ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Думан». Алматының ішіндегі ауыл (ФОТО)

Ықшам аудандағы «думанды» өмір

Медеу ауданы - Алматыдағы ірі әкімшілік орталық әрі қаладағы ең жайлы аудандардың бірі. Тоқсаныншы жылдары осы ауданның құрамында жаңадан құрылған «Думан» шағын ауданы қарқынмен дамыды. Көктөбенің етегінде, табиғаты ерекше, Шығыс айналма автомобиль жолына жақын, «Халық арена» спорт кешенінің маңында орналасқан елді мекенде баспана құны да аспандап тұр. Халқының саны - 30 мың. Шағын ауданда 1650 жер үй және «Меркур Град» деп аталатын 32 көпқабатты тұрғын үй кешені қоныс тепкен.

Соңғы он жылда бұл шағын ауданның халқы инфрақұрылымның жоқтығына байланысты жиі шағымданатын. Ауыз су құбыры мен кәріз жүйесі тартылмай келді. Қала билігі 2017 жылы 41 көшеге ұзындығы 25 шақырым болатын асфальт, арық және тротуар жүргізуді жоспарлаған.

Одан бұрын елді мекенге ауыз су мен кәріз жүйесін тарту үшін көшелер қазылып, құбырлар салынды. Алайда жергілікті тұрғындар екі жылдан бері лай кешіп, жолдың азабын тартып отырғанын айтып шағымданумен келеді. Бұл жұмыстарды былтыр жазда аяқтап, көшелерді қалпына келтіру жоспарланған. Бірақ, «Думан» шағын ауданындағы көктем келмей жатып саз-балшыққа батқан көшелердің шынайы көрінісі өркениеттен кенже қалғанын көрсетеді. Аzattyq-ruhy тілшісі оқырман назарына ықшам ауданнан фоторепортаж ұсынады.

Қыс және көктем мезгілінде балшыққа батып, ал жаз келсе шаңға тұншығып жататын орталық көше «Хантәңірі» деп аталады. Ол арқылы «Думан» шағын ауданына қоғамдық көліктер қатынайды.

 

Бір жарым жыл бұрын төселген су құбырының беті дұрыс жабылмаған. Ал, қар мен жауыннан соң пайда болған үлкен шұңқырларды бекітуге ешкім асығар емес.

Шағын аудандағы жалғыз мектеп пен балабақшаға апаратын жол қара батпақ. Шағын аудандағы 40-тан астам көшенің көбінде жаяу жүргіншілер мен мектеп оқушыларына арналған тротуар қарастырылмаған.

Көшеде көлік пен адамдар жүретін жол ортақ. Автобус аялдамалары тек орталық көшеде бар, қоғамдық көліктер қалаған жерге тоқтайды.

Балшыққа батқан аяқ киіммен мектепке кіруге болмайды. Оқушылар қосымша аяқ киім әкелуге міндетті.

Елді мекенде көлік жүргізушілері де, тұрғындар да жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілерін немесе жолдан өтуге арналған жолақтардың жоқтығына шағымданады. Түнгі уақытта көшелер жарықтандырылмайды.  

Шағын аудан қалада орналасқандықтан, жалданбалы баспанаға сұраныс жоғары. Екі үйдің бірінде шағын бөлмелер жалға беріледі. Көбінде адам тұрарлықтай жағдай жасалмаған.

Жалдамалы пәтерге сұраныс жоғары болғандықтан, кәсіпкерлер мынандай жатақханалар салады.

Тұрғындар эстетикаға, қоршаулардың біркелкілігі мен коммерциялық нысандар жарнамалық баннерлердің орналасуына мән бермейді. Жергілікті әкімдік те оны қадағаламайды.

Думандағы№172 мектепке бала сыймайды. Оқушыларға арналып 850 орындық қосымша ғимарат салынып жатыр. Ал елді мекендегі кәріз жүйесі мен су құбырына жауапты "Зи-дан" компаниясы асфальт төселгенше ойылып кеткен жол жиектерін бітеп отыруға міндетті.

 

Санитарлық талаптарға сай келмейтін жерде оқушыларға тағамдар сатылады. Оны қадағалап жатқан еш мекеме жоқ.

Шағын аудан толықтай газдандырылған. Бірақ әлі күнге от жағып, қаланың ауасын ластайтын баспана иелері де жетерлік.

Шағын ауданда тоқсаныншы жылдары Алматы облысынан және республиканың өзге аймақтарынан көшіп келген халық көп қоныстанған.

Елімізде көше бойындағы люктерге түсіп, адам қайтыс болу дерегі қоғамдық резонанс тудырса да, орталық көшедегі жүргіншілерге арналған жолдарда қақпағы ашық жатқан люктерді кездестіруге болады

Мынау «Меркур Град» тұрғын үй кешені. 32 көпқабатты тұрғын жайда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ, мұнда да айналаның тазалығына мән берілмейді. Ауыр көліктердің дөңгелегіне жабысқан лай-батпақ тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Алматы қаласы Медеу аудандық әкімдігінен отыз мыңдық тұрғыны бар шағын аудан халқының бүгінгі жағдайына назар аударуды сұрайды. Қаланың ішінде отырса да, инфрақұрылымы дамымаған елді мекенге өркениеттің белгісі жақын уақытта жетеді деп үміттенеміз.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы