Елімізде былтыр 50 мыңға жуық отбасы ажырасқан: отбасы институтын қолдау орталығының рөлі мен маңызы
Мұндай орталықтардың негізгі міндеті қандай?
Отбасы – сыйластық, мейірім мен махаббат мекендеген шағын ғана орта, кішкентай Отан деп айтуға болады. Міне осыдан барып «Отан – отбасынан басталады» деген сөз қалыптасқан. Рас, отанды сүю – ең алдымен отбасынан басталады. Себебі, бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы отбасынан бастау алады. Бүлдіршіннің ер жетіп өсуі, еліне адал қызмет етуі, айналасына мейіріммен қарауы, тәрбиелілігі ең алдымен отбасындағы жағдайға байланысты. Отбасында әке-шеше, балалары бір-бірімен сыйластықта, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік болары сөзсіз. Қазақ отбасында әке мен ана – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Ал олардың әлеуметтік жағдайы, тұрақты жұмысының болуы, жеткілікті күйде өмір сүруі тікелей мемлекет назарында болуы тиіс жайттардың бірі. Ал осы мәселені шешу үшін отбасы институтын қолдау орталықтарының қажет екені сөзсіз. Azattyq Ruhy осы мәселеге шолу жасап шықпақ.
Сөз басында мына бір жайтты тілге тиек етіп өтейік. Ғасырлар бойы ата-бабамыз арқылы отбасы институты дамығанмен соңғы жылдары ажырасу көрсеткіші күрт өсіп барады. Мәселен Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне жүгінер болсақ бір ғана 2021 жылдың өзінде 48 239 отбасы ажырасып тыныпты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, ажырасу көрсеткіші қала тұрғындары арасында ерекше көп – 72,2 пайыз, ал қалған 27,8 пайызы ауыл тұрғындарына тиесілі.
Заңды түрде неке қиған жастардың 5,5 пайызы 1 жылға дейін, 1 жылдан кейін 7,8 пайызы, 21,4 пайызы 2-4 жыл аралығында, 26,3 пайызы 5-9 жыл аралығында, 34,1 пайызы 10 жылдан жоғары қарай уақытта ажырасып кетіп жатады екен.
Ал өңірлер көрсеткіші бойынша Астана қаласы алдыңғы орында тұр. Екінші орында – Павлодар, ал үштікті Қарағанды түйіндеп тұр.
Айтпағымыз жастар арасындағы ажырасу көрсеткішінің күрт артуына – олардың әлеуметтік жағдайы белгілі бір тұрғыда үлкен әсер етері сөзсіз. Міне осындай көрсеткіштерден кейін отбасы институтын қолдау орталықтары қажет екені еріксіз ойға оралады.
2019 жылдың 26 тамызында Астана қаласы әкімдігі тарапынан әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынастарды қолдап, жалпы қала тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту үшін «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы пилоттық жоба ретінде ашылған болатын.
Оның қызметінің мақсаты – отбасы институтын жан-жақты қолдау және нығайту, бұл орталыққа жүгінетін отбасыларға әлеуметтік қызметтер мен кеңестер беру, оларға жан-жақты қолдау көрсету, проблемаларының толық шешілуіне көмек беру, халықтың әлеуметтік осал топтарын анықтау. Бұдан бөлек жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасау, көмек сұрап жүгінген азаматтардың өтініштерінің қысқа, орта және ұзақ мерзімді кезеңде орындалуын қадағалау да «Жанұяның» міндеттерінің біріне кіреді.
«Жанұя» орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша қала тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді біріктіріп, қиындығы бар отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді. Аталмыш орталық астаналық отбасыларға бүгінге дейін заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.
Орталықтың хабарлауынша былтыр 432 отбасының проблемасы қаралыпты. Ал психологиялық көмек алатындарға негізінен отбасындағы жанжалдар себеп болуы мүмкін екені анық.
«Орталықта құқықтық, психологиялық кеңес алу, қиын жағдайға тап болған отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу ұйымдастырылады. Осылайша, «Жанұя» орталығына ашылған күннен бастап, яғни 2019 жылдан бері психологиялық көмек алу үшін 798, заңгерлік көмек үшін 5090 адам жүгінді. Мұнымен қоса, көмек алу үшін жүгінген 1800-ден астам адамға әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында және әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өзіне қызмет көрсету мүмкіндігін жасау үшін, өзіне өзі қызмет көрсету секторының жұмысы ұйымдастырылған. Портал бойынша 18 000 астам өтініш қабылданды. Ашылған күнінен бастап Орталыққа 114 921 сұрақ бойынша 110 266 адам жүгінді», - деді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директоры Әсемгүл Садыр.
Бұл келтірілген мәліметтер биыл жыл басында жарияланған болатын. Осыған қарап-ақ астаналықтар арасында сұраныс жоғары екенін байқауға болады.
«Орталық пилоттық жоба бойынша өз жұмысының жоғары сұранысқа ие екенін көрсетіп, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2020 мамырынан бастап коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып ресми түрде жұмыс істеп келеді. Орталық «бір терезе» қағидатына негізделіп, көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және тағы басқа азаматтардың жекеленген санаттарына кешенді консультациялық қызметтер көрсетеді», - деді Әсемгүл Садыр.
Міне осыдан кейін «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының балама нұсқасы еліміздің бірқатар өңірінен ашылған болатын.
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес қазіргі таңда қазақстандық 6 млн 750 мың отбасының жартысына жуығына қолдау керек. Нақты мәліметтерге жүгінер болсақ, 1 млн 145 мың отбасы дағдарыс жағдайында тұрып жатыр, ал 1 млн 600 мың отбасы шұғыл қиын жағдайда.
Аталған санаттағы барлық отбасыларға кешенді көмек көрсету керек. Бұл оларды әлеуметтік оңалту, сүйемелдеу, барлық мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктерді жеткізу, жұмысқа орналастыру, жәрдемақы тағайындауға негіз болса, жәрдемақы тағайындау.
Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары осы мәселелерге қамти отырып, еліміздегі отбасын қолдау орталықтары аз екенін мәлімдеді.
«Қызметтің барлық түрін бір жерден көрсету үшін еліміздің әр ауданында инфрақұрылым, атап айтқанда Отбасын қолдау орталықтарын ашу қажет. Қазір бізде 220 ауданға тек 47 Отбасын қолдау орталығы ғана бар.
Бір ғана мысал. Түркістан облысында 14 аудан, үш қала және 2 миллионнан астам адам бар. 330 мың отбасы төтенше қиын және дағдарысты өмірлік жағдайда тұрады. Зорлық-зомбылық деңгейі де жоғары. Облыс бойынша тек екі дағдарыс орталығы ғана бар. Отбасын қолдау орталығы енді ашылып жатыр. Сонда үшеуі де Түркістан қаласында орналасады. Ал кейбір ауылдардан Отбасын қолдау орталығына жету үшін 7-8 сағат жол жүру керек. Балалары бар әйелдердің, көптеген отбасылардың осынша ұзақ жол жүріп баруға не күші, не ақшасы жоқ. Әсіресе, көмек түнде қажет болып жатса. Республиканың басқа өңірлерінде де осындай жағдай», - дейді мәжілісмендер.
Өкінішке қарай, отбасылардың әлеуметтік мәселелерінің шешілмеуі және оларға уақтылы көмек көрсету мүмкіндігінің болмауы қайғылы салдарларға әкеліп жүр. Отбасындағы зорлық-зомбылық немесе жұмыссыздық, сол сияқты өзге де түрлі қиындықтар кездеседі.
«Тиісті орталықтарды ашу туралы тапсырманы осы жылы Президентіміз Қ.Тоқаев Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада берді. Қызметтер мен көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесінің шешімі «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген. Оған сәйкес әр қала мен әр ауданда Отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу және балалы әйелдерді уақытша тұрғын-жаймен қамтамасыз ету орталықтарын, 2025 жылға дейін барлығы 234 орталық ашу көзделген.
Орталықтарды ашудың мақсаты – отбасыларды қиын жағдайдан шығуы үшін толыққанды әлеуметтік-құқықтық сүйемелдеу және отбасылықтұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Биыл ашылуы керек 45 орталықтың бүгінде 21-і ашылды, тағы 19 орталық жылдың соңына дейін ашылмақ. 2023-2025 жылдар аралығында тағы 158 орталық ашу қажет. Олар жергілікті бюджеттер есебінен ашылады деп болжанған еді. Алайда, өңірлер бізде бұған қаражат жоқ деп хабарлап жатыр. Сондықтан осындай әлеуметтік маңызы бар міндетті толыққанды іске асыру үшін 2023-2025 жылдар аралығында орталықтардың ашылуын орталықтан қаржыландыруды қарастыруды сұраймыз», - деп халық қалаулылары Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Е.Қ. Жамаубаевқа хат жолдады.
Депутаттар өз сөздерінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің есептеулерін келтіре отырып, бір орталықтың шығынын мәлім етті.
«Мемлекеттік органның осы тармағын орындауға жауапты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің есептеулеріне сәйкес бір орталықты құруға және ұстауға 42 млн 685 мың теңге қажет. 2023-2025 жылдар кезеңінде жол картасының индикаторларына қол жеткізу үшін 6 млрд 744 млн 230 мың теңге көлемінде қаражат қажет.
Баяндалғанның негізінде орталықтарды құру және күтіп ұстау үшін Республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға 6 млрд 744 млн 230 мың теңге көлемінде қаражат бөлу туралы мәселені қарауды сұраймын», - делінген депутаттық сауалда.
Сөз соңында айтарымыз, отбасында мейірім-махаббатты, ата-ананың бір-біріне деген сүйіспеншілігін көріп, сезініп өскен бүлдіршіннен болашақта өз отбасына ғана емес еліне де жанашырлықпен қарайтыны сөзсіз. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат, елдің болашағы. Ал отан отбасынан басталатыны белгілі. Отбасына мейірімділік танытқан адамнан ертең білікті маман, еліне жанашыр азамат өсіп шығары анық. Әлбетте бұл өз алдына, алайда отбасылардың жеткілікті күйде өмір сүруі де отбасының беріктігіне белгілі бір деңгейде септігін тигізері сөзсіз. Олай болса отбасылық құндылықтарды насихаттауға жауапты ведомстволар немқұрайдылықпен қарамағаны жөн.