$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.01.2020, 18:48
Қоғам

«Сары түсті арнайы нөмір беріледі» - вице-министр шетелдік көліктерді уақытша тіркеу туралы

Министрлік уақытша тіркеудегі шетелдік көліктер үшін 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды

«Сары түсті арнайы нөмір беріледі» - вице-министр шетелдік көліктерді уақытша тіркеу туралы
Фотоколлаж

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев уақытша тіркеуге алынатын шетелдік көліктерге сары түсті арнайы мемлекеттік нөмір берілетінін айтты. Нөмірдің реттік саны – 18.

«Ішкі істер министрлігі 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды. Сонымен қатар, техникалық паспортта 2021 жылдың 1 наурызына дейінгі жарамдылық мерзімі көрсетіледі», - деді М. Қожаев.

Вице-министр ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінген шетелдік көліктерді уақытша тіркеу шарттарын түсіндірді.

«Уақытша тіркеу үшін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, келесі құжаттарды ұсыну қажет: жеке куәлік, бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмір белгілері, тіркеу туралы куәлік, меншік құқығын растайтын құжаттар және бастапқы тіркеу үшін төлем түбіртегі, мемлекеттік нөмір мен техникалық паспортты дайындағаны үшін төлемдер. Шарттары өте қарапайым, азаматтарға бұл көліктерді заңдастыруға, сондай-ақ қайта өңдеу мен кедендік бажды бір жылға кешіктіріп төлеу мүмкіндігі беріліп отыр», - деді Ішкі істер бірінші вице-министрі.

Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы шетелдік көліктерді 2021 жылдың мамырына дейін уақытша тіркеуге қоюға уақыт беріп (көлік иелеріне - ред.), Үкіметке Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін жолмен автокөлік әкелуге жол бермеуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары