Сарыағаш ауданында 2014 жылы салынған жаңа мектеп тозып бітуге жақын
Ауыз су тапшы, жол сапасы нашар, мектебінде жылу берілмейтін Шеңгелді ауылы жайлы
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Шеңгелді ауылындағы № 57 Сәбит Мұқанов атындағы жалпы орта мектеп 2014 жылы 1 қыркүйекте қолданысқа берілген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол кезде 600 орындық білім ошағына қазынадан 700 миллион теңге бөлінген екен. Алайда, арада 6 жыл өтпей жатып су жаңа мектептің қабырғалары жарылып, едені төмен түсіпті. Шатырынан су кетіп, жылыту жүйесі де күрделі жөндеуді талап етеді. Қазандықты жылытатын пештің де оталуы қиын екен. Ондағы мамандардың сөзіне сенсек, жылыту жүйесі дұрыс жасалмаған.
«Жылу жүйесінде су тұрмайды. Су қысымы 1-2 сағатта түсіп кете береді. Судың қай жерден кетіп жатқанын да таппай жатырмыз», - дейді мектеп қарауылы Өсер Абдуллаев.
Шеңгелділіктердің айтуынша, қыс маусымында мектепте жылу болмағандықтан, оқушылар сабақта сырт киіммен отыруға мәжбүр. Ұстаздар үйлерінен электр пешін алып келеді екен.
«Қазандықты жылытатын пешке от үрлейтін құрылғы керісінше қойылған. Ол негізінен есіктің жанына қойылып, түтінді мұржаға қарай қууы керек. Алайда, құрылғы мұржа жақта орналасқандықтан, түтінді пештің аузына қарай үрлеп, жылытатын бөлмелерді түтіндетіп жібереді», - дейді от жағушы Нұрсұлтан Ханаев.
2015 жылы Шеңгелді ауылының маңында бекет салынып, ауыл тұрғындарын газбен қамтамасыз етуі тиіс болған. Сол кезде кейбіреулер «ауылға газ келді, жеткіземіз» дегенді желеу етіп, жергілікті тұрғындардың әрқайсынан 3 мың теңгеден жинап алған. Алайда, арада 5 жыл өтсе де, елдімекенге әлі күнге дейін газ тартылмай, тұрғындар тезек, көмір жағып отыр. Ауыл жастары газ мәселесін талай рет көтеріп, әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Бірақ, жергілікті билік тек құрғақ уәде берумен келеді екен.
«Барлық мекемелерге бардым, тіпті өзімізден сайланған мәслихат депутатына да бардым. Ауыл әкімдігінен де, аудан әкімдігінен де әлі еш көмек болмады. Олар «Ақша бөлінсе болады. Ақша бөлінбей, ешқайда жүгіне алмаймыз. Баратын құзырлы органдарыңыз болса, шағымдана беріңіздер» деп жауап берді», - дейді Шеңгелді ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Тошаев.
Шеңгелдіде ауыз су мәселесі әлі толық шешілмеген. Ауылға су Арыс қаласынан жеткізіледі. Себебі, 2 мыңға жуық тұрғыны бар елдімекен аудан орталығы Сарыағаш қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Ал Арыс қаласынан келетін су теміржолға тиесілі. Сондықтан, ауыз су күніне 20-30 минутқа ғана беріледі.
«Шілде айларында мал түгіл, өзіміз әзер су тауып ішеміз. Бізді «Шеңгелді бұлақ» деп атағанмен, елдімекенде су тапшылығы жоғары. Жазды күндері су мүлде келмейді. 2015-2016 жылдары «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында «су шығарамыз» деп менің үйімнің қасынан ұңғы қазды. Бірақ оны қайта жауып тастады. Біз жалпы Жылға ауылдық округіне қараймыз. Ауыл әкімдігінің жұмысы өте нашар. Ауыл әкімі көтерген мәселеміздің бірде-бірін шешпеді», - дейді Шеңгелді ауылының тұрғыны Ғалымжан Сұлейменов.
Тұрғындардың айтуынша, Шеңгелді ауылындағы ішкі жолдар саны оннан асады. Бірақ соның біріне ғана асфальт төселген. Қалған көшелер қыста жауын-шашын түскенде адам жүре алмайтындай күйге түседі екен. Бұл жағдайда бірінші кезекте мектепке баратын оқушылар қиналады.
«Оқушылардың аяғы былғанбас үшін қалтамыздан ақша шығарып, жолдың бойына плита бетон қойдырдық. Ауыл маңындағы теміржолға бару үшін де ақша жинап, тас төсеттік. Шойын жолмен Арыс, Сарыағаш, Шымкентке қатынауға болады. Алайда, жиған қаржымыз жарты жолға дейін ғана жетіп, жауын-шашын күндері теміржолға бару қиындап кетеді. Көрші Шанақ, Бақабұлақ ауылдарының тұрғындары да осы жолмен қатынайды. Олар бізге «бұл елдімекен бе, дала ма» деп уәждерін де айтып кетті. Тіпті, бұл жолдардың сметасын да өз қалтамыздан ақша шығарып жасаттық. Мен бұл мәселе бойынша әкімдікке де, депутатқа да бардым. Бірақ бізге ауыл, аудан әкімдігі мен депутатымыздан ешқандай көмек болмай тұр. Тіпті, бір барғанымда аудан әкімінің орынбасары Марат Сейтімбетов пен депутатымыз Шахислам Жарылқасымовтан қысым көрдім. Маған «бұл мәселелерді көтермейсің» деді», - дейді Шеңгелді ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Тошаев.
Нұрсұлтан жергілікті биліктен көмек болмағаннан соң ауылдағы мәселелерді облыс әкіміне жеткізбек болып, Түркістан қаласына барған. Өз жоспары бойынша Өмірзақ Естайұлының халық алдындағы есебіне қатысып, сонда жол, су, газ, мектеп мәселесін көтермек болған. Алайда, оны облыс басшысы есеп беретін залдан полиция әкетіп, қамап тастағанға ұқсайды.
«14 ақпан күні Шөкеевтің есебіне ауылдағы мәселелерді көтеремін деп барғанымда аудан әкімінің орынбасары Сейтімбетов маған өзі келіп, «Нұрсұлтан, далаға шығып сөйлесіп алайық» деді. Мен қарсылық танытып едім, ол кісі мені ішкі істер қызметкерлерімен күштеп алып автобусқа салып, Түркістан РОВД-на қамап қойды. Сонда 3 сағат отырып, Шөкеевтің есебі біткеннен кейін босатылдым. Сосын ол маған жеке хабарласты. Ол маған «Бүгінгі шығының қанша, мен саған соны беремін. Сен әрі қарай тірлігіңді істе» деп шығарып салды», - дейді Нұрсұлтан.
Шеңгелді ауылының тұрғындары айтқан су, газ, жол, мектеп мәселесі бойынша аудан әкімдігіне хабарласқан едік. Әкімдіктің баспасөз хатшысы жоғарыда айтылған мәселелер бойынша арнайы хабарлама жолдады.
«Сарыағаш ауданының білім бөліміне қарасты, Жылға ауылдық округі, Шеңгелді елдімекенінде орналасқан «№57 С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектеп» ғимараты 2014 жылы 1 қыркүйек айында пайдалануға берілген. Мердігер мекеме «Балта Сапар» ЖШС тарапынан аталған ғимараттың ақауларын түзету бойынша жауапкершілікті келісімшартқа сәйкес 5 (бес) жыл мерзімге алған. Мектептің сыртқы және ішкі жұмыстарының түзетілуі сол мерзімде ауданның құрылыс бөлімі мен «Балта Сапар» ЖШС-нің құзіретінде болған. Мектеп директоры 2019 жылдың тамыз айында жаңа оқу жылының басталуы жайындағы актіде оқу ошағының жылу жүйесінде кемшіліктер жоқ деп берген», - деп мектеп мәселесі жөнінде баяндаған.
Сондай-ақ 2019 жылдың желтоқсан айында Сарыағаш ауданының білім бөліміне мектеп директорының міндетін атқарушы А.Асанова мектептің жылу жүйесінде ақау пайда болғаны жөнінде мәлімдеме берген екен.
«Осы мәлімдемеге сәйкес Түркістан қаласы, Арыс қаласы, Шымкент қаласынан арнайы мамандар шақыртылды. Зерделеу нәтижесінде жылу құбырларының және қазандықтың тозығы жеткендіктен жылыту қазандығын ауыстыру қажет екендігін анықтады. Қазір мектептегі жылу қалыпты жағдайда. Мектептің жылу қазандығын қазір ауыстыратын болса, мектептің жылусыз қалу қауіпі бар. Сондықтан, қазандықты ауыстыру жұмыстары 2020 жылы іске асырылады», - деп жауап берген.
Әкімдіктің хабарлауынша, биыл мектепте жөндеу жұмыстары үшін сметалық құжат әзірленіп, қажетті 16 млн теңге бөлдіру үшін аудандық экономика және қаржы бөліміне бюджеттік өтінім берілген. Сондай-ақ Шеңгелді елдімекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін де жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Оған қаржы бөлдіру үшін облыстық салалық басқармаға ұсыныс беріліпті.
«Шеңгелді елдімекенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2014-2015 жылдары жер асты су қорларын анықтау жұмыстары жүргізілген, нәтижесінде су қорының жоқ екендігі туралы қорытындысы берілген. Жер асты су қорын қайтадан анықтау жұмыстарын жүргізу бойынша облыстық салалық басқармаға ұсынылды», - дейді ауыз су мәселесі бойынша.
Шеңгелді елдімекеніндегі ішкі жолдардың саны - 14 көше, ұзындығы - 17,5 шақырым. 4,5 шақырымында асфальт жоқ, 3 шақырымы тас жол, 10 шақырымы топырақ жол. Нақтырақ айтқанда, 10 шақырым жолдың жағдайы мәз емес.
Арай Есенбек, Түркістан облысы