$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.01.2020, 17:58
Қоғам

Заң бар, донор жоқ: трансплантология кезегінде тұрғандардың тізімі қысқарар емес

Адам органын туыстарынан рұқсат алмай-ақ пайдалануға болатын заң бар

Заң бар, донор жоқ: трансплантология кезегінде тұрғандардың тізімі қысқарар емес

Алайда отандық дәрігерлер марқұмның жақындарының алдынан өтпей, ішкі ағзаларын пайдалануға жүрексініп келеді. Мысалы 2019 жылы Алматыда небәрі 1 ғана операция жасалыпты. Ал елімізде бүйрек ауыстыруға кезекте тұрған 2 мың 600 , бауырды күткен 1 мың адам бар. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі заңындағы 169 бап негізінде мәйіттен қажетті ағзаларды рұқсатсыз алуға болады. Алайда бұл заң нормасы орындалмай отыр.

«Заң жұмыс істемей отыр. Егер қарсылық болмаған жағдайда, яғни тірі кезінде ондай өсиетхат қалдармаса, автоматты түрде органын алуға болады. Бұл жерде мен насихат жоқ дегенді айтып тұрған жоқпын. Бізде дәрігерлердің өздерінен де бар. Біз сескенеміз. Егер мәйіттен бір органда рұқсатсыз алсақ, ертең бір арыз түссе, тексеру басталады.

Бұл жұмыстың барлығын тоқтатады деген сөз. Заң бойынша келісім призумпциясы деген бар. Ол туралы нақты жазылған. Бірақ біз туысқандардың келісімінсіз бәрібір ештеңе істей алмаймыз. Мәселе осында. Бізге жоғарыдан қолдау керек. Онсыз тәуекелге бара алмаймыз»,- дейді Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының директоры Болатбек Баймаханов.

Трансплантологтар мәйіттен ағза алу мәселесін бұған дейін де көтерген. Бірақ айтарлықтай өзгеріс жоқ.  Ақтөбе облысында 2017 жылы  22  жастағы жігіт қайтыс болып, дәрігерлер туысқандарына айтпай, оның 2 бүйрегін алған оқиғаны ешкім ұмытқан жоқ.  Жігіттің туыстары олай істеуге рұқсат бермегендерін айтып, наразылық білдірді. Бұл мәселені қарау барысында дәрігерлердің өлген адамның органдарын алуға қақысы бар екені тағы да айтылды. Егер адам өлгеннен кейін донор болғысы келмейтінін жазып, қолхат қалдырмаса, бәрі де заңды.  Елімізде 2011-2019 жылдар аралығында мәйіт  донорлығы 302 адамға өмір сыйлаған.

Соңғы жылдары көрсеткіш екі есеген дейін қысқарған. Алматыдағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының директоры  мұны белгілі бір топтардың ақпараттық теріс насихатының кесірінен деп есептейді. Әсіресе әлеуметтік желілерде мәйіттен орган алудың астарында қаражат пен дәрігерлердің теріс пиғылы жатыр деген хабарламалар көп тарайтын болыпты.  Интернет пен бұқаралық ақпарат құралындағы негативтік ақпараттар қарапайым адамдардың көзқарасына теріс әсер етіп отыр. Олар тіпті «Денсаулық туралы» кодекске өзгеріс енгізіп, мәйіт донорлығын тоқтатуды сұрайтын көрінеді.  

«Әркіммен сөйлесу де оңай емес, туыстарына келіп, рұқсат беріңіз деп, бір тіленші сияқты тұру, олардан «жоқ» дегенді есту бізге оңай еиес. Бұл қарап тұрсаң,  біздің жұмыс емес. Біз алдымызға келген адамға операция жасау керекпіз. Заңда жазылған «келісім презумпциясы» немесе «ықтимал келісім» деген қағида орындалмай отыр.  Жоғарыдан қолдау жоқ, оған мына пропагандистер қосылды.

Біз сіздерді қорғаймыз, жасай беріңіздер десе, біздің команда дайын. Тіпті күні, түні жасауға әзірміз.  Біздің артымызда жылап-еңіреп донорын күтіп отырған қаншама адам тұр. Тек бүйректің өзіне күту парақшасында 2,5 мың, ал диализбен жүрген тағы 2,5 мың адам бар. Олардың барлығына бүйрек керек. Хирург мамандар трансплантация кезінде адам ағзаларын ұрлап, артынан оны саудалайды деген жалған.  Себебі пациенттің ем-домымен қаншама адам айналысады»,- дейді  трансплантолог.

Қазір Қазақстанда адам органдарының трансплантациясымен 9 ірі медициналық орталық айналысады. Барлық операциялар тегін, мемлекет бюджеті есебінен жасалады. Қазақстанда  2012 жылы -1,  2013 жылы - 4,  2014 жылы - 10, ал 2015 жылы бірден 22 адамға жеткен. 2016 жылы ол - 16 болса, 2017 жылы – 11, 2018 жылы-0, 2019 жылы -1 адамға мәйіттен алынған органмен операция жасалған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары