Қытайдан келген қазақстандықтардың анализі Новосібірге жөнелтіледі
Денсаулық сақтау министрлігі шекара қызметінен Қытайға кеткен қазақстандықтардың тізімін алған

Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бүгінгі жедел брифингте Қытайға барып келген қазақстандықтардың бәрінен анализ алынатынын хабарлады. Анализ күдікті болып шықса, зерттеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының орталықтарына жіберіледі.
«Коронавирус елге келіп, таралып кетпеу үшін шекара қыметтерімен бірлесіп біздің азаматтарымыздың тізімін алдық. Тізім аймақтық, облыстық, қалалық денсаулық сақтау басқармаларына жіберіліп жатыр. Қытайдан келген азаматтар мекен-жайы бойынша емханада, амбулаторияда 14 күн бойы медициналық бақылауда жүреді», - дейді ол.
Бекшин мәлім еткендей, Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Қытайдан келген азаматтарды қарсы алудың, тексерудің, емдеуге жатқызудың бірыңғай алгоритімін жасаған. Оған сәйкес, бұның алдында ауру жұқтырып келген азаматтарды әуежайдан қарсы алуды үйрететін оқу жаттығу өткен.
«Осы алгоритм бойынша медициналық қызметкерлер сынамалар алып, күдікті жағдай болса, сараптама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының орталықтарына жіберіледі. Қазір ресейлік әріптестерімізбен келісімге келдік, күн ара ұшақ қатынайтындықтан, сараптамалар Мәскеу және Новосібір қалаларына жіберіледі. Осылайша, адамның ауру жұқтырғанын зертханада дәлелдеуге мүмкіндік туады», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан