«Тіршілікке жарамды»: Семей полигонының бір бөлігі қолданысқа беріле ме?
Полигонда 470 ядролық қару сынақтан өткізілген

Жерімізде ядролық сынақ өткізудің алапат зиянын өткен тарихымыздан білеміз. Кеңес билігі үстемдік жүргізіп тұрған жылдары Семей даласында 40 жыл ядролық сынақ жүргізілді. Ал оның ядролық зарядтарының жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түседі. Бұл бір мезетте 350 млн адамның өмірін жалмаумен пара-пар. Осы жылдары бас-аяғы 470 ядролық қару сынақтан өткізіліпті, оның 118-і – жер үстінде, ал қалған 352-сі жер астында өткізілді. КСРО-дағы ядролық қаруды сынаудың барлық түрі негізінен Семей полигонында өтті (500 ядролық сынақ жасалды). Бұл әлемдегі барлық сынақтардың үштен бірін құрайды. Бұл сынақтар еліміздің солтүстік-шығыс және орталық аймақтарына орасан зор экологиялық зиянын тигізді. Дегенмен соңғы жылдары полигонның бір бөлігін өңірдегі шаруашылық мақсатта қолдану мәселесі талқыланып келеді. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мән-жайын, аймақтағы радиациялық жағдайды анықтап көрді.
Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейін әлемде ядролық сынақ қаруынан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет болып отыр.
Сонымен Радиациялық қауіпсіздік және экология институты мамандары 2019 жылы бұрынғы ядролық қару сыналған аймаққа зерттеу жүргізіп, ауыл шаруашылығы мақсатында қолдануға деген жарамдылығын тексеріпті. Нәтижесінде Семей полигоны аумағының 60%-ы тіршілікке жарамдылығы анықталған. Бұл үш жыл бұрынғы мәлімет.
Ал биыл жыл басында Семейде полигоны аумағының жартысы қауіпсіз екені жөнінде ақпарат тарады. Радиоэкологиялық зерттеудің кешенді жоспарына сәйкес, 18 мыңнан астам шаршы метр жер тексерілген. Ал осыған дейін ядролық сынақ алаңы болған аумақты 13 жыл бойы 2 мыңнан астам маман зерттеген.
Радиациялық қауіпсіздік және экология институты филиалы мамандарының айтуынша арнайы ғылыми жұмыстардың нәтижесінде полигонның толықтай ластанбағанын дәлелдеген. Жартысы радиоактивті заттармен уланбаған, яғни шаруашылыққа қолдануға жарамды, дейді мамандар.
Ал полигонның 9 мыңнан астам шаршы метр аумағы ластанғаны да айтылды.
Дегенмен полигон маңайына жақын орналасқан Курчатов қаласының тумасы Михаил Бахтин бұл өңірдің адам денсаулығы зиян екеніне күмәнмен қарайтынын жеткізді.
«Полигонның әсері болады деп қорқатындар бар. Бірақ менің бойымда ондай қорқыныш жоқ. Мәселен таныстарымның арасында полигоннан зиян көргендер жоқ. Рас, бұл туралы неше түрлі айтылады. Бірақ өз басым ондай жағдайға тап болып көрмеппін. Қайта бұл жердің ауасы кейбір үлкен қалалардан таза шығар деп ойлаймын», - дейді Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Бұл мәселені бірер ай бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының жұртшылығымен кездесуде қозғап, таза жерлерді қолданысқа беру туралы тапсырма берген болатын.
«Энергетика министрлігі Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын әзірледі. Биылғы сәуір айында бұл жобаны Мәжіліс мақұлдады. Енді оны тезірек қабылдап, таза жерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға беру керек», – деген еді Президент сол сапарында.
Өз кезегінде Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Байахметов те қозғап, өңірдегі шаруашылық мақсатта қолданатын жерлердің жетіспейтінін жеткізді.
«Абай облысының 2 ауылдық округінде, атап өткенде – аумақтық тұрғыдан Семей қаласына жататын Айнабұлақ ауылдық округі мен Абай ауданының Саржал ауылдық округінде қолайсыз жағдай туындауда. Айнабұлақ ауылдық округінің құрамына бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының (бұдан әрі - СЯСП) аумағында орналасқан Айнабұлақ және Самай елді мекендері жатады.
Айнабұлақ елді мекені 1992 жылы құрылған, халық саны – 151 адам, 43 тұрғын үйі бар. Самай елді мекені 1960 жылы құрылған, бұл жерде 54 адам тұрады және 31 тұрғын үй бар. Екі ауылда 303 га елді мекен жері және 32,3 мың га ауыл шаруашылық жері бар, оған қоса, 15129 бас ауыл шаруашылық малдары, 20 шаруа қожалықтары жұмыс атқарады.
Семей ядролық сынақ полигонының жерінде орналасқан Абай ауданының Саржал елді мекенінде 13 шаруа қожалығы, 4116 бас ауыл шаруашылығы малы бар.
Өкінішке қарай, тұрғындар өз шаруа өнімдерін өндіргенімен, жердің рәсімделмегеніне байланысты, тиісті мемлекеттік қолдауды (ауыл шаруашылық субсидиялар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы кредиттер) алу мүмкіндігі қиынға соққан. Осы мәселе үнемі халықтың наразылығын тудыруда», - дейді сенатор Бақытжан Байахметов.
Айта кетейік, еліміздің Жер кодексінің 143-бабы бойынша ҚР Үкіметі ядролық қару сынақтары өткізілген жер учаскелерін ядролық қару сынағының зардаптарын жою жөніндегі барлық іс-шаралар аяқталғаннан және кешенді экологиялық тексеру жүргізгеннен кейін ғана, яғни мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болғанда ол жерлер меншікке немесе пайдалануға берілуі мүмкін.
Депутаттың келтірген мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың 18 маусымында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ж.М. Қасымбек бекіткен «Бұрынғы Семей полигонының аумағын қауіпсіз жағдайға келтіруді және оның инфрақұрылымын дамытуды іс жүзінде жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының» (бұдан әрі – Жоспар) № 1.1 р/с іс-шарасында, 2019-2021 жылдар аралығында, Семей сынақ полигонының аумағын кешенді экологиялық тексеруді жүргізу, және осы шараларға 806 088 мың теңге сомасында қаражат бөлінгені көрсетіліпті. Алайда зерттеудің нәтижелері ұсынылмаған және тиісті шаралар қабылданбаған.
Сол сияқты осы жоспардың № 6 р/с іс-шарасында Семей сынақ полигонының және оған іргелес аумақты оның жерлерінің бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының жергілікті атқарушы билік органдарына шаруашылық айналымға беруді ескере отырып, кешенді экологиялық тексеру нәтижелері бойынша полигон шекараларын жаңарту көрсетілгені де қозғалды.
«Осы Жоспардың іс-шаралары бойынша атқару мерзімі 2020-2029 жылдар аралығы деп көзделген. Бұл іс-шара 979 мың га жерді ауыл шаруашылығы айналымына тартуға мүмкіндік береді және күтілетін уақыт кезеңі тағы 7 жылды құрап, толық іске асырылуы 9 жылға созылады.
Ал көрсетілген елді мекендерінің пайдаланып отырған жер көлемі 32,6 мың га, немесе 0,03% құрайды, сондықтан осы елді мекендердің жер телімдерін қысқа мерзімде шаруашылық айналымға енгізілсе, шаруашылық жүргізуші субъектілерге агроөнеркәсіп кешенінде субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер түрінде мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік туындар еді және осы елді мекендерде халықтың тұрақтандырылуы да қалыптасатын болады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 2019 жылғы 18 маусымда бекітілген іс-шаралар жоспарына, атап айтқанда, елді мекендер пайдаланатын жерлердің бір бөлігін жергілікті атқарушы органдарға шаруашылық айналымға беру бойынша 2022-2023 жылдар аралығына деп нақты мерзімдерін белгілеу бойынша 6-тармағына өзгеріс енгізу ұсынылады», - дейді сенатор.
Сенатордың көтерген өзекті мәселеге Премьер-Министр Әлихан Смайылов жауап бере келе Семей полигонын қалпына келтіру жөніндегі жоспардың 6-тармағында 2030 жылға дейін жергілікті атқарушы органдарға Семей ядролық сынақ полигоны жерлерінің бір бөлігін шаруашылық айналымға беру ескерілгенін әрі оның жерлерінің және оған іргелес аумақты кешенді экологиялық зерттеу нәтижелері бойынша полигон шекараларын жаңарту көзделгенін мәлім етті.
«2021 жылы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағын кешенді экологиялық зерттеу бойынша көпжылдық жұмыстар аяқталды. Сынақ жүргізілген полигон аумағын зерттеу радиоактивті ластанудың жергілікті сипатқа ие екендігі және оның бүкіл аумағына таралмайтындығы туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ядролық сынақ жүргізілген аумақтан тыс жерлерде де қоршаған орта объектілеріндегі радионуклидтер мөлшері деңгейінің артуы байқалатынын атап көрсету қажет.
Зерттеу нәтижесінде радиоактивті заттардың ағымдағы және ықтимал таралуының негізгі жолдары мен тетіктері де анықталды. Сынақ алаңы болған аумақтың анықталған шекаралары нақты радиоактивті ластануға сәйкес келмейтінін атап өткен жөн.
Энергетика министрлігі сынақ алаңы болған аумақтағы ластанған тұстардың ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кейінгі міндеттерді шешу үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі. Заң жобасы шеңберінде нормативтен артық ластанған жерлерді қамтитын Семей ядролық сынақ полигоны жерлерінде ерекше құқықтық мәртебесі бар арнайы аймақ құру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында», - дейді Үкімет басшысы.
Ал аталған аймаққа мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілгеннен кейін шаруашылық жүргізуге болатын шекаралары мен ауданы белгіленбек.
Сонымен қатар халық үшін радиациялық қауіп төндірмейтін сынақ алаңы болған аумақтың бір бөлігі босалқы жерлер санатынан шығарылып, шаруашылық айналымға берілуі мүмкін. Үкімет басшысының айтуынша ядролық қауіпсіздік аймағы Семей ядролық сынақ полигонының тарихи шекаралары шегінде болады. Заң жобасында оның тарихи шекарасынан тыс жатқан жекелеген аумақтарға кешенді экологиялық зерттеулер жүргізу көзделген.
«Заң жобасы қабылданғаннан кейін ядролық сынақ алаңы болған аумақтың кешенді экологиялық зерттеу материалдары белгіленген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге жіберілетін болады, оның нәтижесі бойынша радиоактивті ластануға ұшырамаған аумағының бір бөлігін шаруашылық айналымға беру мүмкіндігі айқындалады.
Осыған байланысты іс-шаралардың белгіленген мерзімдері осы міндетті жүйелі және дәйекті шешу қажеттілігіне байланысты анықталған. Баяндалғанның негізінде жер учаскелерін шаруашылық айналымға беруді жоғарыда аталған Заңды қабылдағаннан кейін және мемлекеттік сараптамалардың нәтижелері бойынша жүзеге асыруды жөн деп пайымдаймыз», - деп Әлихан Смайылов жауап берді.
Сөзімізді қорытындылар болсақ, қазақ халқына үлкен қасірет алып келген Семей полигоны 1991 жылы 29 тамызда жабылған болатын. Wikipedia мәліметтеріне жүгінер болсақ, ядролық сынақтардың салдарынан 1 миллионнан аса адам зардап шеккен. Дегенмен сала мамандарының зерттеу жұмысының нәтижесіне қарай зияндылығы жоқ жерлер кезең-кезеңімен қолданысқа берілгені жөн...