Еліміздегі көмекке мұқтаж отбасыларға қандай азық-түлік беріліп жатыр?
Бірінші наурыздан бастап жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратылуда

10 наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға азық-түлік таратылып жатыр. Azattyh Ruhy тілшісі Есіл ауданы, Тұран даңғылында орналасқан «Магнум» сауда желісіне барып, әлеуметтік көмектің қалай беріліп жатқанын өз көзімен көріп келді.
Біз барған Есіл ауданындағы «Магнум» сауда үйіне кешкі сағат 16:00-ге дейін 40-тан аса отбасы келген. Жалпы тізім бойынша Есіл ауданында 577 отбасы АӘК алады.
Нұр-Сұлтан тұрғыны Самал Ғабдуллақызы қазіргі таңда бала күтіміне байланысты демалыста. Негізгі мамандығы – медбике. Самалдың үш баласы бар. Ол екі қорапты арбасына салып жатып, үкіметтен мұндай қолдаудың беріліп жатқанына қуанышты екенін жасырмады. Басқа аналар сияқты журналистерден қашқан жоқ.
Суретте: Самал Ғабдуллақызы
«Әлеуметтік көмектің беріліп жатқанын АӘК бойынша WhatsApp желісіндегі топтардан білдім. Сосын ЖСН арқылы «Магнум» сауда үйінің сайтына кіріп, тізімде бар екенімді көрдім. Қазір көріп тұрғаныңыздай, екі балаға ай сайынғы берілетін азық-түлікті алдым. Мектепке баратын тұңғышым қыркүйек айынан бастап тегін ыстық тамақ ішіп жүр. Осының өзі біз үшін үлкен көмек қой, өз басым қуанып тұрмын», - деді ол.
Бес баланың анасы Салтанат Жұмаева бастапқыда тілшілерге сұхбат беруден бас тартып еді, 12 наурызда жасқа толатын баласына атаулы көмек берілмейтінін естіген соң, биліктегілерге өкпесін жеткізуді жөн көріп, қайта келді.
Суретте: Салтанат Жұмаева, көпбалалы ана
«Өзім бес баланың анасымын. Кенжем ертең, яғни 12-ші наурыз күні 1 жасқа толады. Мұндағылар баламның құжат бойынша 1 жасқа толмағанын айтып, азық-түлік бермеді. Қазір екі балама ғана алдым. Бір жасқа дейінгі балаларға памперс береді деген, ол да жоқ. Неге бізді алдайды?!», - деп күйінді ол.
Сондай-ақ, аты-жөнін айтқысы келмеген фотодағы келіншек үш айдың азық-түлігін аламын деп келіп, бір айдың ғана азығын алғанына қатты ашуланды.
«Президент Қ.Тоқаев бұл көмек қаңтар айынан бастап беріледі деген. Қазір наурыз болды, қаңтар мен ақпан айларына тиесілі азық-түлікті қашан аламыз? Мен үш айға азық-түлік аламын деп келдім. Неге халықты алдайсыздар? Қалған екі айдың заттары қайда, бұларыңыз дұрыс емес қой!», - деп ренжіді ол.
Әлеуметтік көмектің таратылуын қадағалап тұрған әкімдік мамандары кешелі бері беріліп жатқан әлеуметтік пакет «қаңтар айы үшін» дейді. Ал ақпан мен наурыз айының көмегі қай кезде берілетінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шешеді.
«Магнумның» Есіл ауданындағы филиал директорының орынбасары Құндызай Дайырова сауда үйі кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің азық-түлігін нарықтан көтерме бағамен алып, қораптарды буып-түйіп, таратумен ғана айналысатынын жеткізді. Сауда үйінің қызметкерлері «Мақсатымыз – коммерциялық пайда көру емес, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларына аз да болса қолдау көрсету» дегенді айтады.
Ал әлеуметтік қораптағы азық-түлік ҚР Денсаулық сақтау министрінің кеңесімен, балалардың жас шамасына қолдану нормасына байланысты жинақталған. Онда дәрумендерге бай езбелер, жармалар мен сүт жинақталған. Azattyq Ruhy тілшісі балаларға жинақталған қорапты ашып, ішіндегі азық-түлікпен танысып көрді.
1-3 жас аралығындағы балалар қорабында: 2 дана 400 г сұлы жармасы, 1 дана 400 г жүгері жармасы, 2 дана 160 г гипоаллергенді балалар ботқасы, 1 дана 180 г балалар печеньесі, 10 дана 50-100 г балалар жеміс және көкөніс езбесі, 2 дана 1 л пастерленген сүт жабдықталған.
Келуші қыз-келіншектердің сөзінше, бұл азық-түлікті балалар асып кетсе 2 апта пайдаланады.
Ал 3-6 жас аралығындағы балаларға: 200 г табиғи бал (1 дана), 800 г ұнтақталған бұршақ (1 дана), 1000 гр арпа жармасы (1 дана), 700 гр ұнтақ жармасы (1 дана), 400 гр сұлы қауызы (2 дана), 800 гр қарақұмық жармасы (2 дана), 400 гр макарондар (2 дана), 250 гр таңғы ас жастықшалары (1 дана), 0,8 л күнбағыс майы (1 дана), 200 гр балалар печеньесі (2 дана), 40 гр гематоген (6 дана), 1 л пастерленген сүт беріледі (2 дана).
Кепілдендірілген көмекке кіретін тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет беріледі.
Тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы: балалар тіс пастасы (кемінде 50 миллилитр), балалар (тіс щеткасы), кемінде (1 бірлік), балаларға арналған гипоаллергенді сабын (кемінде 180 грамм), балалар сусабыны (кемінде 200 миллилитр), балалар кремі (кемінде 45 миллилитр), кір сабын (кемінде 200 грамм), балалар кір жуғыш ұнтағы (кемінде 800 грамм).
Суретте: Құндызай Дайырова
Құндызай Дайырова ауылдық жердегі балаларға азық-түлік пошта арқылы жеткізілетінін айтты.
«Қаладағы балалар саны бөлініп қойған, ал ауылдық жерлердегі балаларға «Қазпошта» арқылы жіберіледі. Поштаға әлеуметтік пакет жеткенде, алушыға sms хабарлама барады. Әлеуметтік пакетті қай филиалдан, қай уақытта алуға болатыны туралы ақпаратты біздің Magnum.kz сайтынан ЖСН енгізу арқылы біле алады. Толық ақпарат осында жазылған», - деді ол.
Оқи отырыңыз: КӘП: Аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пен тұрмыстық химия тауарларын беру басталды
Айта кетейік, республика бойынша кепілдендірілген әлеуметтік көмек 1-ші наурыздан бастап таратылуда. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында мұқтаж жандарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуде еңбекке ынталандыру, әділ әрі таза болуы үшін АӘК-ті тағайындаудың механизмін реттеуді тапсырған болатын.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет пен АӘК және тұрмысы төмен отбасыларға арналған жаңа жәрдемақыны қосқандағы кешенді жаңа шаралар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан