$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.01.2020, 16:45
Қоғам

Ухань қаласындағы қазақ студенттер жақын арада Қазақстанға келеді

Коронавирус өршіп тұрған қалада 94 қазақстандық студент бар

Ухань қаласындағы қазақ студенттер жақын арада Қазақстанға келеді

Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында жедел брифинг өткізген Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті. Қазір Уахань қаласында жүрген 94 қазақстандық жатақханаларынан шықпай отыр. (ҚР СІМ дерегі бойынша 98 студент)

«Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері Қытайдағы Қазақстан азаматтарымен тікелей байланыста отыр. Ерекше назар бөлініп отырған жер – Ухань қаласы. Онда 94 қазақстандық студент бар, олардың бәрімен телефон арқылы тікелей байланыс орнатып отырмыз. Қытай билігі жоғарғы оқу орындарының басшылығына шетелдік студенттерді бақылауда ұстауды тапсырған. Қазір олардың жатақханаларына азық-түлік, керек болса, дәрі-дәрмек тасып отыр», - деді бүгінгі брифингте Жандарбек Бекшин.

Қауіпті  өршіп тұрған Ухань қаласындағы Қазақстан студенттерін елге қайтару мәселесі қазір Үкіметте қаралып жатқаны белгілі болды.

«Үкімет тарапынан бұл мәселе қарастырылып жатыр. Біздің студенттерді қайтару мәселесі қысқа мерзімде шешіледі деп күтіп отырмыз», - деді ол.

Естеріңіге сала кетейік, коронавирустың жаңа түрі көптеп тарап, өршіп кеткен соң, қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жұмысы уақытша тоқтады.

Қазақстанның  Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу туралы және вирустың алдын алу шаралары жөнінде кеңес өтізген болатын.

Ал, Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус салдарынан 56 адам көз жұмғаны белгілі. Басқа 1,9 мыңнан астам адам ауру жұқтырған.

Аталмыш індет Қытайдан өзге, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия және Канада сияқты елдерге де жеткен.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары