Шымкенттегі мектепте балалардың тамағын тышқан дәрісімен бірге сақтаған
Бала құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері қаладағы оқу орындарында біраз былықтың бетін ашқан
Үшінші мегаполистегі №18 мектептегі асханада балалардың тамағымен бірге химиялық заттар, тіпті, тышқанды улайтын дәрі қатар сақталған деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Мұндай фактілер «Nur Otan» партиясы жанындағы бала құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері жүргізген тексеру кезінде анықталған.
Қаладағы білім беру орындары мен әлеуметтік мекемелерді тексеріп шыққан кеңес мүшелері біраз былықтың Бетін ашқан.
«Мектептердегі асханалардың жайы, азық-түліктердің сақталуы, оның сапасы бойынша шара көруді сұранамыз. Менің ойымша көпшілік әріптестерімнің осындай ескертуі бар. Мәселен №18 мектептің қоймасында тұрмыстық химиялық заттар мен тышқанға қарсы дәрі азық-түліктің қасында тұр», - дейді «Nur Otan» партиясы жанындағы республикалық балалардың құқығын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева.
Айта кетерлігі, осы мектепте әзірленген ас 50 метр әріде тұрған арнаулы мекемеге де тасымалданады екен. Сарапшы топ ол мекемеде бірқатар кемшілікке көз жеткізген. Қоларбаға таңылғандар үшін мекемеге кіріп-шығу қолайсыз. Ал бұл мекемеде дамуында ерекшелігі бар 234 бала тәрбиеленеді.
Ал, Сайрам ауданындағы № 92 мектептің асханасы лас және тым тар. Қол жуатын орын сыртта. Көмекші мектеп-интернатта балалар жуынатын орын талапқа мүлдем сай келмейді. Едені – цемент.
Жұмыс тобы сондай-ақ, медициналық-әлеуметтік мекемелерде бейнебақылау камераларының жазбаны небәрі бес-ақ күн сақтайтынын сынға алды.