Төтенше жағдай: Нұр-Сұлтандағы «Сергек» әзірге тек жылдамдық асырғандарды түсіреді
Оған себеп - қолайсыз ауа райы себебінен жүргізушінің сызықты көрмей қалуы
Елордадағы қарлы боранға байланысты «Сергек» камералары уақытша стоп-жолағы мен қарама-қарсы бетке өтіп кеткен автокөліктерге айыппұл салмайды. Оған себеп - қолайсыз ауа райы себебінен жүргізуші сызықты көрмей қалуы мүмкін. Бұл жөнінде қалалық әкімдікте өткен брифингте Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Шүпеков айтты.
«Стоп-сызықтар мен автобустарға арналған жолақтарды басып кеткені үшін, байқамай қарама-қарсы бетке өтіп кеткендер үшін айыппұл салынбайды. Себебі біз айыппұл жазғанда «Сергектің» арқылы жүргізушінің сызықты басқанын анық көріп, нақты дәлел келтіруіміз керек. Қазіргі жағдайда ол мүмкін емес. Жолақтар қардан көрінбейді», - деді Е. Шүпеков.
«Сергек» камералары ауа райы дұрысталғанша осылай «шала-шарпы» күйінде жұмыс істейді. Әзірге ол жылдамдық асырған көліктерді ғана тіркеп жатыр.
Айта кетейік, бүгін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильн Нұр-Сұлтан қаласы бойынша төтенше жағдай жарияланын хабарлады. Қазір құтқару қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін жетеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан