«Қорғас» 15 ақпанға дейін жабылады – әкімдік
Алматы облысының басшылығы Үкіметке коронавирусқа байланысты «Қорғасты» уақытша жабу туралы ұсыныс жасаған

«Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы коронавирустың алдын алу мақсатында 15 ақпанға дейін жабылады. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Алматы облысында Қытаймен шектесетін 6 шекара бекеті бар. Бүгін аймақ басшысының тапсырмасымен Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов барлық шекара бекеттерін тексерді. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен отырыстағы хаттаманың тармақтарына ерекше назар аударды», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу бекеттерінде санитарлық-эпидемиологиялық және миграциялық бақылау күшейтілді. Стационарлық тепловизормен жабдықталған медициналық қызметкерлер жіберіліп, обаға қарсы костюмдер, оқшаулағыштар орнатылды.
Алда-жалда науқас адамдарды қабылдаған жағдайда деген мақсатпен Алакөл, Ұйғыр және Панфилов ауданының орталық ауруханаларында қосымша резервтік төсектер орналастырылды.
«Алматы облысының басшылығы соңғы жағдайларға байланысты (Қытайдағы коронавирус – ред.) Үкіметке «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығын уақытша жабу туралы ұсыныс жасады. Үкімет басшысы бұл ұсынысты қолдады. Бұл жерге тек Қазақстан тарапынан келушілердің саны күніне 3.5 мың адамға дейін жетеді. Ал, Қытай тарапынан келушілер саны 7 мыңға дейін. Осыған байланысты «Қорғас» ШҚЫО 15 ақпанға дейін жабылады. Қажет болған жағдайда бұл мерзім тағы да ұзартылады. Қытай тарапы да бұл жағдайды түсініп отыр», - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы