Тоқаев шетелдік нөмірлі көлік иелеріне 2021 жылдың мамырына дейін уақыт берді
Президент Үкіметке елдегі шетелдік нөмірі бар көліктерді бір ай уақытша тіркеуге қоюды тапсырды

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелдік нөмірмен жүрген көлік иелері 2021 жылдың мамырына дейін көліктерін Қазақстанда тіркеуге қоймаса, елден шығарылатынын ескертті.
«Қазір Қазақстанда Еуразиялық одаққа мүше елдерден жеткен, уақытында тіркеуге қойылмаған автомобильдердің проблемасы бар. Мысалы, біздің азаматтарымыз Ресей мен Қырғызстаннан сенімхат бойынша автокөлік алады. Бірақ, іс жүзінде сатып алып, иесі атанған. Арменияға келсек, біздің азаматтар Қазақстанның заңнамасын бұза отырып, техникалық паспорттар рәсімдеп жүр. Елге енгізілген автокөліктердің көбі тіркеуге қойылмайды. Ондай автокөліктердің саны он мыңдаған», - деді Президент Бас прокуратураға осы оқиғаға құқықтық баға беруді тапсыра отырып.
Мемлекет басшысы ондай автокөліктер техникалық регламентке сай болуы керектігін айтты.
«Бұл мәселені шешу үшін Үкіметке бір ай ішінде бір реттік тәртіппен 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Қазақстан азаматтарының ЕАЭС елдерінен елімізге өздері мінуі үшін әкелетін көліктерін уақытша тіркеуге қоюын қамтамасыз етуді тапсырамын. Осы көліктердің тіркеуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды болады. Ондай автокөліктер техникалық регламентке сай болуы керек. Мұндай көлік иелері тіркеуге жарна мен мемлекеттік салықтарды төлеуі керек», - деді Президент.
Президент Үкіметке Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін жолмен автокөлік әкелуге жол бермеуді тапсырды.
«2021 жылдың 1 мамырына дейін автокөлік иелері кеден салығы мен утилизациялық жарналарын төлеп, автокөліктерін тіркеуге қоюы керек. Болмаса, оны елден шығару керек немесе заңмен рұқсат етілген басқа әрекет жасауы керек. Үкіметке енді Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін жолмен автокөлік әкелуге жол бермеуді тапсырамын. Басқаша айтсам, енді Еуразиялық экономикалық одақ аясында қол қойылатын құжаттардың бәрі ең алдымен Қазақстанның ұлттық мүддесін ескеруі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан