$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.11.2022, 14:30
Қоғам

Ел шекарасы толық шегенделді ме: демаркациялау үдерісі неліктен аяқталмай келеді?

Депутаттар Үкімет басшысына сауал жолдады

Ел шекарасы толық шегенделді ме: демаркациялау үдерісі неліктен аяқталмай келеді?
Фото ашық дереккөзден

Егемендігімізді алып, өз алдымызға дербес мемлекет болғанымызға 30 жылдан асты. Бірақ тарихи өлшеумен салыстырсақ айтарлықтай көп уақыт емес. Бүгінге дейін алыс-жақын елдермен байланыс орнаттық. Қазақстанның жеке дара мемлекет екенін әлемнің небір держава елдері мойындағанмен тәуелсіздік бастапқы жылдары шешімін күтіп тұрған түйткілді мәселелер аз емес еді. Ал ең өзектілерінің бірі әрі еліміздің тұрақты дамуына негіз болған – шекара мәселесі бірінші кезекте болатын. Дүниежүзілік картадан өз орнын алғанымен, шекара жайы шешілмей елімізде тыныштық орнауы мүмкін емес еді. Бұл ойымызға Әзербайжан мен Армения арасындағы бүгінге дейінгі қақтығыс, сол сияқты Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы жағдай арасындағы шиеленіс дәлел. Ал Қазақстан – екіжақты келісімдермен бекітілген, халықаралық деңгейде танылған шекаралары бар посткеңестік кеңістіктегі жалғыз мемлекет. Рас, бұл жетістіктің тарихи маңызы аса зор. Дегенмен шекаралас елдермен келісім жасалып, бекітілгеніне қарамастан, демаркациялау үдерісі әлі де аяқталған жоқ. Бұл мәселені Сенат депутаттары көтерген болатын. Azattyq Ruhy осы мәселенің қандай жолмен реттеліп жатқанын анықтап көрді.

Шекараны шегендеп, оның өту сызығын жергілікті жерлерде белгілеудің маңызы зор. Бұл ең алдымен көршілес елдермен шектесетін аймақтың қауіпсіздігінің басты кепілі болмақ. Ал өту сызығының орнатылмауы шиеленіс тудырып, арты жанжалға айналып кетуі әбден мүмкін. Жуырда Сенат депутаттарына Алматы облысы Кеген ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, мемлекетаралық деңгейде бекітілген, Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының өту сызығын анықтайтын шекаралық қоршауларды орнату мәселесін шешу үшін көмек көрсету туралы өтініш түсіпті. Мұндай мәлімдемені сенаторлар – Нұржан Нұрсипатов пен Жанболат Жөргенбаев мәлімдеді.

Айта кетерлігі, Қазақстан мен көршілес Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараны шегендеу туралы шарт 2017 жылғы 25 желтоқсанда Астана қаласында жасалып, 2018 жылдың қараша айында ратификацияланған болатын

«Шартқа сәйкес шегенделген мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 1257,07 км құрайды. Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекара сызығында 1055 шекаралық бағаналар орнатылды: Қазақстан тарапынан – 533, қырғыз тарапынан – 522.

Шарттың 4-бабына сәйкес әрбір Тарап шекаралық белгілерді қорғау жөніндегі шаралар қолданады, олардың бүлінуінің, орны ауыстырылуының немесе қирауының алдын алады, сондай-ақ өздері орнатқан шекаралық белгілер үшін жауапты болады және оларды күтіп ұстауды қамтамасыз етеді. Тараптар шекаралық белгілердің жай-күйін дербес немесе бірлесіп тексеру жүргізуі мүмкін. Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы да келісім жасалды және ратификацияланды.

Сонымен қатар, Кеген ауданы жұртшылығының тұжырымы бойынша қырғыз тарапынан шекара шебі белгіленбеген және қандай да бір инженерлік бөгеттері жоқ. Қазақстан тарапынан, шекара сызығына тікелей жанасатын бірінші шептің инженерлік бөгеттері жоқ. Тек екінші шебі, жол жиегіне параллель орнатылған, бөгеттермен белгіленген. Осылайша, өтініш берушілердің тұжырымы бойынша, бірінші және екінші шептердің арасындағы 4 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жерін және 15 мың гектардан астам орман шаруашылығы жерін Кеген ауданының шаруа қожалықтары өз мақсаты бойынша пайдалана алмай отыр. Соның салдарынан, бүгінгі күні бұл жерлерді Қырғызстан азаматтары пайдалануда (шөп шабу, мал жаю), өйткені көрші тарапта қандай да бір бөгеттер жоқ. Осыған байланысты, тұрғындар арасында қақтығысты болдырмау үшін қазақстандық шекарашылар азаматтарымызды инженерлік бөгеттердің екінші шебі арқылы өткізуге жол бермей отыр», - дейді сенаторлар.

Әлбетте мұндай жағдай шекаралық аймақта тәртіптің сақталуына теріс әсер етері анық. Бұл мәселе уақыт жоғалтпай өз шешімін таппаса арты шиеленіске айналып, айыр қалпақты ағайынмен арада дау туындауы мүмкін.

«Бұдан бөлек Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту, қолданыстағы өткізу пунктерін айналып өту фактілері, оның ішінде шекараны инженерлік құрылыстармен және шлагбаумдармен жабудың төмен пайызын ескере отырып, бізге бауырлас және достас Орталық Азия елдерінің шекараларындағы жағдайдың тағы да ушығуы, біздің аумақта да белгілі бір шиеленісті туғызуы мүмкін», - деп депутаттар алаңдаушылығын білдірді.

Шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шекара маңындағы құқықты сақтау үшін депутаттар Үкімет басшысына мынадай ұсыныстарын жеткізді:

  1. Мемлекеттік шекараны шегендеуді аяқтау жөніндегі жұмыстың барысы туралы хабарлау.
  2. Алматы облысы Кеген ауданындағы шекара сызығын қоса алғанда, мемлекеттік шекараның бүкіл сызығы бойынша қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылысжайлар мен бөгеуіштерді монтаждауды жүзеге асыруға, тұрғызуға және орнатуға қаражат қарастыру.
  3. Шекара маңы аудандары азаматтарының, заңда белгіленген шеңберде, шекара аймағы мен шекара белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдалануға құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету. 
  4. Шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов депутаттар көтерген проблемаға жауап бере отырып, мемлекеттік шекараны межелеу рәсімі барлық шекаралас мемлекеттермен жүргізіліп, тиісті халықаралық шарттар ратификацияланғанын, сол сияқты Қытаймен, Түрікменстанмен және Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны толық құқықтық ресімдеу аяқталып, шегендеу туралы тиісті халықаралық шарттар ратификацияланды.

Үкімет басшысының айтуынша Өзбекстанмен шегендеу туралы шартқа осы жылдың соңына дейін қол қою жоспарланып отыр. Ал Ресеймен шегендеу рәсімі аяқталу сатысында.

Әлихан Смайылов Алматы облысы Кеген ауданындағы Мемлекеттік шекара сызығын қоса алғанда, Мемлекеттік шекараның бүкіл сызығы бойынша бөгеуіштер орнату бойынша шараларды қаржыландыруға қатысты мынадай жұмыс жүргізілгенін мәлім етті:

Мемлекеттік шекараны инженерлік жабдықтау республикалық бюджеттің шамасына қарай кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда бөгеуіштер Мемлекеттік шекараның мына учаскелерінде орнатылған:

  • Ресеймен шекара (шекараның ұзындығы 7 548 км) – 2 047 км қоршаулар орнатылды (шекараның жалпы ұзындығының 27 %-ы);
  • Қытаймен шекара (шекараның ұзындығы 1 783 км) Мемлекеттік шекараның 1 288 км (шекараның жалпы ұзындығының 71 %-ы) қоршаулармен жабдықталған, оның ішінде Мемлекеттік шекараның 729,7 км ғана электр-сигналдық кешендермен жабдықталған;
  • Қырғызстанмен шекара (шекараның ұзындығы 1 257 км) Мемлекеттік шекараның 672 км (учаскенің жалпы ұзындығының 53 %-ы) қоршаулармен жабдықталған, оның 156,2 км (12,4 %) электр-сигналдық кешен қондырылған;
  • Өзбекстанмен шекара (шекараның ұзындығы 2 351 км) Мемлекеттік шекараның 1 882 км (учаскенің барлық ұзындығының 80 %-ы) қоршау құрылыстарымен жабдықталған, оның 330 км радиолокациялық және оптикалық-электрондық бақылау құралдарымен, 76 км электр-сигналдық кешенмен жабдықталған;
  • Түрікменстанмен Мемлекеттік шекараның 458,2 км (100 %) қоршау құрылыстары орнатылды, оның 240 км радиолокациялық және оптикалықэлектрондық құралдармен бақыланады;
  • Каспий теңізі шегінде (1 735 км) жағалаудың 570 км (жалпы ұзындығының 33 %-ы) радиолокациялық құралдармен жабдықталған.

Ал шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне қатысты тоқтала келе биыл қыркүйекте Алматы облысы Кеген ауданының жергілікті атқарушы органдарының өкілдерімен және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуде шекаралық аймақта (Тасбұлақ маңында) шабындық жайылымдар мен орман шаруашылығын пайдалану мәселесі қаралғанын жеткізді.

Жиналыс барысында ҰҚК Шекара қызметі қазіргі уақытта жердің батпақты және ойлы-қырлы болуына байланысты жайылымдарды пайдалану үшін қоршау құрылыстарын (ұзындығы 9 км, Мемлекеттік шекарадан 2-2,5 км арақашықтық) Мемлекеттік шекара сызығына 100 метрге дейін ауыстыруға мүмкіндік жоқ екенін айтып жеткізді.

Ал Қырғызстан азаматтары шекара аумағында шаруашылық қызметпен айналыспайтын көрінеді. Бұл Қырғызстан тарапымен шекара режимін бірлесіп тексеру нәтижесінде анықталыпты.

«Шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға қатысты: Мемлекеттік шекара режимі мен шекара режимін бұзуға қарсы тұру мақсатында ҰҚК ШҚ кешенді алдын алу шараларын жүргізеді. Шекаралас аймақтың жергілікті тұрғындарымен үнемі жиындар мен түсіндіру жұмысы жүргізіліп тұрады, БАҚ-та және интернет-ресурстарда шекаралық аумақта заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ақпарат жарияланады.

Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру шеңберінде ҰҚК мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін қарастыруда. Одан бөлек, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін Үкімет жанында Мемлекеттік шекара комиссиясы, сондай-ақ облыс және аудан әкімдіктері жанында шекара мәселелері бойынша үйлестіру кеңестері жұмыс істейді. Тұтастай алғанда, Мемлекеттік шекараны қорғау және шекара қауіпсіздігі мәселелері уәкілетті орган мен Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деп Әлихан Смайылов жауап берді.

Қазақ жерінің тұтастығы сонау Қазақ хандығы құрылған уақыттан бері тартыспен сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келді. Өткен ғасырдың небір қилы жылдары қазақ жері жан-жаққа бөлініп, әр елдің құрамында кетпек болғанда ұлт зиялылары араға түсіп, толық күйде сақтап қалу үшін барын салды. Олардан кейінгі міндет бүгінгі ұрпақ – тәуелсіз Қазақстанға жүктелді.

Сөзіміздің басында мысал еткен Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабах дауында 4 мыңға жуық армениялық, 3 мыңға жуық әзербайжандық әскери қаза болыпты. Ал күзде Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған бірнеше күндік қақтығыста 94 адам көз жұмып, 150-ден астамы түрлі жарақат алыпты.

Сөзімізді қорытындылай келе айтар болсақ, ертеңгі қиындықтың бетін бүгін алу – негізгі мақсатымыз болуы тиіс. Үкімет осы бағытта тиісті жұмыс атқарып жатыр. Дегенмен алда әлі де біраз шаруа күтіп тұр...

Серіктес жаңалықтары