Кондуктордың жалақысы жолаушы санына байланысты емес - Қаскелең авторпаркі
Автобусқа лық толы жолаушыларды бар күшімен итеріп ішке кіргізбек болған кондуктордың әрекеті әлеуметтік желіде көпшіліктің талқысына түскен еді
Azattyq Rýhy тілшісі оқиғаның қай автобуста және қашан болғанын анықтап көрді.
Автопарк басшысының айтуынша, мұндай жағдайды кептеліс кезінде күнде көруге болады.
Оқиға 4 қазан күні Райымбек пен Момышұлы даңғылдарының қиылысында №24 бағыттағы автобуста болған.
«Автобус таңғы сағат 5:30 жолға шығып, түнгі 22:30 дейін жолаушы тасиды. Бізде бұл бағытта 20 автобус бар. 7 минут сайын жүреді. Райымбек даңғылы арқылы «Саяхат» автовокзалын басып өтеді. Күндіз адамдар азаяды, кешкі және таңғы уақытта жолаушыларға қызмет көрсетіп үлгермейміз», - деді «Қаскелең автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Арыстан Маманов.
Парк басшылары қызмет сапасын жақсарту үшін келесі жылы осы бағытта тағы 10 автобус шығаруда жоспарлап отыр. Арыстан Мамановтың сөзінше, дәл осы бағытта Райымбек даңғылының бойымен №78 бағыттағы автобус та жүреді. Бірақ жолаушылар қарбаласы кезінде оның өзі жетпейтін көрінеді.
«Әр 5 минут сайын Саяхатқа қарай автобустар жүреді. Біздің парктен басқа компаниялардың да автобустары бар. Жолаушылар «автобус толы» деген ескертуді тыңдамайды. Кондуктор мен жүргізуші жолаушыларды толтырып алуға тырыспайды. Өйткені олардың еңбек ақысы жолаушылардың санына қарай төленбейді», - деді Маманов.
Ал қоғамдық көлікке ентелеген жолаушыларды автобусқа «тығындап» сыйдырып алып кеткен кондуктор денсаулығына байланысты жұмысқа шықпай қалыпты.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы