Отбасында тәрбие көрген бала бұзушылыққа бармайды – Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі

Azattyq Rýhy

Сауалнама нәтижесінде кей ата-аналар балаларымен қарым-қатынастары дұрыс еместігін айтқан

Отбасында тәрбие көрген бала бұзушылыққа бармайды – Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі

2022 жылы  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі.  Осыған байланысты тамыз айының басында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі барлық аймақта Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымын енгізген болатын.  Бала құқықтары жөніндегі уәкіл баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты жұмыстармен айналысады.

Осы орайда Астана қаласында балалардың құқығы қалай қорғалып жатқаны және жалпы жұмыс барысы туралы Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі  уәкіл Әсима Бимендина Azattyq Ruhy тілшісіне айтып берді.

Әсима Бимендина өңірлік уәкіл ретінде 2022 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мұндағы басты мақсат - балалардың құқығын қорғау

«Бұл ең бірінші қоғамдық жұмыс екенін айтып өтейін. Егер олардың құқығы бұзылып жатса шара қолдануымыз керек. Әрине бұл өте ауқымды жұмыс болғандықтан мен мемлекеттік органдар мен Астана қаласының Білім басқармасымен, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеймін. Қазіргі таңда, тұрғындардан тоғыз айдың ішінде жүзден астам өтініштер келіп түсті. Әр өтініш бақылауда. Көп сұрақтар шешілді деп айтуға негіз бар. Бірақ шешілмеген сұрақтар да баршылық. Ең бастысы бір отбасына болса да көмек көрсетсек ол үлкен жұмыс деп ойлаймын. Әрине ең негізгі көп уақытты мынау ата-аналардың өтініштеріне бөлемін. Өйткені олардан көптеген сауалдар келіп түседі. Солардың барлығын бақылауға алып көмек көрсету ең негізгі міндет. Егер бір балаға көмек көрсетсек ол да үлкен жұмыс деп айтқым келеді», - дейді Әсима Темкеқызы

Бүгінде оқушылар арасында жиі дау болатынын ескерсек, ата-аналар үшін мұндай бала құқығы жөнінде омбудсменнің бар екендігі қуантарлық жайт.

«Қазіргі уақытта өте қиын заман болды. Өздеріңіз көргендей қыздармен қыздар жаға жыртысып, балалар бір-бірімен төбелесіп жатыр. Бұл өте қорқынышты. Шынымды айтсам қазіргі таңда баламды мектепке жіберуге қорқамын. Бір жұбататын нәрсе мектептің барлық жерінде бейнекамералар орналастырылған. Бетін аулақ қылсын не болса да камераға түсіп тұрады ғой деген ой ғана тыныштандырады. Буллинг, зорлық-зомбылық өз алдына, қазір вейп деген шығыпты. Алдында, бір видео тараған кішкентай мектеп оқушылары қолданып тұрғанын. Сөйтіп, балам мектептен келген сайын тексеріп тұрамын. Ұлымның сынып жетекшісі өте жақсы. Одан өзге мектепте менеджерлер жұмыс істейді екен. Оның өзі жақсы болды. Енді балалар омбудсмені қосылса ол кісі де балалар игілігіне жұмыс істейді деп сенемін», - дейді елордалық ата-аналардың бірі.

Өңірлік уәкіл ең бірінші профилактикалық жұмыстарға көп көңіл бөлу керектігін айтып өтті.

«Профилактикалық жұмысқа өте көп көңіл бөлу керек. Біз жақын күндері отыз мыңдай ата-аналарға екі сұрақ қойып анкета алған болатынбыз. Бірінші сұрақ, балаларды тәрбиелеуде қандай қиыншылықтар кездеседі деген болса, екінші сұрақты оларды тәрбиелеуде қандай көмек қажет деп қойдық. Сауалдарға жауап берген жиырма бір мың ата-ана балаларының өздерімен қарым-қатынасы дұрыс еместігін және ең негізгі мәселе интернет пен гаджетке тәуелділікті көрсетті. Сөйтіп балалардың тәрбие жолындағы қандай мәселе болсын ол отбасында туатындығына көзім жетті. Бүгінде осы бойынша жұмыстар ақтарып жатырмыз».

Балалармен мектепте ең бірінші әлеуметтік педагог, сынып жетекшілері және психологтар тығыз жұмыс істейді.

«Мәселен, оларда қандай жағдай болмасын сынып жетекшісіне айтып, психологтар мен әлеуметтік педагогтардың атсалысумен шешіледі. Осыны ескере отырып біз мектептің психолог, сынып жетекші, әлеуметтік педагогтеріне арнап семинар өткіздік. Одан өзге қала бойынша семинарлар да жиі өткізіліп тұрады. Өкінішке қарай, кейбір балалардың арасында деген зорлық-зомбылық жиі кездеседі. Буллинг мәселесі өршіп тұр. Бұның бірден бір себептерінің бірі ата-ананының балаға жеткілікті көңіл бөлмегендігінен. Ең бірінші тәрбие отбасынан басталады. Отбасында тәрбие көрген, өзіне деген жылулықты сезінген бала бұзықшылыққа да бармайды. Ондай балалар буллинг деген мәселемен де кездеспейді. Ата-аналар балаларына көңіл бөлмесе, балалалар өздерінің мәселесімен өздері қалса, осы жерден басталады барлық қиындықтар. Қазіргі таңда көптеген ата-аналар тіршіліктің соңында балаларына жеткілікті көңіл бөле алмай келеді. Тек балалары ғана емес, өздері де гаджетке тәуелді болып қалған. Сөйтіп, бала тәрбиесі кенже қалып барады. Осы тұста ата-аналарға балаларыңызға он минут болса да көңіл бөліңіздер деп айтқым келеді. Отбасында мейірімге қанған бала ешқандай жағдайға ұшырамайды деп айтар едім», - дейді өңірлік уәкіл Әсима Темкеқызы.

Буллинг мәселесінің алдын алу үшін Астана қаласының Білім басқармасы өте көптеген жұмыстар атқарып келеді. Бұрын әр мектепте мектеп инспекторы жұмыс істесе, қазір оларды мектеп менеджерлері алмастырып отыр. Сол менеджерлердің жұмысымен танысу мақсатында жақында үлкен жиналыс өткізілді.

«Астана қаласының барлық мектебінде менеджерлар жұмыс істейді. Сол менеджерлермен кездесу өткізу барысында олардың көпшілігінің заңгер және әйел мамандары екенін көргенде қуанып қалдым. Мектеп менеджерлеріне өткізілген құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кездесу еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтылған Президенттің тапсырмасын орындау болып есептеледі. Мемлекет басшысы бүгінгі күні профилактикалық жұмыс нашар жүргізіліп жатқанын, балаларға қатысты қатыгездіктің жиілеп бара жатқан жағдайларына қарсы күресте күш-жігерді біріктіру қажеттігін айтты. Мемлекеттік органдар қоғамдық бірлестіктермен, ата-аналармен бірге жастарды тәрбиелеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қорқыту мәселелерін бақылауда ұстауға тиіс. Кездесу барысында шақырылған спикерлер мектеп оқушылары арасында профилактикалық жұмыс жүргізетін менеджерлеріміздің көптеген сұрақтарына жауап бере алды. Мұның бәрі балаларымыздың, олардың қауіпсіздігі үшін», - дейді өңірлік уәкіл. 

№53 мектеп-лицейінің құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі менеджері Айгүл Зейноллақызы менеджерлерге өте көп семинарлар өткізіліп тұратынын айтып, Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен өткен кездесудің өзектілігін атап өтті.

«Өте маңызды кездесу өтті. Жиналыста біз толғандыратын көптеген сұрақтарға жауап алдық. Спикерлерді тыңдадық, Президенттің елде жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық қаупі көтерілгені туралы хабарына реакция болған баяндамаларды тыңдадық. Біз өзімізде бар проблемалар туралы қозғадық, өйткені біздің жоба пилоттық және біз өз жұмысымызды жасап жатырмыз деп айта аламын. Бұл ретте бізге Білім басқармасы мен құқық қорғау органдары өкілдері тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Проблемаларды бірлесе шеше отырып, оң нәтижеге қол жеткізетінімізге сенімдімін», - деді ол.

Өңірлік уәкілдің айтуынша, әр мектепте балалар арасында да омбудсмен бар екен. Олармен де жиі кездесу өткізіп, былтырғы жаңа оқу жылының алдында балалар омбудсмендерімен бірігіп жаңа оқу жылына дайындық, қауіпсіздік мәселелері бойынша жиналыс өткізіпті. 

«Тағы бір айтатын нәрсе әр бала өз құқығын білсе екен деймін. Қандай жағдай орын алса ең бірінші сынып жетекшісіне жеткізгені жөн деп ойлаймын. Осы бағытта мектептермен бірге түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеміз. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл мемлекеттік органдармен жұмыс істемесе жалғыз өзі көп жұмыс істей алмайды. Сол себепті де, барлығымыз бірігіп балаларды қорғауымыз қажет. Балаларды қорғау деген үлкен міндет. Оқушылардың жайлы, сапалы білім алуына жағдай жасауымыз қажет», -  деп сөзін аяқтады Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Әсима Бимендина.

Айжан Жанатқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.