LRT жобасы қай әкімнің тұсында қабылданды?
LRT жеңіл рельсті жерүсті метросының іргетесы 2011 жылы шілдеде қаланды. Ол кезде бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов болған. Жоба сегіз жылдан бері аяқталмай келеді, осы аралықта қалада бес әкім ауысты.
2011 жыл. Қала әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов әкімдікке бағынатын «Астана LRT» ЖШС құрылымын құрып, осы компания LRT-ны жобалаумен айналысты. Әуел баста метроның ұзындығы 41 шақырым деп белгіленген, бірақ француздық инвесторлар мен Азия Даму банкі жоба өте қымбат және тиімсіз деп баға берген. Қазір жобаның ұзындығы 22 шақырымға дейін қысқарды.
2014 жыл. Иманғали Тасмағамбетов әлі әкім болып тұрған тұсы. Осы жылы әкімдік экономикалық тұрғыда арзандау балама ретінде жүрдек автобустар сатып алу туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ, оң жағалау мен сол жағалауда арнайы жолақ бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
2015 жылы қалаға жаңа әкім – Әділбек Жақсыбеков келді. Ол Иманғали Тасмағамбетовтің ұсыныс жоққа шығарып, жеңіл жүрдек автобустар жүретін жол құрылысын қабылдамады. 2015 жылдың мамырында LRT құрылысы қайта жанданып, Қытайдың үш компаниясы жобаны қаржыландыруға келісті. Бұл - қытай тарапынан алынған несие. Қытайдың даму банкі 20 жылға 2,5 пайызбен және тағы екі жылда қарыздың негізгі бөлігін төлеу келісімімен 1,6 млрд теңге көлемінде несие беретін болды. Осылайша, жоба қаржы тауып, 2017 жылы астанада өткен ЭКСПО халықаралық көрмесіне орай аяқталады деп жоспарланды.
2016 жылы қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун журналистерге LRT құрылысы 2017 жылға дейін салынып үлгермейтінін, себебі, осы уақыт аралығында тек құжаттарға қол қоюмен уақыт өткенін айтып, мәлімдеме жасаған.
2017 жылы шаһар басшысы Әсет Исекешев болған кезде LRT айналасында сыбайлас жемқорлық туралы әңгіме қозғалды. Исекешев құрылысты бақылау үшін жаңа бір компания «LRT Construction» ЖШС құрды. Бірақ, қытай тарапы әуел баста «Aстана ЛРТ» деген атауы бар компаниямен келісімшартқа отырғанын, ал, жаңадан ашылған «LRT Construction» атты компания жобаның құнын, станциялар санын, рельстердің мөлшерін қысқартты деп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады. Мәселе шешілгендей болып, құрылыс тағы басталды және жерүсті метросын елордалықтар 2019 жылдың желтоқсанында пайдалана алады деп айтылды.
2019 жылы сәуірде сол кездегі мегаполис басшысы Бақыт Сұлтанов LRT құрылысы тоқтап қалғанын айтып, мәлімдеме жасады. Қазір елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан