$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.02.2020, 13:22
Қоғам

Көрісу, шежіре, жайлау күні. Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы таныстырылды

Қазақстанда Наурыз 9 күн тойланады

Көрісу, шежіре, жайлау күні. Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы таныстырылды

Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа үлгісі қалыптасады. Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов мәлімдеді.

«Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты мерекені атап өтудің тұжырымдамасын әзірлеген. Ол бойынша Наурызға 9 күн арналады. Оның 6 күні дайындық күндері де, 3 күн ресми мереке.

«Соңғы жылдары наурыз елімізде сахналық-фольклорлық сипат алып жүр. Ғалымдар мұны сынады. Осыған байланысты институт жаңа тұжырымдама дайындады. Тұжырымдамада Наурызды, әсіресе, отбасылық деңгейде атап өтуге мән берілген. Ұжымдық корпоративтерді де наурызда атап өту ұсынылады», - деді бұл туралы институттың «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Ж.Бұқанова.

Корпоратив бойынша вице-министр де пікір білдірді.

«Корпоративті де қарастыру керек. Біздікі тек ұсыныс. Қазір де жыл сайын ұжымдар Наурызды өз іштерінде атап өтіп жүр ғой. Соны Рождество, Жаңа жыл мейрамдарындағыдай ерекше дәстүрге айналдырса дейміз», - деді Оспанқұлов.

Осылайша биыл Наурызды барлық өңір бірдей атап өтпек. 14-22 наурыз аралығына арналған тұжырымдама кестесі төмендегідей:

14 наурыз – Көрісу күні.

15 наурыз – Шежіре күні. 

16 наурыз – Жайлау күні.  Бұл күні табиғат аясында серуендеуге жағдай жасалып, көшет егу, қоқыс тазарту шаралары ұйымдастырылады.

17 наурыз – Игі істер күні. Қайырымдылық шаралары болады. Волонтерлер мұқтаж отбасыларға көмектеседі.

18 наурыз – Шеберлік күні. Бұл күн спорттық шараларға арналған. Көкпар, бәйге, асық ату сынды жарыстар өтеді.

19 наурыз – Зияткерлік күні. Мақал-мәтел, жаңылтпаш айту, жыр жаттау жарыстары болады.

20 наурыз – Жоралғы күні. Салт-дәстүрлерді жандандыру шаралары ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ұлттық ас күні. Ұмытыла бастаған тағамдарды үйрету бойынша мастер-кластар болады.

22 наурыз – Бұқара күні. Арнайы мерекелік іс-шаралар өтеді.

Мұның бәрі әзірге тек ұсыныс қана. Егер барлық халық қолдап жатса, жыл сайынғы дәстүрге айналады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары