Обырды жеңгендер көп, бірақ олар елге айтудан қорқады – бас онколог
Бүгін Нұр-Сұлтанда Бүкіләлемдік онкология көшбасшыларының саммиті басталды
Үш күнге созылатын шараның алғашқы отырысында сөз сөйлеген ҚР ДСМ Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Диляра Қайдарова халықты обырдан емделуден қорықпауға шақырды.
«Қазақстанда қатерлі ісікті емдейтін құрал да, қаржы да, мамандар да бар. Тек адамдар үнемі тексеріліп, қатерлі ісіктің алғашқы сатысында қаралса болғаны», - дейді Қазақстандағы бас онколог.
Оның айтуынша, халық қатерлі ісік көбейді деген статистиканы оқыған сайын шошып, бұл туралы жақ ашпауға тырысады.
«Бірақ, бұл ауруды емдеудің орнына, оны ушықтырып жіберетін амалдардың бірі. Жазылған пациенттер келіп, рахметін айтып жатады. Бірақ, «мен ракты жеңдім» деп елге айтудан қорқады. Қазақтар «жаман ауру» деп, атын атамауға тырысады. Керісінше, рак емделетін ауру екенін, оны қаншалықты ерте анықтап, тез емдеуге кіріссе, өмірін ұзартып қана қоймау, құлан таза айығуға болатынын айтпайды», - дейді маман.
Диляра Қайдарова қатерлі ісік адамның қай органында пайда болса да, алғашқы 1-2 сатысында мүлде ауру сипаты болмайтынын айтты.
«Рак симптомсыз ауру. Қазір қазақстандықтар арасында бауырында ісік бар адамдардың 90 пайызы, өкпе рагы бар адамдардың 70 пайызы ауруы әбден асқынған кезде ғана келеді. Олардың өмірін ұзартуға болатын шығар, бірақ таза емдеп шығу мүмкін емес. Сондықтан, халыққа айтарым, скринингтен өтіп, әйелдер кеуде обыры мен жатыр обырын, басқа адамдар бауыр, өкпе обырын ерте анықтап, емдетуге тырысуы керек», - дейді маман.
Бас онкологтың айтуынша, қазір Қазақстанда 179 397 адам онкологиялық есепте тұр.
«Бірақ, олардың жартысы, яғни, 52 пайызы жазылған, бірақ он жыл уақыт ішінде ремиссия кезеңінде тізімде тұрады. Осы 180 мың адамның ішінде жыл сайын 15 мың адам қайтыс болды», - дейді ол.
Оқи отырыңыз: YouTube-тегі «халық емшілері»: Қазақстанда жалған видеолармен күресетін маман жоқ
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан