«Тасадағы триллиондар»: Көлеңкелі бизнеспен күрес қаншалықты тиімді жүргізіліп жатыр

Azattyq Rýhy

Көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету мәселесі Үкіметтің назарында

«Тасадағы триллиондар»: Көлеңкелі бизнеспен күрес қаншалықты тиімді жүргізіліп жатыр

Премьер-Министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таяуда кеңес өткізіп, онда 2021-2023 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын пысықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Министрге ұсынылған кешенді жоспардың жобасы 64 тармақтан құралған. Жобада салықтық және кедендік әкімшілендіру, бюджетті бөлу, тиімді бәсекелестік және заңсыз бизнеске қарсы іс-қимыл салалары бойынша жүйелі шаралар көзделген. Одан қалды, мұнай және мұнай өнімдері айналымы, көлік, сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, криптоактивтер және басқа да салалар қамтылған.

«Осы шараларды жүзеге асыру кедендік тексерулердің тиімділігін арттыруға, камералық бақылауды жақсартуға, кедендік рәсімдерді оңтайландыруға және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қосымша шаралар әзірлеуге мүмкіндік берді. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан шаралар соңғы 3 жылда ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 27%-дан 19,75%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп, бюджетке 2 трлн теңге қосымша кіріс түсті», - деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ Қаржы минстрлігінің баспасөз қызметі ұсынған деректерге сүйенсек, атқарылған жұмыстар нәтижесінде ұқсас статистикада Қытаймен сауда айналымындағы сандардың айырмашылығын азайтуда оң нәтижеге қол жеткізілген. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысында жекелеген тауарлар бойынша өзіндік құн көрсеткіштері 2,5 есеге өсті. Экспорттық декларацияларды онлайн алмасу жолға қойылды. Орталықтандырылған бақылауды және шекарадан өтуді автоматтандырылған бақылауды қамтамасыз ету, адами факторды жою және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында Диспетчерлік бас басқармасы құрылған.

«Нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысы бойынша кедендік төлем мен салық көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 50%-ға артық», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Пилоттық жоба жүзеге асырылған 2 жыл ішінде айналым сомасы 4,1 трлн теңге болатын жалған мәмілелер жасасқан 9 мыңға жуық қатысушының қызметі анықталды және шектелді. 1 трлн теңге сомасына өзара есеп айырысатын 4 мыңнан астам субъектіні тіркеу сот органдары арқылы жарамсыз деп танылып, 402 млрд теңгеге 3 890 мәмілені соттармен жарамсыз деп танылды.

Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында кедендік транзитті жеңілдету бойынша «Қазақстан теміржолы» АҚ-мен бірлесе жұмыстардың жүріп жатқанын жеткізді. Теміржол тасымалдаушысы мен мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерін интеграциялау, оның ішінде аралас қызметтерді бақылауды жеңілдете отырып, транзиттік декларациялар шығару көзделіп отыр. Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға «үздіксіз» транзитпен жүретін тауарларға транзиттік декларацияларды автоматты түрде тіркеу және шығару енгізілуде.

Көлеңкелі экономиканың төмендеуі бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтудың негізгі факторы болып табылатынын ескере отырып, министрлік жаңа Кешенді жоспарға қосымша іс-шаралар енгізді. Бұл — электрондық тауарға міндетті ілеспе құжаттарды енгізу жолымен мұнай және мұнай өнімдері айналымы саласындағы бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, өңірлерде де көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәселен, Түркістан облысында да «көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес қарқынды жүріп жатыр.

«Көлеңкелі экономика» – еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін күрделі проблемалардың бірі. Сондықтан оған қарсы күрес сапалы жүргізілуі керек. Салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтаруға қарсы күрес жандансын. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту бойынша жұмыстар атқарылсын», - деді Дархан Сатыбалды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында.

Жиын барысында Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 1-ші жедел басқармасының басшысы Д.Тобатаев пен ҚР Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы М.Нұрахаев «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың іске асыру барысы туралы деректерді ұсынды.

2023 жылдың 3 айында көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша заңсыз алкоголь өнімін өндіретін 2 жерасты цехы, 2500 литр көлемінде алкоголь өнімі табылған. Тәркіленген дайын өнімді сақтауға арналған қойма, көлемі 1200 литрден астам этил спирті жойылған. Сонымен бірге контрабандалық тауарларға, қаржы пирамидаларына, заңсыз темекі айналымына қарсы күрес жүріп жатыр. Жанар-жағармайды көрші елге заңсыз өткізудің 38 дерегі анықталды, 11.32 тонна мұнай өнімі тәркіленіп, 1 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді.

Одан бөлек, мұнай өнімдерін заңсыз әкету фактілерін азайту мақсатында мемлекеттік шекарада анықталған 94 факті бойынша 2 341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны сотпен тәркіленіп, 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл мемлекет қазынасына түскен. Мұнай өнімінің заңсыз айналымын алдын алу бойынша 2 салық төлеуші анықталды, 10109 литр мұнай өнімдері тәркіленіп, 86250 теңге айыппұл алынған. 2023 жылдың 1 тоқсанына тиісті лицензия алмай жұмыс істеп жатқан салық төлеушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 63 салық төлеуші лицензия алды. Акцизделінетін өнімдердің айналымына талдау жүргізу барысында, республикалық бюджетке 7 261,3 мың теңге, жергілікті бюджетке 12 073,4 мың теңге өндірілді. 2023 жылдың 1 тоқсан қорытындысымен 911 салық салу нысаны қайта бағаланып, бюджетке 149 731 400 теңге есептелген.

Осы орайда Almau университеті, Жоғары менеджмент мектебі оқытушысы, экономист Қуанышбек Дүйсеновтің айтуынша, ресми органдар түрлі статистиканы ұсынғанымен, көлеңкелі экономиканың үлесін нақты сандармен сипаттау мүмкін емес.

«Көлеңкелі экономиканың соңғы ресми көрсеткішіне сәйкес 2022 жылы 19% деп атаған. Одан бұрын 2021 жылы 19,75% деген. Жалпы, елімізде ресми деректерге сәйкес көлеңкелі экономика үлесі азайып жатқанын көруге болады. Дегенмен, есеп комитеті бұл көрсеткіш 30% , ал Ұлттық Банк 35% болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Аты айтып тұрғандай көлеңкелі экономика жасырын сипатқа ие болған соң, оны толыққанды бақылап, нақты санын айту өте күрделі. Тіпті, ресми деректерге жүгініп 35%-дан төмен 19% болса да, ел экономикасы үшін бұл нашар көрсеткіш. Себебі, әлемдік тәжірибеге жүгінсек, басқарылмайтын көлеңкелі экономика ары кетсе 5-10% айналасында болуы заңды. Ал, одан жоғары болса, онда белгілі бір деңгейде ел экомикасына зияны тиіп жатқаны анық», – дейді сарапшы.

Сол себепті де экономист көлеңкелі экономиканы жарыққа шығарудың шешімі ретінде салықтық ауыртпалықты түсіру қажет деп есептейді. Иә, Қазақстан кейбір дамушы елдермен салыстырғанда салық мөлшері бойынша төмен көрсеткішке ие ел қатарында. Дегенмен, табысты декларациялауды көлеңкедегі кәсіпкерлерге тартымды ету, оларға жеңілдік беру шараларын да ескерген жөн деген пайымда.

«Екіншіден, цифрландыру арқылы бақылауды арттыру. Мысал ретінде Ұлттық Банк цифрлық теңгені толық айналымға еңгізсе, онда жалпы ел азаматтарының ақша айналымы Ұлттық Банкке ғана белгілі болады. Ол өз кезегінде ақша айналымын қадағалауына қолайлы. Үшінші, әлеуметтік саланы реттеу. Себебі, көп салыққа орай, ресми және қолға берілетін жалақы арасы алшақ болғанда жұмысшылар бейресми және көлеңкелі кәсіпорында жұмыс істеуді абзал көреді. Сол үшін де білім беру, медицина, әлеуметтік қамтамасыз ету стандарттары мен ресми жұмыс табысы жоғары жұмыс орындарының көбеюі, ресми жұмыс орындарын тартымды етеді. Төртінші, бұл кәсіпкерлікке жағдайды жақсарту. Бұл ресми кәсіпкерлік жүргізуді мүмкіндіктерін арттыру, бюрократияны азайту, қағазбастылықты азайту, салықтық түсім арқылы жиналатын бюджеттің кәсіпкерлік жүргізу үшін пайдалы болатын инфрақұрылымға жұмсаумен сипаттауға болады». – дейді Қуанышбек  Дүйсенов.

Одан тыс криминалды көлеңкелі экономика өкілдерімен тиімді күрес, моноплисттер мен олигополисттерге қарсы уақытылы шараларды да атап өтуге болады. Ең бірінші, соңғы бес жылдағы көлеңкелі экономиканың үлесінің азаюының маңызды себептерінің бірі 2019 жылы шағын бизнесті үш жылға салықтан босату туралы жеңілдік. Бұл іс-шара көптеген шағын кәсіпкерлердің ресми тіркеліп, көлеңкеден шығына септігін тигізді. Екіншісі, белгілі бір деңгейдегі кедендегі жемқорлық пен көлеңкелі кәсіпорындарды жою үшін мемлекеттің белсенді әрекеті. Әрине, кеденде әлі де мәселелер бар, дегенмен атышулы «Қорғас» бекеті бойынша Үкімет қолданған шаралардың ел экономикасында көлеңкелі экономиканың азаюына апарды деуге болады. Үшінші, бұл цифрландыру әсері. Онлайн банкинг, онлайн төлемдер, аударымдар және өзге де цифрландырудың экономикадағы жетістіктері көлеңкелі экономиканың үлесін азаюына әсер етті.

«Жалпы, елде мемлекеттік жауапты органдар тарапынан көлеңкелі экономиканы азайту бойынша шаралар қолданы қарқынды болып жатыр деп айтуға болады. Дегенмен, олай болғанымен де неге Ұлттық банк көлеңкелі экономиканы 35%-дай болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды? Себебі оған қатысты бірнеше мәселе бар. Біріншісі ол, жемқорлық, барлық экономика деңгейінде кездесетін парақорлық салық төлеуге келгенде тіпті айқын көріне бастайды. Жеке табысты жасыру мақсатында кететін пара ретіндегі шығындар жасырын табыстың қаншалықты көп екендігін дәлелдейді. Екінші мәселе, табысты жасырудың бір ақталуы секілді көрінетін жағдай бұл бюджеттің «тиімсіз”»жұмсалып жатқандығынан соң болатын салық төлеуге деген демотивация. Одан тыс, белгілі бір деңгейдегі кейбір кәсіпкерлердің әр қызметке байланысты борышын өтеуден қашып, бір ғана билік күші бар тұлғаға пара беру арқылы тыныш қана кәсіп жүргізу әдеті. Сонымен қатар, лицензиялар алу, бюрократия секілді кедергілерді естен шығармау керек», дейді экономист.

Айжан Жанатқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.