Алматыдағы Медеу ауданы әкімі: «Мен ауылдан шыққаныма намыстанбаймын»
Әкім халық алдында есеп берді
Кеше Azattyq Rýhy ақпарат агентігінің Алматыдағы тілшілері шалғайдағы ауылдың күйін кешкен қаладағы «Думан» шағын ауданындағы халықтың тұрмысы мен сауда орнын саламыз деп 11 мың түп ағашты рұқсатсыз кескен ірі кәсіпкердің әрекеті туралы жазған болатын. Бүгін осы екі мәселеге қатысты Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі үн қатты. Сұлтанбек Мәкежанов бұл мәселенің БАҚ беттерінде дер кезінде көтерілгенін айтты. Қалалық жасыл экономика басқармасы мен аудандық атқарушы билік жасыл желекті отап тастаған кәсіпкерлерге 17 мың түп ағаш отырғызуды міндеттемек. Қазір бұл істі сот қарап жатыр. Алдағы күндері нақты шешім қабылданады, дейді аудан әкімі.
«Жасыл экономика басқармасы сотқа арыз берді. Бірақ бұл шағым екі ай көлемінде соттта қаралады. Кәсіп иелеріне 5 есе көп көлемде ағаш отырғызу міндеттеледі. Қателеспесем, 17 мың ағашты олар қайтадан қалпына келтірулері керек. Мұндай талапты қалалық Жасыл экономика басқармасы қойып отыр. Біздің қателігіміз, соның ішінде жауапты басқарманың қателігі бұл мәселені дер кезінде көтермеуінде. Заңсыз ағаш кесу, құрылыс нысандарының талапқа сай жүрмеуіне байланысты ақпараттарды БАҚ арқылы айтып отыруымыз керек. Қала әкімінің де тапсырмасы осындай», - дейді Медеу ауданының әкімі.
Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, «Апорт» сауда ойын-сауық орталығын салатын компания («EAST LAND» ЖШС- автор) өкілдері тиісті органдарға ағаштың кесілетіндігі туралы құлақтандыру жасамаған. Ол аймақтың адамдарға көрінетін беті қоршаумен жабылған. Соны пайдаланып, күндіз дайындық жұмыстарын жасаған да, бір түнде жасыл желекті отап тастаған. Бұл вандализм. Олар тал-шілік, бұталарды қосқанда 3 мың түп ағаштың көзін құртқан, дейді ауданның басшысы.
Оқи отырыңыз: «11 мың ағашты рұқсатсыз кескен». Алматы әкімдігі ағаш кескен кәсіпкерді тоқтата алмай отыр
Сондай-ақ аудан басшысы «Думан» елді мекенінде соңғы екі жылдан бері шешімін таппаған жол жабындыларына қатысты мәселеге жауап берді. Шағын аудандағы 59 көше биыл жаздан қалмай күрделі жөндеуден өтеді. Отыз мың тұрғыны бар «Думан-1» және «Меркур Град» шағын аудандарының автомобиль жолдарын, тротуарлар және жарықтандыруға мамыр айында қаражат бөлінеді деп күтіліп отыр. Аудандағы «Думан-2» көп қабатты тұрғын үйлер кешені орнаалсқан аумаққа алдағы жылдары 1200 орындық мектеп және 280 орындық балабақша салынады деп жоспарланған, дейді С. Мәкежанов.
«Сіздің ақпараттық агенттік (Azattyq Rýhy - автор) жазғандай, егер жақсы ауыл болса, неге ауыл деп айтпасқа, шағын аудан да жаман емес, ең бастысы сәнді де, мәнді елді мекен болуы керек. Бәріміз де ауылдан шыққанбыз, ауылдан шықтым деп намыстанбаймын. Біз өркениетті ауыл жасаймыз ол жерді. Өткен жылы біздің және тұрғындарымыздың сұрауымен 59 көшеге күрделі жөндеу жүргізу туралы өтініш жолдаған болатын. Бұл сұраныс қаланың автомбиль жолдары басқармасынан қолдау тапты.
Бұл мәселе бойынша шағын аудан тұрғындарымен бірнеше рет кездесіп, детальдық тұрғыдан талқыладық. Біз биыл мамыр айына дейін мемлекеттік сараптама қортындысын аламыз. Жаз айларында күрделі жөндеу жұмыстарына кірісеміз. Жол жабындылары қайта төселеді, «Хантәңірі» орталық көше болғандықтан екі жағы көгалдандырылады. Жаяу жүргіншілер жолы, отыратын орындықтар және жарықтандыру да қоса жасалатын болады. Ал тар жолдардың тек бір шетіне ғана жаяу жүргіншілер жолағы салынады», - дейді Медеу ауданының әкімі.
Оқи отырыңыздар: «Думан». Алматының ішіндегі ауыл
Алматыдағы Медеу ауданында 150 мыңнан астам халық тұрады. Былтыр ауданда 182 млрд теңге игерілген. Осы жылы инфрақұрылымды дамыту бойыша бірқатар жобалар бар. Олардың ішінде «Аққайың», «Мұзтау», «Кеңсай», «Каменское плато» шағын аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге басымдылық берілмек. Осы жобалар жүзеге асса, 2500 жеке үйге су кіргізіледі. Қалада қолға алынған «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 8 бастамаға қаражат бөлінеді. Бұл жоба бойынша «Думан», «Алатау», «Самал» шағын аудандарында балалар алаңы, спорт алаңдары мен шағын саябақтар бой көтереді, дейді 2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық қортындысын таныстырған аудан әкімі.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы