Үрей мен үміт: Петропавлда 230 отбасы апатты үйлерде тұрып жатыр

Петропавлда 230-дан астам отбасы апатты үйлерде күнелтіп келеді. Олар қалалық әкімдік кезегіне тұрғанымен еш нәтиже жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Үрей мен үміт: Петропавлда 230 отбасы апатты үйлерде тұрып жатыр

Индустриалды қысқа көшесінде орналасқан 7-ші үй тұрғындарының көрген күнін айтып жеткізу қиын. Сегіз пәтерлік үйден шамасы келгендер көшіп кеткен. Басқа барар жер, басар тауы жоқ 6 отбасы бірнеше жыл бұрын апатты деп танылған баспанада тұрып жатыр. 1957 жылы салынған үйдің қай күні қабырғасы құлап, шатыры опырылып түсері белгісіз дейді жанын шүберекке түйген тұрғындар.

«Пәтерде жөндеу жұмыстарын жасаған болдық. Өйткені жуық арада бізге баспана берілмейтінін ұқтым. Ішін ретке келтіргенімізбен, сырты адам шошырлық. Үйдің қабырғалары қаусап тұр. Жаңбыр болса, подъезде су ағады. Дәретхана, ванна үйде атымен жоқ. Барлық қауіпсіздік талаптарына сай келмесе де, пеш жағамыз. Тұрғындар ауызсуды даладағы құдықтан тасып ішеді. Орталықтандырылған жылыту жүйесі де жоқ. Мен осы үйде тұрып жатқаныма 20 жылдан асты. Бір кездері су да, жылу да болды. Тозығы жеткен құбырлар әбден шіріп, істен шықты. Содан кейін бәрі тоқтады. Оны жөндеген ешкім жоқ. Әкімдік тарапынан ешқандай қолдау байқалмайды. Біздің билік шатыр құлап, біреудің басына түссе ғана әрекет ете бастайды», - дейді Лариса Вдовина.

Лариса Вдовинаның ең соңғы рет балконға қашан шыққаны есінде жоқ. Қаусап әзер тұрған еденінің бетоны опырылып жатыр. Қыс мезгілінде қабырғадағы жарықтардан жел соғып, мазаны алады. Үй иесі күндіз-түні пеш жағуға тура келетіндігін айтады. Егде тартқан әйелге күн сайын жоғарғы қабатқа отын-көмір мен су тасып, күл шығару оңай емес. Бірақ одан басқа амал жоқ.

Іргелес тұрған үй мүлде құлап жатыр. Ғимарат қоқыс алаңына айналғандай. Людмила Иванова осы мекенжайда 33 жыл тұрыпты. 5 жыл бұрын қабырғасы опырылып түскен соң, басқа көршілерімен бірге көшіп кетуге мәжбүр болған. Ол мұнда жылына бірнеше мәрте келіп тұрады екен. Зейнеткер уақыт өткен сайын үйдің ішінде төгіліп жатқан қоқыс көбейіп, үйдің кірпіштері азайып жатқандығын айтады. Тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтардың иісі аңқаны қабады. Бұл жерге ашыққан иттер де жиі келетін көрінеді. Одан көрші үй тұрғындарының ауру жұқтырмасына кім кепіл?

 «Қазір қызымның қолында тұрып жатырмын. Оның да атында баспанасы жоқ. Жалдап отыр. Басқа амал жоқ. Әкімдікке барып, баспана кезегіне тұрған жоқпын.  Себебі оның берілетіне сенбеймін. Кезек келгенше біз бұл дүниеде болмайтын да шығармыз. Анда-санда үйімді қарап кетемін. 33 жыл тұрдым ғой. Жастық шағым осында өтті. Балаларым осы пәтерде дүние есігін ашты. Сондықтан құлап жатса да ыстық. Біреулер бұзып, тақтайларын тасып әкеткен. Енді кірпіштерін алып жатыр», - дейді Людмила Иванова.

Медведев көшесіндегі 19-ші үй Петропавлдағы апатты нысандардың ең көнесі. Оның салынғанына бір ғасырдан асып кеткен. Қабырғасы қаусаған баспанада 17 отбасы тұрып жатыр. Облыс орталығында осыдан бірер жыл бұрын Уральская көшесіндегі апатты үйлердің қабырғасы құлап, тұрғындар жедел түрде эвакуацияланған болатын. Төтенше жағдай туындаған кезде ғана билік басындағылар қимылдап, бұл проблемаға назар аудара бастады. Медведев көшесінің тұрғындары да осындай жағдайдың қайталануынан қорқады. 

«Уральская көшесінде үйлер құлағанда адам шығыны болмағаны қуантады. Бізде қандай да бір проблемаға шенеуніктер назар аудару үшін келеңсіз жағдай болуы керек сынды. Әкімдікке көмек сұрап талай бардық. Олар мән-жайды біледі. Бірақ мәселенің түйінін табу үшін ештеңе жасалып жатқан жоқ», - дейді үй тұрғыны.

Қалалық әкімдікте апатты үйлерде тұрып жатқандар үшін жеке баспана кезегі бар. Себебі олар ешқандай әлеуметтік топқа жатқызылмайды. «Жалғыз баспанасы апатты деп танылған» деген санат та бар. Жаңа пәтер күтіп жүргендердің тізімде 204 адам тіркелген.

«Биыл Первомай көшесінде орналасқан көпқабатты төрт апатты үй сүрілді. Оның орнына екі үй салынып жатыр. Құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланған. Әрқайсысы 93 пәтерден. Тиісті құжаттары дұрыс рәсімделген, дер кезінде кезекке тұрғандарға жаңа үйден пәтер алу мүмкіндігі бар. Әзірге апатты баспаналардың тұрғындарын орналастыратын жер жоқ», - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Евгений Шаламов.

Петропавлда арнайы комиссияның шешімімен апатты деп танылған 16 үй бар. Оларлың басым көпшілігі өткен ғасырдың ортасында салынған. Кейбіреулерінде орталықтандырылған жылыту жүйесі мен су мүлде жоқ. Қаланың әр түкпірінде орналасқан нысандар соғыстан кейінгі ғимараттарды еріксіз еске салады. Мыңнан астам тұрғынның өмірі үрей мен үміт арасында өтіп жатыр. Қаусаған қабырғалар қай күні құлар екен деген қорқыныштан кейде ұйқы көрмейді, алайда мемлекет тарапынан көмек беріледі-ау деп өздерін жұбатқан болады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.