«Fly Arystan» компаниясы Оғыз Доғанды ұшаққа отырғызбай қойды
Әлеуметтік желіде «Эйр Астана» және «КазКом» компанияларының қызметкерлері қазақ тілінде сөйлемегені үшін сотқа арызданып, дау көтеріп жүрген Оғыз Доғанды елдегі әуе кәсіпорындарының бірі ұшаққа отырғызбай қойды
Ол Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайынан КС 7327 әуе рейсімен сағат 14.55-те Шымкент қаласына ұшуы керек болған. Алайда жолаушы тіркеу столына келгенде әуе компаниясының өкілі билеттерін де, құжаттарын да қабылдаудан бас тартқан. Бұл туралы Қазақстанда және Қырғызстанда жұмыс істейтін Түркия азаматы «Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігінің тілшісіне хабарласып айтты. Өзін «Fly Arystan» компаниясының қызметкері Сұңғатпын деп таныстырған азамат жолаушыдан телефонға түсірмеуін сұрап, полиция шақырған. Алайда әуе компания өкілдері Оғыз Доғанның қасындағы әйел адам мен оның сәбиіне тіркеуден өтуге рұқсат беріпті. Бірақ түрік азаматының өзін «қара тізімде» екенін айтып, ұшаққа жібермеген. Осы текетірес бойынша жолаушы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында да тікелей эфир жүргізген.
Фото: Оғыз Доған
«Олар менің бір жарым ай бұрын сатып алған билетіммен Шымкентке ұшатынымды біліп, қазір келгенде әдейі кіргізбей отыр. Билет алғанда төлқұжатымды алды, ақшамды алды. Билетті берді. Бірақ ешқандай ескерту жасаған жоқ. Енді бүгін мен кішкене сәбиіммен және әйеліммен ұшуым керек еді. Алайда екі жыл бұрын «Эйр Астана» компаниясымен соттасқанымды білесіздер. Сол үшін кек алып жатқан сияқты. Қазір не істерімді білмей тұрмын. Олар сот барысында мені сұр тізімге кіргізгені туралы хабарлама жіберген. Ол жерде ұшаққа мінген соң тамақ беруге, өзге де ішімдік немесе сусын беруге тыйым салынады деп көрсетілген. Бірақ ұшуға болмайды дегенді бүгін естіп тұрмын. Қара тізім туралы ақпаратты алған емеспін. Бұл коммерциялық ірі компанияның беделіне сай емес»,- дейді Оғыз Доған.
«Fly Arystan» компаниясы «Эйр Астана» әуе компаниясының еншілес кәсіпорны. Елдегі тұңғыш лоукостер мемлекет ішіндегі рейстер бойынша билет құнын арзандату үшін құрылған. Әуе мекемесінің баспасөз қызметі Оғыз Доғанға қатысты мәселемен айналысып жатқандарын айтты. Компаниясының PR менеджері Ләззат Нәбиева жолаушыға билет құны қайтарылады дейді.
«Оғыз Доған мырзаның мәселесіне қатысты қазір тиісті мамандар айналысып жатыр. Иә оның «Эйр Астана»-мен соттасқанын білеміз. «Fly Arystan» компаниясы «Эйр Астана» әуе компаниясының ішінде болғандықтан, кейбір ережелер бізге де ортақ қолданылады. Қазір ол кісі біздің компанияның телефон номері бойынша хабарласуы тиіс. Билетке төленген ақшасы қайтарылады. Қазір біз сұрау жасадық. Оған нақты жауап алуымыз керек. Билет алдын ала сатылады, ондай адамдар қандай да бір тізімде екенін өздері білуі керек. Ол кісі негізі хабардар. Жүйе автоматтандырылған, билет оған қарамай сатыла береді.
Еске салайық, Оғыз Доған мен әуе компаниясы арасындағы сот 2017 жылы желтоқсан айында өткен болатын. Ол өзіне әуе рейсінде мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеген жолсерік үшін компанияны сотқа берген. Сот шешіміне сәйкес «Эйр Астана» компаниясы Оғыз Доғанның талабы бойынша мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар, кәсіпорын шағымданушыға моральдық өтемақы ретінде символикалық 1 теңге төлеуге міндеттелді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы