Еуропада қыс қаһарына мінді: жолдар жабылып, көлік қозғалысы тоқтады
Австрия, Германия және өзге елдерде қар құрсауы салдарынан жолдар жабылып, мыңдаған үй жарықсыз қалды
Атлант мұхиты мен құрлықтың оңтүстігінен келген циклондар Орталық және Оңтүстік Еуропаға қалың қар әкелді. Салдарынан жүздеген жол-көлік оқиғасы тіркеліп, электр жарығы өшіп, көлік қатынасы үзілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап.
Еуропадағы жағдай күрделенді
Қолайсыз ауа райы Еуропаның бірнеше аймағында күрделі жағдай туғызды.
Австрия. Бір күннің ішінде Венада шамамен 18 сантиметр қар жауды. Бұл соңғы 30 жылдағы қараша айында тіркелген рекордтық көрсеткіш болды. Қар құрсауы мен жол апаттарына байланысты елорда маңындағы A21 айналма тасжолының бір бөлігі жабылды. Швехат әуежайында ұшақтарды мұздан тазарту жұмыстарына байланысты рейстер кешіктірілді. Ал Каринтия аймағында мыңдаған үй электр жарығынсыз қалды.
Словакия мен Чехия. Братиславада ондаған жол апаты болып, төбелі аймақтардағы жолдар жабылғаннан кейін ауа райы қаупінің екінші деңгейі жарияланды. Словакиядағы D1 тасжолында көліктер соқтығысқан соң елдегі ең ұзын жол тоннелі – Вишнове жабылды. Чехияның оңтүстігіндегі Моравия аймағында қар жауып, жүк көліктері қатысқан ондаған жол апаты мен кептеліс тіркелді.
Италия мен Словения. «Ксела» циклоны ойпатты аймақтарға қыс мезгілінің ауа райын әкелді. Ал Италия Альпілерінде қар жамылғысының биіктігі кей жерлерде 90-110 сантиметрге жетті.
Польша және Солтүстік Атлантика. Польшаның оңтүстік аймақтарында боран соғып, қар қалыңдығы тағы 30 сантиметрге дейін ұлғаюы мүмкін. Одан кейін ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендейді деген болжам бар. Сонымен қатар Исландияға қарай Атлант мұхитынан келген циклон жақындап, сулы қар жауып, желдің екпіні секундына 160 метрге дейін жеткен.
Германия. Қарлы бораннан ең көп зардап шеккен аймақ – Бавария. Мұнда қар жаууы салдарынан 400-ден астам жол апаты тіркеліп, автобандардағы қозғалыс тоқтап қалды. Әскери техника қатысқан жол-көлік оқиғалары да болды.
Қар жамылғысы және алдағы күндерге болжам
Германияның метеорологиялық қызметінің (DWD) мәліметінше, қар ең көп Альпі тауларының бөктерінде жауған. Кей жерлерде қар қалыңдығы 10-19 сантиметрге жеткен. Сонымен қатар Саксония, Тюрингия, Бранденбургтің оңтүстігі мен Балтық теңізінің жағалауындағы аудандарда аздаған қар жауып, көктайғақ байқалған.
Синоптиктер бірінші Адвент мерекесі қарсаңында ауа райы қайта құбылатынын ескертті. 30 қараша, дүйсенбіге қараған түні аяздың орнына жаңбыр әкелетін жылы ауа фронты келеді деп болжанып отыр.
Жердің қатты тоңазуына байланысты Баварияда, сондай-ақ Германияның батыс және шығыс аймақтарында күшті көктайғақ болуы мүмкін.