ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«11 мың ағашты рұқсатсыз кескен». Алматы әкімдігі ағаш кескен кәсіпкерді тоқтата алмай отыр

Басқармадағылар Алматы қаласы аумағында ағаш кесуге мораторий жарияланғанын айтады

Алматыда кәсіпкер 11 мың ағашты рұқсатсыз кесіп тастаған. Аумағы 7 гектарға жуық жердің ағашын жаппай кесіп жатқан азаматты Алматы қаласының әкімдігі де тоқтата алмай отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігінің Алматыдағы тілшісі хабарлайды.

Кесілген ағаштардың орнына сауда және ойын-сауық орталығы салынбақ. Алайда, қала әкімдігі сауда кешенін тұрғызуға рұқсат еткенмен, ағаштарды жаппай кесуге рұқсат құжатын бермеген. Ал, 11 гектар жерді өз меншігіміз деп есептейтін кәсіпкер «тек шіріген ағаштарды ғана кесіп жатырмыз» дегенді айтады. Нақтырақ айтсақ, Медеу ауданының аумағына тиесілі жердегі ағаштар кесіліп жатыр. Орманды алқаптың көз алдында жойылып бара жатқанын көрген экологтар мен әкімдік қызметкері кәсіпкерді тоқтатуға шамасы жетпей жатқанын айтады.

«Құлжа тас жолына жақын жерде орналасқан. Ағаш кесілген жердің көлемі шамамен 7 гектар жер. Рұқсат берілмесе де, «EAST LAND» ЖШС тапсырысымен ағаштар кесіліп жатыр. Ал қожайыны қашып жүр, ұстай алмаймыз. Бұған дейін айыппұл салған едік, нәтиже болмады. Жерді қазып, ағаш атаулыны түп-тамырымен қиратып жатыр. Быт-шыт қылды. Бұларды тоқтата алмай отырмыз», - дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Қайрат Тоқтасынов.  

Аталмыш компания 11 гектар жерге «APORT EAST» сауда және ойын-сауық орталығын салмақ. Алайда, Алматы қаласына тиесілі аумақтағы кез келген ағашты кесу үшін Жасыл экономика басқармасының рұқсатын алу керек екен. Басқарма өкілінің айтуынша, қала аумағында ағаш кесуге мораторий жарияланғандықтан, мүлдем рұқсат берілмейді екен.

Орманды алқаптың тақыр далаға айналғанын қаламайтын қоғам белсенділері бұл жерде жемқорлық бар деп есептейді. Олар бұл оқиғаны қаншама мәрте құзырлы органдарға хабарлағанмен, еш жауап ала алмаған.  

«Бұл жағдайды экологтар болып полицияға хабарлағанбыз. Бірақ, мыңдаған ағашты кесіп тастаған компанияға қатысты Медеу аудандық полиция басқармасы еш бір іс қозғамай отыр. Бұл жерде жемқорлық бар. 11 мың ағашты бір, сосын 300 түп ағашты тағы кескен. Біз әкімшілік іс емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылу керек деп санаймыз», - дейді экобелсенді Салтанат Ташимова.

Әкімдік 2018 жылы санақ жүргізіп, Алматы қаласында 2,3 миллионнан астам сау ағаш барын анықтаған. Ал дау тудырған №106 учаскіде бұған дейін 11 мың түп қара ағаш өсіп тұрған екен.

«Аталған аумақ бойынша ешқандай рұқсат берілмеген және бізге өтініш те түспеді. Алдағы уақытта осы іс бойынша сот болады. Арыз жазылды. Табиғатты қорғау полициясы да өз міндеттері бойынша әрекет етеді. Біздің арызымыз бойынша сот 26 ақпан күні өтеді», - деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы жасыл қорды мониторингілеу және басқару бөлімінің басшысы Олжас Жаңыспаев.

Экологтар мен қала әкімдігі өкілдері «заңсыз ағаш кесті» деп айыптаған компанияға хабарласқанымызда, аты-жөнін айтудан бас тартқан компания басшысы құрылыс жобасына «мемлекеттік сараптамадан» рұқсат етілгендіктен, басқарманың арнайы рұқсаты қажет емес деп санайтынын айтты. Әрі бұл жер телімі жеке компанияның меншігі болғандықтан, ағаштарды кесу/кеспеу мәселесін де өздері шешетінін жеткізді.

Ал, кәсіпкердің әрекетіне қарсылық танытқан белсенділер осы мәселеге байланысты 10 наурызда қоғамдық тыңдау өткізбек.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы