Үкімет шешімі: Қытайда жоспарланған теннис турнирі Нұр-Сұлтанда өтпейді
3 ақпаннан бастап Қытайға қатынайтын ұшақ рейстері тоқтатылады
Премьер-министрдің ресми сайты хабарлағандай, Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың тарап кетпеуі үшін бірқатар қорғану шараларын қабылдап отыр.
Біріншіден, 2020 жылдың 29 қаңтарынан бастап Қазақстан мен Қытай арасында қатынайтын жолаушылар автобусы тоқтайды.
Екіншіден, 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап ҚР мен ҚХР арасында қатынайтын жолаушылар пойызы тоқтайды.
Үшіншіден, 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы ұшақ қатынамайды.
Төртіншіден, Қытай Халық Республикасы азаматтарына виза беру тоқтайды.
Бесіншіден, Халықаралық теннис федерациясының Қытай Халық Республикасы, Дунгуань қаласында жоспарланған федерациясы кубогының іріктеу матчын 2020 жылдың 4-8 ақпанында Нұр-Сұлтанда өткізу туралы ұсынысы қабылданған жоқ.
Дереккөзге сүйенсек, үкіметаралық комиссия жұқпалы ауруға қатысты өзгерістерді тәулік бойы бақылап отыр. 29 қаңтардағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Республкасында коронавирус жұқтырған азаматтар тіркелмеген. Бұл мәселе ел басшылығының аса бақылауында екені хабарланып отыр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан