Арнайы орталықтар жексенбі күндері тек шетелдік көліктерді уақытша тіркеумен айналысады
Мемлекет басшысы шетелдік нөмірлі көлік иелеріне 2021 жылдың мамырына дейін уақыт берді
Ақпан айынан бастап Қазақстандағы барлық арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары демалыссыз жұмыс істейді. Ал, жексенбі күндері тек ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінген шетелдік көліктерді уақытша тіркеумен айналысады. Бұл туралы kolesa.kz хабарлайды.
Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары уақытша тіркеуден өтуі тиіс көлік иелеріне мүмкіндік жасау үшін жұмыс кестесіне өзгеріс енгізген. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының берген мәліметі бойынша, 1-29 ақпан аралығында арнайы орталықтар әдеттегідей таңғы сағат 09.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Енді алдағы айда жексенбі күндері де қосымша жұмыс істейді. Алайда, бұл күндері тек ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінген шетелдік көліктерді уақытша тіркеумен айналысады. Бұл күндері жүргізуші куәлігін рәсімдеу, автокөліктерді тіркеу секілді басқа қызмет түрлері көрсетілмейді.
Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы шетелдік көліктерді 2021 жылдың мамырына дейін уақытша тіркеуге қоюға уақыт беріп (көлік иелеріне - ред.), Үкіметке Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін жолмен автокөлік әкелуге жол бермеуді тапсырды.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі уақытша тіркеудегі шетелдік көліктер үшін 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды.