Нұр-Сұлтандағы мектептің біріне Қонаевтың есімін беру ұсынылды
Мегаполис басшысы Алтай Көлгінов бұл ұсыныстар ономастикалық комиссияда қаралатынын жеткізді
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің есептік кездесуінде Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан сөз сөйлеген қала тұрғыны Нұрболат Төлеуқожаев Қонаев көшесінде орналасқан №66 мектепке Дінмұхамед Қонаевтың атын беруді сұрады.
«Биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 75 жылдығы тойланғалы отырғанын баяндамаңызда айттыңыз. Өткенді, жақсылықты естен шығармаған халықпыз. Осы орайда қазақ еліне еңбегі сіңген перзенттердің бірі ретінде Дінмұхамед Қонаевты да ұмытуға болмас. Қазір елордада Қонаевтың атына берілген көше бар. Енді соның бойындағы №66 мектеп-лицейге Қонаевтың есімін беруді ұсынамын», - деді ол.
Сондай-ақ қала көшелерінің біріне биыл туғанына 100 жыл толатын ақын Жұбан Молдағалиевтың есімін беруді ұсынды.
«Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған ақын Жұбан Молдағалиевтың туғанына биыл 100 жыл толады. Өкінішке қарай, Нұр-Сұлтан қаласында бұл ақынның атында көше жоқ. Осыны ескеріп, бір көшеге Жұбан Молдағалиевтің есімі берілсе деген тілегіміз бар», - деді.
Алтай Көлгінов бұл ұсыныстардың орынды екенін айтып, аталған мәселелер ономастикалық комиссияда қаралатынын жеткізді.
Айта кететіні, бүгін «Астана» концерт залының сахнасында қала әкімі Алтай Көлгіновтің тұрғындармен кездесуі болды. Ол бас қалада атқарылған жұмыстарды тұрғындар алдында 30 минуттан аса баяндады. Қала басшысы тізгінін қолына алған бетте, Көлгінов үлескерлер мәселесін қаузай бастаған. «Сақалды құрылысқа» айналған нысандарды аралап, баспанаға ақша құйып алданған адамдармен жүздесті. Содан бері не шешілгенімен бүгін бөлісті. Әкім қаладағы су тасқынына қатысты екі күн бұрын құрылған штаб 14-үйдің мәселесін назарға алатынын айтты.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан