Қазақстанда 45 200 адамның 180 млрд теңге несиесі толық кешірілген
Олардың қарызы толық кешірілген

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қазіргі таңда 45 200 қазақстандық азамат ресми түрде банкрот деп танылғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл адамдардың қаржы ұйымдарының алдындағы қарызы 180 млрд теңгеге жеткен. Қарыздың басым бөлігі екінші деңгейлі банктердегі несиелер.
«Бұл қарыз түгел кешірілді деуге болады. Бұл заң жеке тұлғалардың қаржылық міндеттемелерін шешуге нақты көмектесіп жатыр», – деді Біржанов үкіметте өткен брифингте.
Банкрот деп танылған азаматтардың ішінде:
- 13 мыңнан астам адам – бес жылдан астам мерзім бойы қарызын өтей алмаған борышкерлер;
- 2,5 мыңға жуық азамат – әлеуметтік тіркеуде тұрған, жағдайы ауыр, табысы төмен отбасылар.
Осылайша, заң 45 мыңнан астам адамның несиелері толық кешірген. Біржановтың айтуынша, банкроттық процесі толық автоматтандырылған және соттан тыс өтеді.
Бұл жүйе адами фактордың әсерін азайтып, шешім қабылдау үдерісін барынша әділ әрі ашық етуге мүмкіндік береді.
«Жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңы тиімді жұмыс істеп тұр. Қайта қарау немесе адам факторына тәуелді шешімдер жоқ», – деді вице-министр.