Ұшақ апатынан зардап шеккендер Тоқаевқа «өтемақы төленбеді» деп хат жазған
Президент Үкіметке бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы маңында болған «Bek Air» әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатынан қайтыс болғандардың жақындары мен зардап шеккендер Президентке хат жазған. Шағымданушылар әлі күнге дейін өтемақы төленбегенін айтқан. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мұның себебін Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдан сұрады.
«Маған зардап шеккендерден өтемақы төленбей жатыр деген хат келді. Адамдар ауруханада жатыр. Кейбіреулері жұмысқа жарамсыз. Бұған байланысты не істелініп жатыр?», - деп сұрады Президент.
Ал, вице-премьер оларға көмек беріліп жатқанын айтты.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша ұшақ апатынан қайтыс болғандардың отбасына бюджеттен 4 млн теңгеден бөлінді. Бұдан бөлек сақтандыру компанияларынан өтемақы төленеді. Апаттан барлығы 52 адам зардап шекті. Оларға жергілікті органдар көмектесіп жатыр», - деп жауап берді Р.Скляр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан