«Су тапшылығы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды»: жауапты комитет қандай шаруалар атқарып жатыр?
Президент Жолдауына байланысты депутаттар қандай мәселе көтерді?
Елімізде су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Салдарынан биыл бір ғана Жамбыл облысында дихандар егістік көлемін өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 гектарда аса қысқартқан. Мысалға 2021 жылы егістік алқабы 751,9 гектарды құраса, 2022 жылдың көктемінде 741,1 гектар жерге жоспарлапты. Бұл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының таратқан мәліметі. Ал оның басты себебі – су мәселесі. Бұл мәселенің өзектілігі және жылдам арада шешуді талап ететінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айрықша атап өткен. Сонымен Үкімет осы мақсатта қандай шаруалар атқарып жатыр? Ал жауапты ведомство осыған дейін не істеді? Azattyq Ruhy мәселенің анық-қанығына шолу жасап шықты.
Алып өзен-көл, теңіз, мұхиттан алыс жатқан Қазақстан үшін шаруашылық мақсатта қолданылатын судың маңызы зор. Ал елімізде бар ірілі-ұсақты 85 мың өзен мен 48 мыңнан аса көлді шаруашылық мақсатта қолдану олардың тартылып, жойылып кетуіне алып келетіні белгілі. Экологтар қазірдің өзінде Балқаш көлі мен Каспий теңізіне жеткілікті күйде көңіл бөлінбесе Аралдың жағдайын құшуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Ал жерасты суының міндеті бөлек.
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУДА ДА ҚОЗҒАП ӨТТІ
Шаруашылық мақсаттағы су проблемасы кеше немесе бүгін пайда болған проблема емес. Осыған байланысты Мемлекет басшысы биыл қыркүйек айында Қазақстан халқына жасаған Жолдауында дәл осы су тапшылығы мәселесін айрықша қозғап, проблемалы тұстарын шешуді тапсырды.
«Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған.
Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», - деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Біз осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің ресми сайтына кіріп, ақпараттарына көз жүгіртіп шықтық. Рас, ақпараттандыру жағынан баспасөз қызметі сынға ілігуі мүмкін. Ресми сайтқа соңғы мәлімет тамыз айының 31-інде шығыпты. Комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының тұжырымдамасын талқылаған. Бұл отырыста ведомство мынадай мәселелерді шешуді қолға алыпты:
- Су ресурстарын басқару жөніндегі қызметті мемлекеттік-ақпараттық қамтамасыз етудің жетіспеушілігі;
- Су ресурстарын басқару жүйесінде ғылыми әлеуеттің болмауы. Осы бағытта пайдалы қазбаларды өндіруге арналған шығындардың 1%-ын ғылымды дамытуға бағыттау ұсынылды;
- Қазақстанның су ресурстарын басқару жөніндегі тұжырымдамалық бағдарламалық құжаттардың құқықтық мәртебесі;
- Судың құны оның негізгі құнына сәйкес келмейді. Су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін белгілеу тәсілдерін қайта қарау;
- Су ресурстарын басқарудағы мемлекеттік бақылау;
- Су кодексімен реттелетін құқықтық қатынастардың кең ауқымы;
- Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің суды қайта сатып алушылар болуын тоқтатып, гидромелиорациялық инфрақұрылымды пайдаланумен айналысу үшін функцияларын қайта қарау мәселесі.
ҚАР ЖАУУ КӨРСЕТКІШІ ЕКІ ЕСЕ ТӨМЕНДЕГЕН
Аталмыш проблеманы шешуде министрліктің Су ресурстары комитетіне жүктелер үлкен-үлкен міндеттер бар. Осы мәселені өткен айда Парламент Сенатының бір топ депутаты көтеріп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа сауал жолдаған болатын.
«Су – тіршілік көзі. Құзырлы органдардың мәлеметтерімен, Қазақстанда 2040 жылы су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін. «Қазгидрометтің» бағалауымен, өткен жылы тау көлдерінде жүргізілген көп жылдық бақылау бойынша қар жамылғысы 40%-дан 82%-ға дейін төмендеген.
Үкімет және жергілікті атқарушы органдар тарапынан су тапшылығын азайту мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Десекте, еліміздің егістік алқаптарын, вегетация кезеңде есепті ағын сумен қамтамасыз етудегі бірқатар дәйекті мәселелер, сала мамандары мен ғалымдарды және ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін алаңдатады», - дейді депутаттар.
Сенат депутаттары осы ретте елімізде суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін арттыру мақсатында төмендегі екі мәселеге Үкімет басшысының ғана емес жұртшылықтың назарын аударды.
«Бірінші, Қазақстан Республикасының Жер асты сулары картасымен, Қазақстанның Оңтүстігі, сондай-ақ Солтүстік және Шығыс аймақтары бойынша жаңғыртылатын жер асты су ресурстары орналасуы айқындалғанына қарамастан, су ресурстарын суармалы егіншілікте пайдалану жүйелі әрі түбегейлі түрде қарастырылмай келеді.
Нәтижесінде бүгінгі күні бірқатар ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері (АШТӨ) жерасты суларын егіншілікке пайдалану мақсатында дайындаған жобалау-сметалық құжаттамаларын (ЖСҚ) мемлекеттік сараптамаға ұсынып, оның қорытындысын алуға қол жеткізе алмауда. Себебі мемлекеттік сараптама мекемесі, АШТӨ өкілдерінен жерасты су қоры анықтамасын талап етеді. Ал анықтаманы беретін уәкілетті органдар кеңес одағы кезінде дайындалған жерасты су қоры анықтамалығының пайдалану уақыты 25 жылдан асып кетуіне байланысты өзекті деректерді бере алмайтынымен түсіндіреді.
Екінші, Жамбыл облысының Мерке ауданында Андас-1, Андас-2, Андас-3 маусымдық реттеу құймалы тоғандарының құрылысын қаржыландыру мәселелері. Тоғандарды құру жоспары, Аспара өзенінің ағынын ұтымды реттеп, осы өңірдегі суармалы егіншілікті дамыту үшін және ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне пайдалану болып саналады.
Аталған жобалардың сметалық жобалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Тоғанның толық сыйымдылығы 1,1 млн/м.3-ты құрайды. Жоспарланған суару алаңы 980 гектарды құрайды. Андас-1, 2, 3 су қоймаларының жалпы құны – 1 782 937 мың теңге. Жобаларды жүзеге асыру жергілікті жердегі суармалы егіншілік пен халықты жұмыспен қамту деңгейінің өсуі және олардың әл-ауқатын көтеруге ықпал ететіні сөзсіз», - деп Сенат депутаттары алаңдаушылығын жеткізді.
Сонымен аталған проблемаларды шешу үшін қандай шаруалар жүзеге асырылуы қажет? Парламент депутаттары еліміздегі болжамдалған су ресурстары тапшылығын азайту және ауыл шаруашылығы субъектілерін жер асты су қорларын пайдалануға қолжеткізу мақсатында мынадай ұсыныстарын жеткізді:
- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жерасты суларын егіншілікте пайдалану мақсатында дайындаған жобалау-сметалық құжаттамаларын мемлекеттік сараптамаға ұсынуға қол байлау болып отырған жерасты су қорының анықтамалығын алу мүмкіндігін тиісті уәкілетті органдардың қамтамасыз етуіне нақты тапсырма беруіңізді;
- Жамбыл облысы Мерке ауданындағы Қызылсай ауылындағы Андас-1,2,3 маусымдық реттеу құймалы тоғандарының құрылысына қажетті 1 782 937 мың теңге қаржыны 2023 жылғы Республикалық бюджетті нақтылау барысында қаржыландыру көздерін қарастыруды сұраймыз.
Парламент Сенатының депутаттары көтерген сұрақтарға Үкімет басшысы былай деп жауап қайтарған:
«Су саласы мәселелеріне қатысты депутаттық сұрауларыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Қолданыстағы заңнамада жер асты суларының қорлары бойынша растау алу тәртібі айқындалған. Айталық, жерді суаруға арналған қорларды бекіту мақсатында лицензияланған жеке және заңды тұлғалар жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізеді. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша кен орындарының пайдаланылатын қорлары бойынша есеп жасалады, оны Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия қарайды. Есептік материалдарды сараптау нәтижесінде кен орнын пайдалану және пайдалану мерзімдері туралы шешім қабылданады. Осылайша, қажетті рұқсат құжаттарын алуға ешқандай кедергі жоқ.
Жамбыл облысының Мерке ауданында Андас-1, 2, 3 құю тоғандарының құрылысы» жобасын қаржыландыруға қатысты облыс әкімдігі тиісті бюджеттік өтінімді уәкілетті мемлекеттік органның қарауына енгізгенін хабарлаймыз, ол белгіленген тәртіппен 2023 жылға арналған республикалық бюджетті бірінші нақтылау шеңберінде қаралатын болады», - деп Әлихан Смайылов Парламент Сенатының депутаттарына жауап берді.
Егіннің бітік шығуына жауын-шашынның аз жаууы да айтарлықтай әсер етіп отыр. Былтыр да жауын аз жауып, салдарынан құрғақшылық орнағаны, жаздың аптап ыстығында бірқатар өңірде төрт түлік малдың қырылғаны есімізде. Бұл сөзімізді Сенат депутаттары «Қазгидрометтің» мәлімдемесі арқылы дәлелдеп отыр. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде су мәселесі ерекше назарды әрі уақытылы шешім қабылдағанды талап етеді.
Суармалы жерлер елімізде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың бірден-бір жолы. Energyprom басылымының мәліметіне жүгінсек, бір ғана ұнның бағасы бір жылда 43 пайызға шарықтаған. Сол себепті осы салаға барынша басымдық беріліп, кемшін тұстары жылдам арада шешімін табуы керек. Ал суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, сол өңірлерде тұратын халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры әрі қазынаның бір пұшпағы екені анық.