$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жұмыссыздық, баспана мәселесі, экология: Ұлытау облысындағы әлеуметтік проблемалар қалай шешіледі?

Тоқаев әкімге қандай тапсырмалар берді?

Жұмыссыздық, баспана мәселесі, экология: Ұлытау облысындағы әлеуметтік проблемалар қалай шешіледі?
Фото ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртшылық жылы қабылдаған шешімінің бірі –жаңа облыстарды құруы болды. Ал оның ішінде Ұлытау облысы да бар. Өңірдегі әлеуметтік мәселелер осыған дейін де көтеріліп, шешімін табуды қажет етіп келді. Жұмыссыздық, аймақ тұрғындарының үлкен қалаларға көшуі, кәсіп жасау, экология, баспана, апатты күйдегі тұрғын үй мәселелері өте өзекті болып келді. Биыл жыл ортасында Президент те арнайы барып, аймақтағы жағдайды өз көзімен көріп, жүзеге асырылуы тиіс тапсырмалар берді. Azattyq Ruhy тілшісі Ұлытау облысындағы әлеуметтік маңызды мәселелерге тоқталып, оның шешілу барысына шолу жасап көрді.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ – НЕГІЗГІ ПРОБЛЕМА

Ұлытау осыған дейін аумағы жағынан Қазақстанның ең ірі облысы саналған – Қарағанды өңірінің құрамында болып келген. Жоғарыда айтылғандай аймақтың түйткілді мәселелері аз емес еді. Мәселен, Inbusiness басылымы Еңбек министрлігінің мәліметін келтіре отырып, Ұлытау облысында небәрі 74,2 мың отбасы тұрып жатқанын хабарлады. Ал жұмыссыздық деңгейі тіптен қиын. Министр Тамара Дүйсенова өңірдегі жұмыссыздық туралы мынандай мәліметтер келтірді:

«Елімізде 50-60 жас аралығында 325 мыңға жуық әйел бар. Ал оның ішінде Ұлытау өңірінде тұратын 4,3 мың әйелдің мүлдем табысы жоқ. Олар тіпті өмірінде жұмыс істеп те көрмеген. Сәйкесінше еңбек өтілі болмағандықтан әрі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспағандықтан зейнет жасына жеткенде аз ғана зейнетақы алатын болады», - дейді министр.

Ведомство басшысы өз сөзінде осы мәселені шешу үшін зейнет жасына жақындаған, сол сияқты табысы жоқ әйелдердің жағдайын түзеу және табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан қосымша қолдау шаралары пысықталып жатқанын хабарлады.

Құрамында Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандары бар облыста шамамен 230 мыңға жуық  адам тұрады. Бұл аз ба, әлде көп пе? Жуырда өңір әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында кәсіпкерлікті дамыту арқылы жергілікті тұрғындардың үдере көшуін тоқтатуға болатынын айтып өтті.

«Әрине, кезінде облыс мәртебесінен айырылғаннан кейін халық саны едәуір азайды. Ол – заңдылық. Болашағына алаңдаушылықпен қарап Астанаға, Алматыға, облыс орталығы саналған Қарағандыға көшті. Үйін сол жақтардан алды. Кәсіпкерлер де бизнесінің келешегін ойлап, халық көп шоғырланған жерлерге кетіп жатты. Статистикалық мәліметке қарасақ, өңірден былтырдың өзінде 8 мың адам, биыл 5 мың тұрғын көшкен екен. Облыстың қайта құрылуы үдере көшуді тоқтатады. Оған күмән жоқ. Керісінше, енді тұрғындар саны артады. Қазірдің өзінде облыс орталығында көптеген мекеменің ашылуымен бірге көшіп келушілер көбейді. Біздің есебімізше, облыстық департамент, басқармаларды кадрмен қамту аясында алғашқы кезекте мыңға жуық адам келеді. Олардың отбасын есептесеңіз, елге қосылған халықтың саны бірнеше есеге көбейеді», - дейді өңір әкімі.

Ол сөзін жалғай отырып, облыс орталығы құрылғаннан кейін алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі оқу орны ашылатынын айта келе, инвестиция тарту мәселесіне де тоқталып өтті.

«Инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы жылы Жезқазғанда халықаралық техникалық университет ашылады. Оған білікті мамандар, еліміздің түкпір-түкпірінен студенттер келеді. Келгендерді баспанамен қамтамасыз ету қажет. Отбасы саны көбейген соң мектеп, балабақшаға сұраныс артады. Бұл өз кезегінде құрылысқа қарқын береді. Ол салада да қосымша жұмыс орындары ашылады. Осындай кешенді жоспарды іске асырсақ, алдағы үш жылда облыста тұрғындар саны үш жүз мыңға жетеді деген жоспар бар», - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Ол сол сияқты алдағы бес жылға межеленген іс-шараларға 1,9 трлн теңге инвестиция бөлінетінін де қозғап өтті.

ТОҚАЕВ ӘКІМГЕ ҚАНДАЙ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ?

Мемлекет басшысының Ұлытау өңіріне сапарында мынадай негізгі проблемалар қозғалды: экологиялық ахуалдың нашарлауы, республикалық жолдардың тозуы, экономиканың әртараптандырылмауы немесе ірі кәсіпорынға тәуелділік, инженерлік коммуникация жүйелерінің ескіруі және әлеуметтік сала.

Ал әкім Берік Әбдіғалиұлы республикалық дәрежедегі жолдардың ескіруі облыс экономикасының дамуына кері әсер етіп отырғанын тілге тиек етті. Сол сияқты транзиттік көлік қатынастарының азайғанын, тиісінше қымбатшылық орнап, бизнестің кенжелеп қалғанын айтты.

Президенттің осы іссапарында «Қазақмыс» биыл өңірдің дамуы үшін 25,4 миллиард теңге бөлгені айтылған болатын. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұл соманың жеткіліксіз екенін, қаражат мөлшерін арттыруды тапсырды.

«Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды құжат 240-тан астам іс-шарадан тұрады. Ол құжатта әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамыту және өңірдегі ең өзекті мәселелер қамтылған.

«Келесі жылы жалға және несиеге берілетін 132,8 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы, көпсалалы аурухананы жаңғырту, онкологиялық диспансер мен Жезқазған қаласында заманауи «Ана мен бала» орталығын ашу жұмысы жүргізіліп, Ұлытау ауданында аурухана салынады. Сонымен қатар әрбір аудан орталығы мен ауылдарда 26 медицина мекемесі ашылады. 

«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 11 орта мектеп пен 8 балабақша салу көзделген», - делінген Ақорда хабарламасында.

ҰЛЫТАУ ӨҢІРІНДЕ КӘСІП БАСТАУ ҚОЛАЙЛЫ МА?

Ұлытау облысы құрылғаннан кейін арада бірер ай өткен соң әкім Берік Әбдіғалиұлы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында өңірдің кәсіпкерлерімен кездескен болатын.

«Біз Ұлытау облысының жаңа кәсіпкерлік инвестициялық мүмкіндіктерін ашуға, кәсіпкерліктің түйткілді мәселелерін талқылауға және оларды тиісті шаралар әзірлеу арқылы шешуге мүдделіміз», – деген еді сол кездесуінде Берік Әбдіғалиұлы.

Небәрі 230 мыңға жуық тұрғыны болса да өңірде кәсіпкерлер аз емес. «Атамекен» ҚР ҰКП Ұлытау облысындағы өкілдігінің  мәліметінше, өңірде 14 619 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген көрінеді, ал оның 9 мыңға жуығы жеке кәсіпкерлер және 3 мыңы – фермерлер.

ҮЙЛЕРДІҢ 33 ПАЙЫЗЫ ЕСКІРГЕН

Әкімдіктің мәліметтеріне жүгінер болсақ облыс орталығындағы тұрғын үйлердің 33 пайызы ескірген. Қазір оларды жаңарту бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 тұрғын үй салу жоспарланған.

Бұл мәселені бірер күн бұрын Парламент Сенатының қабырғасында депутат Советбек Медебаев қозғаған болатын.

«Қазіргі таңда Ұлытау облысында апатты және ескірген тұрғын үйлердің ахуалы аса маңызды мәселе болып отыр. Мәселен облыс орталығындағы тұрғын үйлердің 33 пайызы ескіріп, көпшілігі апатты жағдайда тұр. Атап айтқанда, Жезқазған қаласында 657 үйдің әрбір бесінші үйі ескірген, ал 137 ескі үйдің 34-і апатты деп танылды, оның 8-і күрделі жөндеуді қажет етеді және 26-сы бұзылуға жатады.

Осыған орай, 2020 жылы апатты жағдайдағы 9 үйді көшіру жұмысы жүзеге асты, оның ішінде 8 үй толығымен көшіріліп, демонтаждалды. Ал 2021 жылы 25 апатты үйді көшіру жұмысы басталған болатын.

Сондай-ақ Сәтбаев қаласы бойынша барлығы 610 көппәтерлі тұрғын үй бар болса, оның 243-і ескі үйлердің қатарында. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша 20 апатты үй және 6 тұрғын үйдің тірек конструкцияларының ескіргендігі анықталды», - дейді депутат Советбек Медебаев.

Сенатордың айтуынша жергілікті атқарушы орган өз кезегінде жаңарту бағдарламасын қабылдады. Алайда бұл бағдарлама тұрғын үйді сатып алуға дайын инвесторлардың болмауына байланысты жұмыс істемей тұр.

Аталған мәселені шешудің жолы төтенше жағдай жарияланған кезде апатты үйлердің тұрғындарына өтемақы төлеу болып саналады, дейді ол.

«Сәтбаев қаласының әкімдігі 2022 жылғы 4 ақпанда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссия отырысында: Сәтбаев қаласы әкімінің шешімімен Алаш көшесі, 15 мекенжайындағы тұрғын үйде жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау ұсынылды.

Бірақ Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі келісуге жіберілген шешім жобасына келісім беруден бас тарта отырып, ғимарат құлаған немесе қайта жаңғыртылған кезде ғана төтенше жағдайды хабарлауды ұсынып отыр.

Алайда, ғимараттың құлау фактілерінің болмауына қарамастан, ескірген тұрғын үйлердің кез келген уақытта үлкен апатты жағдайға алып келу қаупі жоғары екендігін ескеру қажет. Себебі тиісті шаралар дер кезінде қабылданбаса төтенше жағдай орын алуы әбден мүмкін», - дейді сенатор.

Сенатор Советбек Медебаев өңірдің осы бір маңызды мәселесіне ерекше назар аударуды сұрап, мынадай ұсыныстарын қоса жеткізді:

  1. Төтенше жағдай жарияланбастан апатты деп танылған үйлердің тұрғындарына өтемақы төлеуге мүмкіндік беретін жолдарды жан-жақты қарастыру.
  2. Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үйді бірінші кезекте беру және оны жекешелендіру құқығының берілуін қамтамасыз ету. 
  3. Кешенді шаралар қабылдаумен қатар, қажет болған жағдайда тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу және нақты жұмыс істейтін тетіктер дайындау.    
  4. Қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес әр үйде меншік иелерінің бірлестігін немесе қарапайым серіктестікті құру қажет. Ал бұл жағдай тұрғындардың жарнасын көбейтуге әкеп соқтыратын банктік есеп жүргізуді талап етеді.

Осыған байланысты, ескірген және апатты деп танылған тұрғын үйлердің қауіпті жағдайда екендігін ескере отырып, тұрғындарды көшіру және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мәселелерді кешенді түрде шешу қажеттігі туындап отыр. 

Сөзімізді қорытындылар болсақ, Қазақстан – күн санап дамып келе жатқан елдердің бірі. Биыл жаңадан құрылған үш облыс санаулы жылда құлпырып, ел экономикасына қыруар қаржы құятын өңірлердің біріне айналар деген сенім мол...

Серіктес жаңалықтары