«Әжесі қуып жете алмаған»: аяқ асты қиындыққа тап болған отбасыға кездейсоқ адамдар көмектесті
Қыздың анасы бір сағаттан кейін полицияға хабар берген

Павлодарда жоғалып кеткен алты жасар қызды жолда кетіп бара жатқан адамдар тауып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше Павлодар қаласының полициясына 6 жасар қызын іздеген ана көмек сұрап жүгінді.
«Түстен кейін әжесімен бірге аулаға ойнауға шыққан. Ойынға беріліп кеткен бүлдіршін Камзин көшесіне қарай кетіп қалған, әжесі қуып жете алмаған. Олар шамамен бір сағат бойы өздері іздеп көрген, бірақ нәтиже болмаған соң полицияға жүгінген. Полицейлер бірден қыздың қайда екенін анықтау мақсатында жедел іздестіру іс-шараларын бастап, жақын маңдағы барлық ауланы тексеріп, тұрғындардан сұрастырды. Іздеуге еріктілер де қосылды», - деп хабарлады Павлодар облысының ПД қызметкерлері.
Үш сағаттан кейін Сәтбаев пен Ломов көшелерінің қиылысында бүлдіршінді жолда кетіп бара жатқан адамдар тауып, полицияға хабар берген. Әңгіме барысында қыз адасып кеткенін және үйіне қайтар жолды таба алмай жүргенін айтқан. Үйін табуға тырысқан сайын өзі тұратын жерінен алшақтап кеткен.
«Қызымды табуға көмектескен азаматтарға және полицейлерге көп рақмет», – деді көзіне жас алған анасы.
Полиция көшеде жалғыз жылап жүрген баланы көргенде не істеу керектігін түсіндірді:
- Баланы қараусыз қалдырмаңыз. Онымен сөйлесіп, сабырға шақырыңыз және не болғанын білуге тырысыңыз;
- Балалар күйзеліске түскенде үндемей қалуы немесе анық сөйлей алмауы мүмкін. Кейде бейтаныс адамдармен сөйлеспеуі де ықтимал;
- Дереу "102" нөміріне қоңырау шалып, тапқан жеріңізді хабарлаңыз. Баланы ол жерден алып кетпеңіз, өйткені ата-анасы дәл сол жерге қайта келуі мүмкін;
- Егер оқиға сауда орталығында, вокзалда, әуежайда немесе стадионда болса, күзет қызметіне хабарласып, дауысзорайтқыш арқылы хабарлауды сұраңыз;
- Егер баланың жанында ата-анасының телефон нөмірі жазылған қағаз болса немесе өзі жаттап алған болса, сол нөмірге қоңырау шалып, қайда екеніңізді хабарлаңыз және күтіңіз.
Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде полиция шамамен 80 адасып кеткен баланы тауып, ата-анасына табыстады.