Италия коронавируспен күресте Қытайдан көмек сұрады
Бүгінде Италияда медициналық тауарлар тапшылығы сезіле бастады
Италия COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына байланысты медициналық тауарлар тапшылығын сезініп отыр және вируспен күресте Қытай көмек көрсете алады деген үмітте, деп мәлімдеді Италия СІМ басшысы Луиджи Ди Майо ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен телефон арқылы сөйлесу барысында.
«Италиядағы эпидемиологиялық жағдай өте ауыр болып отыр. Италия Қытайдың осы індетпен күресу тәсілін мұқият зерттеп жатыр. Бүгінде елімізде медициналық тауарлар мен жабдықтардың тапшылығы қатты сезіліп отыр, сондықтан қытай тарапы осы өзекті мәселемен шешуде өз көмегін көрсетеді деген үміттеміз», – деді Ди Майо ҚХР СІМ сайтына жарияланған мәлімдемесінде.
Ол сондай-ақ, Италиядағы індет таралуымен күрес жұмыстарында қытайлық эмигранттардың белсенді рөл атқарып жатқанын, италиялық тарап олардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға ұмтылатынын атап өтті.
Айта кетсек, қазіргі таңда Италияда 10,1 мың адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырып алған, 1004 адам ауруынан айығып, үйіне шығарылса, 631 адам көз жұмды.
Ал әлемде коронавирустың жаңа түрін 100 мыңнан астам жұқтырған, олардың басым көпшілігі сауығып кетті, 4 мыңнан астам көз жұмды.
Коронавирустың таралуы алғаш рет қытайлық Ухань қаласында тіркелген еді.
Еуропада коронавирус ең көп тараған ел Италия болып отыр, сондай-ақ, Франция мен Германияда да жағдай ушығып барады.