұмның жолдасы дәрігерлердің келіншегі неден қаза болғанын нақты білмей отырғанын айтады.
«Әйелім келесі айда 21 жасқа толатын еді. Үйленгенімізге бар болғаны 1,5 жыл. Балалы болуды армандадық. Келіншегім сегіз ай бойы «Әлия» клиникасына қаралып жүрді. Ақтөбедегі ең жақсы, ең қымбат әрі сенімді деп таңдадық. Емге ақша аяған жоқпыз. Жатырына салқын тиген екен, трубкасын тазалау процесінде еді. Сол күні бірінші сол жақ жамбасына дәрі екті. Аллергиясы бар ма, жоқ па бізбен ақылдасқан жоқ. Жамбасына дәрі салғаннан кейін ол дәлізде аяғын сілтіп басып жүрді. Оны ішіндегі камерадан көруге болады. Кейін оны ішке алып кетті. Бес минуттан кейін әйелім қатты шыңғырып жіберді. Оның даусын емханадағы адамның бәрі естіді. Төрт рет шыңғырды. Даусы сондай аянышты болды, жан алып жатқандай... Дәрігерлер тоқтаған жоқ. Соңында әйелім әлсіреп, құлап есін жоғатқан. Оның құлағанын естідім, бірақ мені ішке кіргізген жоқ. Бір дәрігер препаратқа аллергия бергенін, екіншісі жүрегі ұстап қалғанын айтты», - дейді марқұмның жолдасы Айдос Нұрмағанбетов.
Дәрігерлер Айдосқа әйелінің өлімін екі сағаттан кейін ғана хабарлаған. Қазір денсаулық сақтау және құқық қорғау орындарының мамандары комиссиялық тексеріс жүргізіп жатыр.
«Алдын ала болжам бойынша, анафилактикалық шок болған дәріден шок алуы мүмкін. Марқұм осыған дейін біздің орталықта ем алып жүрді. Осыған дейін аллергиялық реакция берген жоқ», - дейді «Әлия» медициналық орталығының директоры Әлия Шангараева.
Марқұмның жақындары дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды.
«Мен түсінбеймін, Қазақстандағы демографияны айтамыз, халық санын қалай көбейтеміз?! Өз аяғымен дәрігердің алдына барған сау адам бір сәтте көз алдымызда мерт болып кетті. Алланың жазғаны шығар. Бірақ бұл жерде дәрігерлердің кінәсі бар деп білемін. Әйелімнің ата-анасының көзіне қалай қарарымды білмеймін. Менің талабым - осы істі жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылсын. Сотқа арыз түсіремін», - дейді марқұмның жолдасы.
Қазіргі күні мәйітке экспертиза жасалып жатыр.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе