$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.01.2020, 17:16
Қоғам

Бауыржан Байбек Атырау жұртымен кездесті

Партия басшылығы Мақат, Жылыой аудандарының тұрғындарының өтінішін тыңдады

Бауыржан Байбек Атырау жұртымен кездесті

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Атырау өңірінің бірқатар аудандарында болды. Сапардың негізгі мақсаты - өңірдің жай-күйімен танысу, қарапайым тұрғындармен кездесу арқылы жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген нақты мәселелерді анықтап, соларды шешуге атсалысу. Сондай-ақ жұртшылықты партияның алдағы жоспарымен таныстыру.

Бауыржан Байбек Атырау басшысы Махамбет Досмұхамбетовпен бірге Мақат ауданына қарасты Доссор кентінен бастап, сондағы «Бірлік» ықшам ауданының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындармен кездесіп, жергілікті жерлердегі өзекті проблемаларды зерделеу арқылы халықтың нақты сұраныстарын ескере отырып, аумақтық бағдарламалар әзірленетініне тоқталды.

2019 жылдың соңында жергілікті БАҚ-та осы елді мекенде өзекті болып отырған теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жайында мәселе көтерілген. Бауыржан Байбек кездесуге жиналған қауымға партияның бұл мәселеден хабардар екенін және оны уақытында шешу шараларын қарастырып жатқанын айтты.

«Естуімше, кент халқының көпшілігі бір жақта тұрады, ал темір жолдың арғы жағында екі мектеп, бір балабақша орналасқан. Сондықтан, қауіпсіздік үшін теміржол арқылы жаяу жүргіншілер көпірі керек деген ұсыныс орынды. Біз облыс әкімімен, мемлекеттік органдардың облыстық басшыларымен бірге осы проблеманы шешу жолын талқылау үшін келіп отырмыз. Жергілікті жерден сайланған депутаттарымыз бар, басқа да мүмкіндіктер бар. Олар халықпен бірлесе отырып, жергілікті жерде жұмыс істеу керек. Оны Елбасымыз да, Президент те айтып отыр. Сол үшін қадағалап, бүгін тиісті кездесулерді өткізіп, осы мәселелерді қараймыз, шешеміз, - деді Бауыржан Байбек.

Қазіргі уақытта облыстық және жергілікті билік өкілдері алдын ала есептер жүргізіп, көпір құрылысы үшін жобалау сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөлу жоспарланған. Оның құрылысын 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр. Бауыржан Байбек нысан құрылысының уақытында аяқталуын және тұрғындар көтерген басқа да мәселелерді партияның облыстық филиалына бақылауға алуды тапсырды. Кездесу барысында тұрғындар көше жарығы, жол сапасы секілді бірқатар мәселелерді көтерді. Б. Байбек оның барлығы партия назарында болып, шешімін табатынын жеткізді.

Партия басшылығы «Доссормұнайгаз» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесіп, өз азаматтарымыздың мүддесін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, шетелдік жұмыс күшін тартуды шектеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысының  Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысында осы мәселе бойынша берген тапсырмасының сапалы орындалуына мән берді. Сондай-ақ Б. Байбек партияның өңірлердегі бастауыш ұйымдарының жұмысын күшейту, олардың атқаруы тиіс міндеттерін тарата айтып берді.

«Партияның бастауыш ұйымдары нақты мәселелерге қатысуы керек деп ойлаймын. Қаладағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселесі сияқты нақты бір мәселе шешілсе құба-құп. Партия мүшелері әкімдерден осыларды талап ете алады. Жақында ғана осы ауданның әкімі есеп беріпті, кейбір адамдар естімей, білмей қалған. Бәрі ашық түрде болуы керек. Біз қазір бес жылдық бағдарламаны талқылаймыз. Содан кейін ішкі партиялық іріктеуді жасағалы отырмыз. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы өңірдегі партияластарды жинаған кезде «әрбір мәслихатта 30 пайыз әйел адам болуы керек. Әр мәслихатта кемінде 20 пайыз жастар болуы керек» деп айтты. Ол деген біздің аналарымыз, қарындастарымыз көтерілу керек деген сөз. Бізде сайлаушылардың 52 пайызы әйел адамдар екен. Ең қиын жұмыстарды да әйел адамдар атқарады. Балабақша, бастауыш мектептің бәрінде әйелдер жұмыс істейді. Әйел адамдардың қоғамдық өмірде белсенділігі бар болса, оларға міндетті түрде жағдай жасау керек. Nur Otan партиясынан басқа билеуші күштің жоқ екенін көбіміз білеміз. Nur Otan - мемлекеттік емес ұйым. Партия үшін министр, әкім барлығы бірдей. Біздің негізгі мақсатымыз - Қазақстанның өсіп-өркендеуі. Біздің ең үлкен жетістігіміз – ел Тәуелсіздігі», - деді Б. Байбек.

Бауыржан Байбек осы бастауыш ұйым жанындағы қоғамдық қабылдауда бірнеше азаматты қабылдап, кент тұрғындарының өтініштерін, көтерген мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.

Партияның жергілікті филиалының төрағасы мен аудан әкімі зейнеткердің өтініші орындалатынына, биыл аурухананың жылу жүйесіне жөндеу жүргізілетінін айтты. Ал аудан тұрғындарын қосымша жедел медициналық көмек бригадасымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге оны орындаудың нақты мерзімі белгіленді. Бұл мәселені Nur Otan партиясының мәслихаттағы фракциясының депутаттары тұрақты бақылауға алатын болды.

Nur Otan партиясыныңның басшылық құрамының Атыраудағы сапары Жылыой ауданындажалғасты. Партия төрағасының бірінші орынбасарымен кездесуге аудан басшылығы, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Бұл кездесуде аумақтарды дамыту бағдарламалары мен партияның сайлауалды бағдарламаларын әзірлеу жайы сөз болды. Кездесуде сөз алған Бауыржан Байбек депутаттық фракцияның жұмысын күшейту, сайлауалды бағдарламаны әзірлеуде жаңа тәсілдерге жүгіну жайын қозғады. Әсіресе, бұл маңызды құжатты дайындауға және оны жан-жақты талқылауға партияластардық барынша белсенділік танытқандары жөн екенін жеткізді.

Іссапардың алғашқы күніндегі қорытынды жиын Жылыой аудандық филиалының партиялық кадрлық резервшілерімен кездесумен аяқталды.

Осы мақсатта үш мәселеге назар аудару айтылды. Біріншіден, ел ішіндегі білімі мен білігі мол, сөзі өтімді, іскер де беделді жандарды партия маңына тартып, оларға өз ойлары мен идеяларын, қарым-қабілетін іске асыруға мүмкіндік беру. Екіншіден, әрбір өңірдің ерекшелігі мен нақты мәселелерін есепке ала отырып, арнайы бағдарламалар жасау, содан кейін осыны халыққа жатық та жеңіл тілмен түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осындай озық саяси технологиялардың бірі ретінде праймеризді атады.

«Біз әрбір өңірде праймериз өткіземіз. Наурызда Саяси кеңестің отырысы болады. Сол кезде праймериз өткізу тәртібін бекітеміз. Қазір пилоттық жоба өтті. Сәуір-мамыр айларында нақты праймериз өткізіледі. Қазақстан бойынша 920 мың адамды ұйымдастырып, халыққа біз мүмкіндігінше өзіміздің саясатымызды түсіндіруіміз керек. Халықты біріктіруіміз қажет. Партия деген құрал. Біздің мақсатымыз - билікке кез келген салада дарынды, адал, білімді азаматтарды келтіру. Бұған ішкі партиялық іріктеу мүмкіндік бермек. Праймериз өткізу тәртібі бекітілген соң оны өздеріңізге жібереміз», - деді Б. Байбек.

Серіктес жаңалықтары