Бүгін, 02:07
Әлем

Илон Маск бір тәулікте 39,7 миллиард долларға байыды

Tesla мен SpaceX акцияларының қымбаттауы нәтижесінде кәсіпкердің байлығы бір күнде 39,7 миллиард долларға өсіп, 859 миллиард долларға жеткен

Илон Маск бір тәулікте 39,7 миллиард долларға байыды
Фото: Instagram/elonrmuskk

2026 жылғы 27 қарашадағы сауда қорытындысы бойынша Илон Масктің байлығы 39,7 миллиард долларға (4,8 пайызға) өсіп, 859 миллиард долларға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Bloomberg-ке сілтеме жасап. 

Агенттіктің «Миллиардерлер индексі» таратқан мәліметке сүйенсек, Маск әлемдегі ең бай адамдар тізімінде көш бастап тұр. Оның ең жақын бәсекелесі – Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос. Оның байлығы шамамен 364–373 миллиард долларды құрайды. Яғни Масктің капиталы одан екі еседен астам көп.

Кәсіпкер байлығының күрт өсуіне Nasdaq қор биржасында оның негізгі екі компаниясының акциялары қатар қымбаттауы себеп болған. Атап айтқанда, Tesla акциялары 5,22 пайызға өсіп, бір данасының бағасы 400 долларға жетті. Ал SpaceX акцияларының құны 4,83 пайызға артып, 133,59 долларды құрады.

Айта кетейік, Forbes журналының бағалауынша, Масктің байлығы бұдан да жоғары – 862,8 миллиард доллар. Бұл көрсеткіш бір тәулікте 39,3 миллиард долларға өскен.