Камчаткада жойқын жер сілкінісі болды
Түн ортасында болған жер сілкінісі бірнеше елді мекеннің тұрғындарын ұйқысынан оятып, жұртты үйлерінен далаға шығуға мәжбүр етті
Камчаткада түн ортасында магнитудасы 6,2 болатын қуатты жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері бірнеше елді мекеннің тұрғындарын ұйқысынан оятқан. Үйлердегі жиһаздар қозғалып, шошынған адамдар көшеге жүгіріп шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy SHOT Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 01:15-те тіркелген. Эпицентрі Петропавл-Камчатский қаласынан 72 шақырым қашықтықта, Бакенинг тауы маңында орналасқан. Ал жерасты дүмпулерінің ошағы шамамен 189 шақырым тереңдікте болған.
Қатты тербелісті Петропавл-Камчатский, Мильково және Вилючинск қалаларының тұрғындары сезген. Куәгерлердің айтуынша, бастапқыда дүмпулер онша қатты болмағанымен, уақыт өте күшейе түскен. Үйлердегі жиһаздар мен интерьер заттары қозғалып, кейбір тұрғындар болған жағдайдан шошып, түн ортасында пәтерлерінен шығып, далаға асыққан.
Бірнеше рет сезілген күшті дүмпуден кейін жер астындағы белсенділік біртіндеп бәсеңдеген. Жергілікті тұрғындар түн ортасында күтпеген жерден болған жер сілкінісінен алған әсерлерімен бөліскен.
