174 адам коронавирус жұқтырған лайнерде 4 қазақстандық азамат бар
Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлім етті
Ресми өкілдің мәліметіне сүйенсек, круиздегі 3700 азаматтың арасында 174 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.
«Жапония жағалауындағы Diamond Princess круиздік лайнерінде 50 мемлекеттің 3 700 азаматы оқшауланғаны белгілі. Олардың ішінде коронавирус жұқтырған 174 жолаушы анықталып отыр. Лайнерде Қазақстан Республикасының 4 азаматы да бар. Олардың жағдайы жақсы, вирустан дін аман», - дейді Диас Ахметшәріп.
Крузидегі карантин алты күннен кейін, яғни, 19 ақпанда аяқталатыны хабарланып отыр. Жалпы, 11 ақпанда Қытайдың 36 қаласынан бас-аяғы 217 қазақстандық елге эвакуацияланған. Олар үш күн бойы дәрігердің қарауында болып, зерттеу нәтижелері жақсы болған соң, ауруханадан шыққан.
«Уханьнан эвакуацияланған студенттеріміз осы алдағы жексенбіде карантиннен шығарылады. Дүйсенбі, 17 ақпанда біз БАҚ өкілдерін сол студенттермен кездесуге шақырамыз. Олар барлық жағдайды егжей-тегжейлі баяндап береді. Уақыты мен өткізілетін орнын қосымша хабарлаймыз», - деді Диас Ахметшәріп.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан