$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.01.2020, 15:59
Қоғам

«Істемейтін аппарат, көрпесіз төсек, үрейленген халық»: қазақ-қытай шекарасында не болып жатыр?

Коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен Қазақстанда 8 адам ауруханаға жатқызылған

«Істемейтін аппарат, көрпесіз төсек, үрейленген халық»: қазақ-қытай шекарасында не болып жатыр?
Фото: Әсет Құндақбаев

Айналдырған 1 айда алты мыңнан астам адамға жұғып, 132 адамның өмірін жалмаған коронавирус бүкіл әлемді үрейде ұстап отыр. Мұхиттың арғы бетіндегі Америка Құрама Штаттарына жетіп үлгерген кеселден қазақстандықтардың да қауіптенетін жайы бар. Іргеде жатқан Қытайдан күніне мыңдаған адам қатынайды. Бүгінде көрші елден келген 8 адам вирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылған. Тағы ондаған адам дәрігерлердің бақылауында.

Azattyq Rýhy тілшісі қазақ-қытай шекарасына барып, сол маңдағы ауыл тұрғындарының жай-күйімен танысып қайтты. Сондай-ақ, кеден бекеттеріндегі коронавирусқа қарсы шаралардың қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын көзбен көрді.

Қытайдан келіп жатқандардың саны әлі де көп

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Қытаймен шекаралас аймақта 6 кеден бекеті бар. «Достық», «Қалжат», «Алтынкөл», «Нұр жолы», «Алакөл» бекеттері штаттық режимде жұмыс істеп тұрса, визасыз режімде жолаушыларды өткізетін «Қорғас» ШЫХО Қытайда коронавирус індетінің таралуына байланысты ақпанның 15-не дейін жабылды.

Аталған алты кеден бекеті Үшарал, Ұйғыр және Панфилов аудандарының аумағында орналасқан. Үш ауданда жалпы саны 250 мыңдай халық тұрады. Қауіпті індет күшейсе де «Нұр жолы» кеден бекеті арқылы автобус пен ауыр жүк көліктері екі елге кезек-кезек өтіп жатыр. Тек визасы бар жолаушыларға ғана қызмет көрсететін бұл аймақта күніне орта есеппен 500-ге жуық адам өтеді екен. Коронавирустың өршуіне қарамастан адамдар Қытайға да, Қазақстанға да ағылып жатыр.

«24 қаңтарға дейін Қытайдан Қазақстанға 6 359 жолаушы мен арнайы техникаларды тасыған 3 322 жүргізуші өтті. Орта есеппен күніне 480 адам өтеді. Жолаушылардың басым бөлігі Қытайдан бері қарай келіп жатқандар. Ал, коронавирустың таралуына байланысты бақылау күшейсе де, жүргіншілер тоқтаған жоқ. Кеше Қытайдан бізге 7 автобуспен адам өтті. 30 жүк көлігі кірді. Ал, Қазақстаннан Қытайға қарай 105 жолаушы өтті», - деді «Нұр жолы» кеден бекетінің басшысы Ризабек Қалиаждаров.

Медициналық жабдықтан тек ағаш төсектер ғана бар...

«Нұр жолы» кеден бекетінде қауіпті дерттің алдын алатын мобильді аппараттар мен оқшаулау бөлмелері талапқа сай болмай шықты. Жүк сақтау қоймасының ішінен ашылған оқшаулау бөлмесінде тек төрт ағаш төсектен басқа ешбір медициналық жабдық жоқ.

Бекет басшысының айтуынша, облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінен тапсырыс берілген. Ал, Қытай тарапынан ауру белгісі бар адам келсе қолда бар бұрынғы бір орындық бөлмені пайдалана тұрады.

«Қаңтардың 27-нен бастап кезекшілікте тұрмыз. Қытайдан шыққан жолаушылар мен жүк көліктерінің жүргізушілерін ең бірінші біз қарсы аламыз. Тепловизор арқылы бәрін тексереміз. Жылу түсіргіш құралды адамның маңдайына жақындатқанда оның тепмеретурасын көрсетеді. Барлық жолаушыны тексеріп болған соң  жағдайды шекарашылар мен кеденшілерге баяндаймыз. Бірақ мына құрал істемей қалыпты», - дейді Алматы облысы Панфилов ауданы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының эпидемиолог маманы Қуандық Бекбаев.

Қолдағы қос мобильді тепловизор жұмыс істемесе де, жолаушылар паспорттық тексеру бекеттерінде ілініп тұрған жылу түсіргіш құралдар арқылы өтеді. Егер адамның темперетурасы қалыпты 36,6 градустан артық болса, бірден дабыл беріледі. Арғы беттен асқан адамдарды жіті тексеріп жатырмыз деген кеденшілер кеше қызуы көтерілген 2 жолаушыны бірден оқшаулапты.

«Кеден бекетіндегі оқшалау бөлмесінде бұрын бір төсек болған. Бүгін оны үш адамдық орынға дейін ұлғайтамыз. Одан басқа жүк сақтау қоймасынан 4 орындық бөлме дайындадық. Өзімізде бар дәрі-дәрмекті екі жаққа бөлеміз енді. Медициналық құралдарды, обаға қарсы қолданатын заттарды облыстық мемлекеттік кірістер департаменті беру керек. Қажетті медициналық жабдықтардың тізімін жасап, департаментке жібердік. Олар оны әлі қарастырып жатыр. Қауіпті індеттен сақтану үшін аудандық әкімдіктен де көмек күтіп отырмыз», - деді Ризабек Қалиаждаров.

Вирустың тарауына қарамастан тауар тасымалы артқан

Шекарада автобусқа отырған адамдармен тілдестік. Қытай елінің азаматтары екендігін айтқан қандастар ауру тараса да өздерін ел билігі кері шақырып, жылдам келулерін талап еткенін айтып қалды.

«Шәуешекке кетіп барам. 6 ай болды Қытайдағы әке-шешеме бармағалы. 5-10 күнің аралығында қайтып келем. Ауру туралы естісем де, тәуекелге бел будым», - дейді Дидар Сейіткамал.

Темір жол, автобус және жүк көліктеріне арналған кеден бекеттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. «Алтынкөл» кеден бекетінің басшылары жұмыстың соңғы кезде көбейіп, қарбалас болып жатқанын айтады. Емі жоқ індеттің таралғанына қарамастан тауар тасымалдау көлемі күрт артқан. Мәселен, бұрын «Алтынкөл» өткізу бекеті арқылы тәулігіне 8-9 жүк пойызы Қытайдан бері өтсе, қазір оның саны 12-13-ке жеткен.

Ал, аудан орталығы Жаркент кентінің тұрғындары коронавирустан үрейленіп отырғанын айтады.

«Шошып отырмыз. Жаркентте тұрамыз. Бір-бірімізбен сөйлесе қалсақ айтатынымыз осы ауру. Қорқынышты. Алла өзі сақтасын», - дейді Әсемгүл Қабылешімқызы.

«Вирус келмесе де оның зардабын тартып жатырмыз…»

Қытаймен шекаралас орналасқан Панфилов ауданында 145 мың халық тұрады. Күнкөрісі тікелей шекарамен байланысты жаркенттіктер визасыз режимде жұмыс істейтін «Қорғас» кеден бекетінің 20 күнге жабылуы тұрмысты тұралатуы мүмкін дейді.

«Елдің бәрінің тіршілігі, күн көрісі Қытайдан тауар әкелу, сату. Шекараның ұзақ уақытқа жабылуы халыққа қиын тиеді. Ел саудамен ғана күн көріп отыр. Бізде ферма, үлкен зауыттар жоқ. Қыста қандай жұмыс істейсің? Бұлай ұзақ уақыт шекара жабық болса күн көрісіміз қиындайды. Өйткені, біріміз сол жаққа баратын адамдарды тасимыз. Екіншіміз шекарадан тауар шығарсақ, басқалары сауда жасайды. Жаркенттіктердің күн көрісі осы шекараға тікелей байланысты. Вирус келмесе де оның зиянын көріп жатырмыз», - деп күрсінді Жаркент тұрғыны Жеңіс Сыдықов.

Ал, Алматы облысы әкімдігі өңір тұрғындарын сабырға шақырып, індеттен барынша сақтануды ескерткенін айтады. Әкімдіктің баспасөз хатшысы екі мемлекетке өтіп жатқан жолаушылардың жағдайын жіті бақылауға алып, қажетті құрал-саймандарды жуық арада әкелеміз деп сендірді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары