ШұғылҚазақстанда коронавирустан жазылғандар саны 106 310-ға жетті

Қазақстанда 174 мың адам зейнетақы төлемдерін алуға өтініш бермеген

Олардың жинақтарының жалпы сомасы 10 млрд теңгеден асады

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда зейнет жасына толған және Қорда зейнетақы жинақтары бар 174 235 адам әлі күнге дейін зейнетақы төлемдерін рәсімдеген. Олардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10,6 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі хабарлады.

«БЖЗҚ зейнет жасына толған, бірақ төлемдерін әлі алмаған азаматтар үшін бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Мысалы, қазақ және орыс тілдерінде SMS-хабарлама, электрондық пошталарға хабарламалар, тіпті мекенжайларына хат-хабарлар таратылып, БЖЗҚ сайты мен әлеуметтік желілерде тұрақты негізде осы тақырып бойынша ақпараттық материалдар жарияланады», - делінген хабарламада.

БЖЗҚ баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, зейнет жасына жеткен азаматтар БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін жергілікті мекенжайлар бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) жүгінуі тиіс.

«Өздерімен бірге жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасын, сондай-ақ банк шоты туралы мәлімет ұсынады. Банк шотына Қор төлемдері мен мемлекеттік зейнетақылар ай сайын бір мезгілде аударылады», - делінген хабарламада.

БЖЗҚ өкілдерінің хабарлауынша, егер зейнеткер шотындағы жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен, яғни, 463 632 теңгеден аспаған жағдайда, бұл.  сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Ал бұл сомадан артық болса, зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріледі.