YouTube-тегі «халық емшілері»: Қазақстанда жалған видеолармен күресетін маман жоқ
Әлеуметтік желілерде әртүрлі ем-дом ұсынып отырғандар онкологиялық ауруға шалдыққандарды дәстүрлі медицинаға жүгінуден алыстатып отыр
Қазір интернетке қолы жеткен адамдардың дені видео материалдарға жүгінеді. Ал, видео өнімдердің отаны YouTube желісі. Ол жерден YouTube әкімшілігі рұқсат еткен кез келген тақырыптағы контентті көре аласыз. Бірақ сол өнімдердің бәрі пайдалы ма?
Жақында BBC порталы YouTube желісінде қатерлі ісікке қарсы «халық емдері» туралы сенімсіз видеолар көбейіп кеткені туралы мақала шығарды. Мақаланың қысқаша мазмұнына тоқталсақ, BBC журналистері соңғы кездері науқастарды адастыратын видеолармен күресу қиындап кеткенін айтып, дабыл қақты. Себебі, YouTube-те ағылшынша контентке шектеу қойылғанымен, басқа тілдегі видеороликтер өшірілмейді.
BBC журналистері арнайы мониторинг жүргізіп, түрлі аурулардың ем-домы жайлы жалған мәліметке толы 10 тілде 80-нен астам видео тапқан. Ол өнімдердің көбінде қатерлі ісіктен айығу жолдарына қатысты кеңес беріледі. Мұндай мазмұндағы видеолар қазақстандық сегментте де жоқ емес. «Азаттық рухы» тілшісі обыр дертіне «шипа» болатын ас содасы, куркума шөбі туралы орыс тілінде шыққан видеолардан бөлек, қазақ тілінде де «халық емдері» қаптап кеткенін анықтады. Олардың өнімдерін Ұлттық ғылыми онкология орталығы мамандарына көрсетіп, олардың YouTube-гі «дәрігерлер» туралы пікірлерін білді.
ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАРДЫҢ ЕМ-ДОМЫНА СЕНБЕЙТІН ЕМШІ
Қызылордалық Кенжебай Тоғызбайұлы атты емші «YouTube» желісінде 2015 жылы қараша айында каналын ашқан. Қазіргі уақытта 14 мың жазылушысы бар, жүктеген 44 видеосы 1 млн-ға жуық қаралым жинап үлгерген. Мәселен, Фарида есімді азаматша «Обырмен ауырған науқастың емделген кезеңі» деп аталатын видеоларда Кенжебай Тоғызбайұлының арқасында сауығып келе жатқанын баяндайды. Алайда, Фарида ханымға телефон арқалы хабарласқанымызда, ол қатерлі ісікпен емес, бауыр циррозымен ауырғанын айтты. Кенжебай Тоғызбайұлы обыр дертіне қарсы халық емін қолданатын көрінеді. Дегенмен, онкологиялық ауруларды емдеуге арнайы рұқсаты жоқ екен.
ФОТО: Науқас Кенжебай Тоғызбайұлының емі туралы айтып тұр
«Қазақтың нүктелі жүйелі емі» деген тәсіл бар. Тамырды жүйеге келтіріп, түйіндерді тарқату арқылы барлық мүшені жазуға болады. Рактың барлық түрін емдеймін. Ісіктің 2-3 кезеңінде де қабылдай беремін», - дейді ол.
«Халық емшілерінің анықтамалығы» сайты Кенжебай Тоғызбаевты 1950 жылы туған, мамандығы инженер-механик деп көрсеткен. Сонымен бірге, «қасиеті тектен дарыған халық емшісі», биоэнерготерапевт, мануальды терапевт, уқалаушы екені де жазылған. Науқастарды арақашықтықтан да емдейді деген ақпарат бар. Емшілікпен 30 жылдан бері айналысады. Өз басы онкологиялық орталықтардың ем тәсілдеріне де сенбейді екен.
ФОТО: «Халық емшілерінің анықтамалығындағы» Емші Кенжебай туралы ақпарат
Бұдан бөлек – YouTube-те түйенің зәрі қатерлі ісікке ем болатынын айтқан видеолар көп тараған. Республикалық телеарналар да ойсылқара зәрін ұсынған орталықтар мен одан ем іздеген науқастар туралы бірнеше материалдар жүктепті. Мұның бірі – өз «қасиетіне» бек сенімді емші Өтеміс Маханов жайлы.
«Адамдар Ресейден, Өскемен және Семейден келеді. Бәрі жазылды. Рак, бауыр ауруларының өзін емдейміз», - дейді Маханов.
ФОТО: Өтеміс Маханов республикалық арналардың бірінде түйе зәрінің «пайдасы» туралы айтып отыр
Бірақ материалда екінші тараптың, яғни кәсіби дәрігерлердің пікірі мүлде ескерілмеген.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар арасында Қытайдың «ТяньШи» трансұлттық желілік маркетинг компаниясының өнімдері де кеңінен танымал. Оның түрлі дәрілік шөптерден жасалған препараттарын сатушылар обырды жеңеді деп ұсынады. YouTube -тегі өз арнасына Жанар Құсбармақова есімді қолданушы «ТяньШи» өнімдері арқасында қатерлі ісіктен емделген адамдардың пікірлерінен жинақталған видеоны жүктеген. Канал иесіне хабарласқан едік, ол науқастарға кеңес беруге әзір екенін айтты.
«Онкологиялық дертке ұшырағандар «ТяньШи кальциі» мен «Тяньши Холикан» қоспаларын тұтынуы керек. Егер ауырған адам хабарласса, емнің базалық бағдарламасын ұсынуға дайынмын» - дейді YouTube қолданушысы.
КӘСІБИ МАМАНДАРДЫҢ ПІКІРІ: «ҚАЖЕТСІЗ ЖӘНЕ ҚАУІПТІ»
Онкологиялық дертке қарсы халық емдері туралы YouTube-те орналастырылған видеоларды Ұлттық ғылыми онкология орталығы мамандарына көрсеттік. Орталық мамандары барлық видеолардағы ақпарат шындыққа жанаспайтынын, ғылыми дәлелденбеген құрғақ сөздер екенін мәлімдеді. Онкогемотология және сүйек кемігі трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі Айзат Сүлейменова қатерлі ауруларды халықтық әдістермен емдеудің ғылыми әдебиеттерде «қажетсіз және қауіпті» деп танылғанын айтты.
ФОТО: Айзат Сүлейменова тек кәсіби дәрігерге жүгінуге шақырады
«Онкологиялық ауруларды емдеудің барлық жолдары ғылыми зерттеулермен ғана дәлелденеді. Рактан емделу үшін гомеопатияны, шөптерді қолданатындардың өлу ықтималдылығы дәстүрлі медицинаға жүгінетіндерден екі есе жоғары», - дейді дәрігер.
Дәрігер Сүлейменова «халық емшілері» ұсынатын шөптерді, ас содасын тұтынатындар мен басқа да дәстүрлі емес емге жүгінгендердің асқорыту жүйесі, әсіресе, токсикалық гепатитке шалдығып, қанда күрделі өзгерістер де болатынын айтады. Бұл жағдай дәрігерлерге науқас үшін химиялық терапия жүргізуге кедергі келтіреді. Себебі, ішкі мүшелеріне бұған дейін уытты зат әсер еткен ағзаны химиялық терапиямен емдеу өте қиын.
«КЕРІСІНШЕ ДЕРТІН АСҚЫНДЫРЫП АЛАДЫ»
Онколог мәліметінше, «ТяньШи» өнімдерінің де қатерлі ауруларды емдеуге көмектесетіні ғылыми дәлелденбеген. Компания ұсынатын заттар дәрі емес, биологиялық активті қоспалар ғана. Мұндай қоспалар онкологиялық дертті, керісінше, қоздырып жібереді екен.
«Онкологиялық аурулар ағзаның иммундық жүйесіндегі қандай да бір ақаудан пайда болады. Өзі жұмысы әлсіреген иммуннитетті агрессиялық жолдармен қайта белсендіру кезінде қатерлі ісік клеткалары да күшейіп кетуі мүмкін. Яғни, биологиялық активті қоспалар ауруды қоздырып жібереді», - дейді маман.
Ал түйе зәріне байланысты:
«Зәр дегеніміз – құрамында қалдықтары бар биологиялық зат. Ағзаға қажеті жоқ дүниелер осы зәр арқылы шығады. Сондықтан оның пайдасы туралы айтудың өзі ақылға қонымсыз», - деп қысқа әрі нақты жауап берді.
Бүгінде халық медицинасына әбден иланғандар кәсіби дәрігерлердің кеңесіне күдікпен, елеусіз қарайды екен. Нәтижесінде, мұндай науқастың жағдайы күн өткен сайын нашарлай береді. Дәрігерге сенсек, қазір қасиетті жерлерді аралап, «тәуіпке» көрініп, емшіге барып шипа таппай, соңында онкологиялық орталыққа ауруы асқынып келетіндер өте көп. Өкінішке қарай, еліміздегі кәсіби онкологиялық орталықтар ем түрлеріне қатысты жалған ақпаратпен ешқандай күрес жүргізбейді. Тек мекеме психологтары ауруханаға да, «халықтық емге» де қатар жүгінетіндермен әңгімелесу өткізіп тұрады. Бірақ біз интернеттегі видеолар мен ақпараттарды көрсеткеннен кейін, орталық мамандары бұл мәселеге байланысты қандай да бір шара қабылдау жөнінде ойланатындарын айтты.
ДӘСТҮРЛІ МЕДИЦИНАҒА СЕНБЕЙТІНДЕР
Онкологиялық орталықтың психологтары адамдар аурудан емделетін кезде бәрінен бұрын өз туыстарының, араласатын ортасының пікіріне қатты мән беретінін айтады. Оған кісінің темпераменті, жынысы, жасы, кәсіби бағыты әсерін тигізеді.
Ал келесі типтегі адамдар әр түрлі деңгейде дәстүрлі медицинаға сенімсізікпен қарайды:
Беймаза тип – ауырғанда өзін тым мазасыз ұстайды, күмәншіл келеді, емнің сәтті өтетініне сене бермейді, сондықтан жаңа «беделді емші» іздейді.
Эйфориялық тип – ауруды қабылдағысы келмейді, тексеру мен ем-дом шараларына жеңіл қарайды.
Меланхолиялық тип – емге мүлдем сенбейді.
Паранойялды тип – дәрігер мен ем-шараларға, дәрігерлерге және олардың әрекеттеріне аса күмәнмен қарайды.
Бірақ психолог қандай жолмен емделсе де науқастың ішкі эмоциялық күйі маңызды рөл атқаратынын жоққа шығармайды. Сенім науқасқа күш беріп, аурумен күресуге көмектеседі. Және психолог кәсіби дәрігерге толық сенім арту көп жағдайда оңай емес дейді. Кім сене білсе, емшара кездерінде қарсылық көрсетпесе, емделу процесі пайдалы болмақ.
YOUTUBE ВИДЕОЛАРДЫ ҚАЛАЙ СҰРЫПТАЙДЫ?
Жоғарыда айтқанымыздай, шындыққа жанаспайтын ем-дом жолдары туралы ағылшын тіліндегі бейнелер ғана өшіріліп отырады. Ал басқа тілдегі контенттерге қатысты қандай шара қабылданатынын сұрап YouTube-ке хат жолдап едік, жауап ала алмадық. Қазақстанда видеохостингтер контенімен белсенді айналысып жүрген SMM маманы Жанасыл Болатбек YouTube-тен бейне негізінен үш жағдайда өшірілетінін айтады. Біріншіден, видеоға қолданылған музыка мен логотипте авторлық құқық жоқ болса, ол тексерістен кейін автоматты түрде жойылады. Екіншіден, сенің видеоңды басқа біреу рұқсатсыз көшіріп салса, шағым түсіріп өшіртуге болады. Үшіншіден, кәмелетке толмаған балаларға қатысты қатыгез, ұятсыз көріністері бар, денсаулыққа кері тигізетін заттар жайлы видеоларды YouTube өзі сұрыптап отырады.
Сондай-ақ, жақында YouTubе-тың қазақ тіліндегі контенттерді ақылы жарнамалауға шектеу қойғаны белгілі болды. Яғни, сіз YouTubе-қа ақша төлеу арқылы арнаңыздағы көрілім мен жазылушылар санын арттыра алмайсыз. Мұны компания өкілдері «жалған және араздық қоздыратын» материалдарды тексеретін қазақ тіліндегі маман жоқтығымен түсіндірген. Халық саны аз аймақтарда желідегі контенттерді сұрыптайтын қызметкер жалдауға ешкім құқылы емес. Бұл дегеніңіз – қазіргі уақытта YouTubе қазақша шығатын видеолардың мазмұнын мүлде тексеріп жатқан жоқ деген сөз.
Қолымыздан бар келетіні – YouTube-те тараған кез келген зиянды контентті кездестіргенде, «дизлайк» басып, шағым түсіру. Себебі, кей жағдайда «дизлайктар» саны «лайктан» көп болса, видео өшіріледі. YouTube видеоға жазылған жағымсыз пікірлерді де сұрыптайды. Егер желідегі «халық емі» деп тарап жатқан видеолар расымен қауіпті болса, дәстүрлі медицина өкілдері де YouTube желісінде барынша белсенді болып, влог жүргізу қажеттігі туындап отыр.
ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША АДАМ ҚАТЕРЛІ ІСІКПЕН АУЫРАДЫ?
Ұлттық ғылыми онкология орталығының мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 181 202 адам онкологиялық дертке шалдыққан. Олардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2017 жылы қатерлі ісік диагнозы қойылған 171 183 адамда болған. Бірақ медицинаның дамуы арқасында өлім саны азайыпты. Рактан көз жұмғандар саны 2017 жылы – 14812 болса, 2018 жылы бұл статистика 443-ге дейін кеміген.
ФОТО: Ұлттық ғылыми онкология орталығы
«Диагностиканың заманауи әдістерінің көмегімен онкологиялық ауруларды алғашқы кезеңдерінде анықтауға мүмкіндік туды. Өлім саны емдеудің де иммуннотерапия, химиятерапия сияқты жолдарының арқасында азаюда», - дейді орталықтың онкогемотология және сүйек кемігі трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі Айзат Сүлейменова.
Айтпақшы, қазір Нұр-Сұлтанда тағы бір ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Ол жерге қатерлі ісікті емдеудің ең озық технологиялары қолданылып, өлім санын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Ал дәрігерлер өлім ықтималдылығын азайту үшін халық арасындағы емшілер мен пайдасы дәлелденбеген шөптерге сеніп, уақытты өткізіп алмай кәсіби мамандарға көрінуге шақырады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан